Kyzylorda-news.kz. «Алтын алқалы» батыр ана Бұрыш әже биыл сексен алтыға аяқ басты. Құдай қосқан қосағы Теңізбай екеуі сегіз ұл мен қызды өсіріп, тәлімді тәрбие берген өнегелі жандар. Бұл күні балалары өз алдына керегесі мықты шаңырақ құрып, оның отағасы мен отанасы атанып отыр. Бүгінде немере мен шөберенің қызығына тоймай, шаттанып отырған кейуана «Бар байлығым – ұрпағым» деуден жалықпайды.

Бұрыш Байдосқызы Арал ауданына қарасты болған Ұялы ауылының тумасы. Керегесі кең отбасындағы бес баланың тұңғышы. Оның ізінен екі сіңлісі мен екі інісі ерген. Жан дүниесі мейірімділікке толы анасы – Аққан бар баласын жастайынан еңбекқорлыққа баулып, үй тірлігіне бейімдеген. Осындай үлгілі шаңырақта тәрбиеленген ол бойжетіп, ауылдасы Теңізбай Әбдіқаниұлына тұрмысқа шыққан соң жары екеуі ел басына қиындық түскен уақытта жерлестерімен қатар тылда еңбек еткен. Сол кездегі өздеріне тапсырылған жұмыстың ауыр, жеңілдігіне қарамай, бар күш-жігерін жұмсап орындауға тырысатын олар таңның атысы, күннің батысы деместен тынбай жұмыс істеген. Араға уақыт өте Қазалы ауданына қоныс аударады. Жолдасы ол шақта құсханада қасапшы, әрі күзетші болған. Өз ісіне адал жан бір жерде тапжылмай, зейнеткерлікке шыққанша бір мекемеде тер төгеді. Ерлі-зайыпты екеуі көппен бірге елдің экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан. Бұрыш апаның қыздары – Сақыпжамал, Бәдігүлжамал, Мейрамкүл, Жанат, Роза және ұлдары Асылбек, Мейрамбек, Мұхамбетияр аналарының үнемі хал-жағдайын сұрауды әдетке айналдырған. Олар мереке күндері арнайы құттықтап, қуантып отырады. 

«Ол кезде жұмыс таңдап отыратын заман емес қарағым. Тапсырылған істі аяқсыз қалдырмауға бар қуатымызды жұмсадық. Үкіметтің жұмысынан босаған сәтте тоқыма тоқып, қолғап та тігетінмін. Түс киіз бен текемет бастық. Күйеуім балық аулайтын. Мен ау тоқуды да жақсы меңгергенмін. Инеағашпен су тасып, от жағатын да едік. Қазір шүкір жағдай жақсарды. Біздің кезінде істеген істеріміз немерлерімізге ертегідей көрінеді. Лайым, осындай жайлы жағдайда өмір сүре берсін», – деген ақ ниетке толы тілегін жеткізді ақ жаулықты әже. 

Бір шаңырақ астында бірнеше жыл ағайынды екі жігіт Теңізбай мен Егізбай қатар тұрған деседі. Абысынды-келінді Бұрыш пен Кәдір татулығы сонша бір-бірімен сөзге келіп, «керілдескен кезіміз болмады» дейді кейіпкеріміз. 

«Келін болып түскен жылдары қайын апам Күмісаймен бірге тұрдық. Балаларымның көбісін сол кісі бақты. Одан кейін екі келін бір үйде болдық. Балаларымыз аралас-құралас өсті. Бір-бірімен өте тату болды. Менің балам, сенің балаң деген сөз жоқ еді», – деп өткен күнді еске алған Бұрыш әже бүгінде кенже ұлы Мұхамбетиярдың қолында тұрады. 

Шаңырақтағы келіні – Гүлзаһира енесінің жағдайын жасаудан алдына жан салмайды. Ақ батасын алып, ас-суын уақытылы беруді әдетке айналдырған. Немерелері де әжесінің қолғанаты. Бірі жастығын түзеп, екіншілері киімін кигізіп, асты-үстіне түседі. 

«Анамыз өте сабырлы адам. Артық сөзі жоқ. Үнемі күлімсіреп отырады. Үлкен адам болған соң уақытылы денсаулығын қадағалап, дәрі-дәрмегін береміз», – дейді келіні Гүлзаһира. 

Бірнеше рет қауіп-қатерден аман қалған батыр ана өткен күндегі бір жайсыз жағдайды да естен шығармаған. 

«Шымкенттің Мангент қаласынан жүрдек пойызға отырғалы тұрғанымызда теміржолда келе жатқан пойыздың доңғалағына желмен ұшқан көйлегімнің етегі абайсызда ілініп кетті. Біраз жерге дейін мені сүйреп кетті. Қасымдағылар мені өлді деп ойласа керек. Ес-түссіз, үсті-басым қанға бөккен екенмін. Есімді ауруханада бірақ жидым. Сол кезде ұзақ жатып, ем алдым. Алланың қалауымен бір өлімнен қалған жайым бар. Одан кейін де талай қиындықты бастан өткердік ғой. Бүгінгі күнмізге шүкір. Осындай тәтті балаларымның ортасында аман-есен отырмын», – деген кейуана немересінің маңдайынан сүйді. 

Еңбекпен есейген кейуана: «Маңдай термен тапқан несібенің берекесі бар. Ешқашан біреудің алажібін аттамай, әділ өмір сүрсең, пейілің кең, көңілің таза болса, Алла дегеніңе жеткізеді», – деп балаларын үнемі адалыққа баулып отырады.

Тағы да оқыңыз: