Kyzylorda-news.kz «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 15 жылға жуық уақыт аралығында мемлекетке де, жас мамандарға да тиімді екенін дәлелдеуде. Тиімдісі сол, жоғары оқу орнын бітірген, қолында дипломы бар жас мамандар ауылға барса, мемлекет есебінен біржолғы көтермеақы ала алады. 

Сондай-ақ аз пайызбен несие беріліп, сол қаржыға жергілікті жерден тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік бар. Жағдайын жасаған жас маман өз саласы бойынша мамандығымен жұмысын ауылда жалғастыра береді. 2009 жылдан бастау алған бағдарлама аясында өткен жылы Шиелі ауданы бойынша 80 маманға 414 миллион теңге қаржы бөлініп, тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Тарқатар болсақ, 44 маман білім саласы, 24 маман денсаулық саласы, 4 маман мәдениет және спорт саласы, мемлекеттік қызметшілер 2 маман, агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша 6 маман алған.

ЖОБАҒА ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ...

Осы тұста "Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? Талаптары қандай? Шектеу бар ма? деген сауалдардың да туындауы заңдылық. Осы және өзге де сұрақтарды Шиелі аудандық экономика және қаржы бөлімінің жетекші маманы Ғазиза Нұрланбекқызына қойған едік. Сонымен…

– Көпшілік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы тек қана жастарға, жоғары оқу орнының биылғы түлектеріне арналған жоба деп түсінеді. Бұл – қате пікір, қате түсінік. Бағдарламаға қатысу үшін жап-жас болу, университет немесе институт бітіру міндет емес. Маманның жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Сондай-ақ, колледж түлектері де қатыса алады. Маманның оқуды қашан аяқтағаны да маңызды емес. Ең бастысы ауылды көркейтуге үлес қосуды мақсат етіп, ауыл үшін қызмет еткісі келетін әлеуметтік саланың маманы болуы тиіс. Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының және мал дәрігері маманы бағдарламаға қатыса алады. Бір айта кетіні, кем дегенде 3 жыл ауылда тұруы тиіс. Пәтері болмауы керек, – дейді жетекші маман.

ЖОСПАР ЖӘНЕ ЖҰМЫС

Шиелі ауданы бойынша биыл бағдарламаға 25 маманды қамту жоспарланып отыр. Бірақ әлі де өзгерістер енуі мүмкін. 

– Бұл мақсатқа бөлінген қаржы 618 миллион 410 мың теңге. Тиісінше бұл қаржыда да өзгерістер болуы ықтимал. Жалпы соңғы жылда мамандар бағдарламаға белсенді қатысып жатыр. Мысалы, өздеріңізге мәлім өткен жылы 80 маман қатысып, тиісті 414 миллион теңге қаржы бөлінді. Сәйкесінше қоныс тойын тойлады. Оның ішінде мұғалімдердің үлесі көп. Содан кейінгі орында денсаулық саласы тұр, – дейді Ғазиза Нұрланбекқызы.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін өтініштер, әсіресе, жыл аяғына таман, желтоқсан айында көбейеді екен.

– Мамандар қай кезде жазса да, өтініштері қабылданады. Жыл аяғында жазылған өтініштер келесі жылға кезекке қойылады, – дейді ол.

ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТКЕНДЕР

Бағлан Асқаров – "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен туған жеріне келіп, еңбек етіп жүрген жас маманның бірі. Ол – Шиелі іргесіндегі Талаптан ауылдық округіндегі ветеринариялық пунктінің ветеринар фельдшері. 2021 жылы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжін тәмамдап, "Ветеринария" мамандығын алып шыққан. 

– Әуелгіде көп ойландым. Қалада қалатындай мүмкіндік те болды. Бірақ ауылға біз сияқты жастар барып жұмыс істемесе, ауылды кім көркейтеді? Менің мамандығым бойынша ауылда маман жоқ десе де болады екен. Ветеринария – өте жауапты жұмыс. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келгендіктен, әлеуметтік жағдайымызға алаңдамадық. Тұрақты жалақыдан бөлек бір реттік жәрдемақы төледі. Тұрғын үй алуға мүмкіндік қоса бар. Өткен жылы баспаналы болып, бөркімді аспанға айтқан жайым бар. Осы қамқорлық үшін ризашылығым шексіз, – дейді Бағлан Сейдахметұлы.

Осы көпке шапағаты тиген «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп, ауылға оралған мұғалімнің бірі – Аида Айтбаева. Ол – Шиеліге қарасты Тұран Датқа ауылдық округінде орта мектепте оқушыларға білім нәрін құюда.

Болашақта тәжірибелі, ұлт ұстазы болуды армандайтын Аида бүгінде өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүр. Жас маман өзі сияқты қатарластарын елді мекендерге барып еңбек етуге шақырады. «Адал еңбек еткен адамның қай жерде жүрсе де жетістігі зор, болашағы жарқын болады», – дейді ол. 

Фото: freepik.com

Тағы да оқыңыз: