Қазақтың ән-күйін, тұрмыс-салтын зерттеген орыс этнографы Григорий Потанин: "Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді" деп тамсаныпты. Рас, кең даланы мекендеп, еркін өмір сүрген халқымыздың бүтін болмысының өзі әнге-күйге айналып кеткен. Жиырма жыл бұрын "Ұлытау" атты аспапты этно-рок стиліндегі музыкалық ұжым Голливудта өткен Бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды. Құрманғазының "Адай" күйімен қазақтың қара домбырасын мұхиттың арғы бетіне таныстырып, америкалықтарды таң қалдырды. Одан бері де қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, сиқырлы дауысымен әлемді табындырған алтын дауысты әнші Димаш Құдайберген азуын айға білеген сол Батыстың сахнасында ұлттық аспабымыздан күмбірлете күй төгіп, халық әндерін нақышына келтіре орындап, жаһаннан жиылған жұрттың жанарын жасқа толтырды. Осыдан соң әлем қазақтың төл өнерін, соның ішінде ұлттық музыкамызды мойындамай көрсін...

Таяуда жас әнші, сазгер, Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған "Жігер" этно-фальклорлық ансамблінің жетекшісі Руслан Бурабай қара домбыраның қасиетін әлемге тағы бір паш етті. Американың Техас штатында өткен "ARTIVITIES seassons" Халықаралық көпжанрлы онлайн конкурс-фестиваліне өзінің "Талас" күйімен қатысып, "Халықтық орындау" жанры бойынша І орынды иеленді. Бұл – ауданымыз үшін ғана емес, еліміз үшін де сүйіншілейтін жағымды жаңалық, үлкен жетістік. 

Руслан Бурабай Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжнің және Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің халық аспаптар бөлімін бітірген. 2016 жылдан бері Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде қызмет істеп келеді. Жігерлі жас 2017 жылы "Жігер" этно-фальклорлық ансамблін құрып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұрамызды жаңғыртуды қолға алыпты. Қазір сол "Жігердің" жетекшісі және мәдениет үйі жанынан ашылған домбыра үйірмесінің ұстазы. Құрамында он адамы бар "Жігер" этно-фальклорлық ансамблі құрылғаннан бері жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтсақ, 2017 жылы Қазалы ауданында өткен "Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың" атты облыстық фальклорлық ансамблдердің байқауында Раманқұл Әуезов атындағы арнайы жүлдені иеленсе, 2019 жылы Жамбыл облысында өткен "Көне Тараз күмбірі" атты республикалық байқауда Ықылас Дүкенұлы атындағы арнайы жүлдені жеңіп алды және сол жылы қыркүйек айында Қызылорда қаласында өткен "Қорқыт және ұлы дала сазы" атты халықаралық фестивальда жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, дүние жүзінен жиылған түркі тектес туысқан халықтарды тәнті етті. Сонымен бірге Руслан Бурабай қазірде өзінің жеке шығармашылығына ден қойып жүр. Үлкен сахналардан орындалып жүрген бірнеше ән мен күйдің авторы. "Шабыт" және "Тәуелсіз Қазақстан" атты екі күйі "Қазақ күйлерінің энциклопедиясына" енген. 

– Менің өмірім өнермен егіз. Қазірде мамандығым бойынша сол өнер саласында қызмет етіп келемін. Мен өмірімді әуенсіз елестете алмаймын. Соның ішінде ұлттық бояуы бар әуендер жаныма жақын және ұлттық музыкалық аспаптармен орындалатын халық әндері мен жеке авторлық күйлерді хал-қадірімше насихаттап келемін. Қазірде өзім жетекшілік ететін ансамблді құрғандағы негізгі мақсатым да сол болатын. Бұл бағытта әлі алда жоспарлар бар, сол арқылы жұмысымызды жалғастыра береміз.

Таяуда Америкада өткен "ARTIVITIES seassons" Халықаралық көпжанрлы онлайн конкурс-фестиваліне өзімнің авторлық туындымды қосып, "Халықтық орындау" жанры бойынша І орынды иелендім. Әрине, өнердің ордасынан, тіпті облыс орталығынан шалғай жүрген мен үшін бұл күтпеген қуаныш болды. Алайда, жақсы туынды қашанда өз бағасын алады ғой. Бұл менің талантыма беріліп тұрған баға емес, қазақ өнеріне көрсетілген құрмет деп білемін. Ал орын алған шығармаға келер болсақ, "Талас" күйі аты айтып тұрғандай, сан ғасыр бойы қазақ халқының басынан өткізіп келе жатқан аумалы-төкпелі жаугершілік заманды, талас-тартыспен өткен өмірін суреттейді,  – дейді Руслан ініміз.

Бір кездері ұстазға шәкірт болып, республикалық "Бозторғай" шығармашылық конкурсының лауреаты, республикалық "Күй құдіреті" байқауының жүлдегері, делфильік ойындардың жеңімпазы және басқа да көптеген халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған Руслан Бурабайдың өзі де қазір шәкірт тәрбиелеп жатыр.  

Тағы да оқыңыз: