Kyzylorda-news.kz. Ұлы ойшыл Әл- Фараби: «Адамның мүшесі ауру болса, дәрігер емдейді, ал қоғамның жан дүниесіне түскен сырқат орасан кеселді болады» деген екен. Қоғамдағы болып жатқан кеселді сырқаттардан арылу үшін ұрпақ тәрбиесі бірінші кезекте екені айтпаса да түсінікті. Ұрпағы тәрбиелі қауымның ұлысы мықты, іргесі берік, шаңырағы биік, түлігі түгел, берекесі баянды, тірлігі байсалды болатыны әлдеқашан дәлелденген аксиома. Бұрынғы бабаларымыздың бір ауыз аталы сөзінің астарында атан түйе тарта алмайтындай жүк жататынын да білеміз. Міне, осындай аузы дуалы, Алланың мейірі түскен адал жанды іздейміз, және оған лайық адам кім деген сұрақ та туып жатады. Мен өзім бұл сұраққа жауап берсем деймін. Балалық шағын отан соғысы кезінде тылдағы соғыс ызғары қарып өткен, қиын-қыстау кезеңдегі азаматтың өрлеу жолындағы қайталанбас ерекшеліктері, кемтарларға қамқорлығы, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етіп, таланты өзгелерден өзгеше өмір өрнегінің көркемдігіне аса бай, қоғамымыздың игі істеріне бір кірпіш болып қаланып жүрген, бір өзі бір әлем, бір өзі қазына аралы аңыз адам, абыз ақсақал Шәкірат Дәрмағамбетов аға деп жауап берер едім.
Шәкірат Дәрмағамбетов 1928 жылы 28 желтоқсанда қазіргі Қаратерең ауылдық округінде дүниеге келген. Әкесі Дәрмағамбет 1942 жылы еңбек армиясы қатарына алынып, Қарағанды шахтасында еңбек еткен. Бұл соғыс басталғалы өңірден әскерге аттанған үшінші лек болатын. Сөйтіп, ауылда өңкей шал-шауқан, бала-шаға, жесір әйелдер қалған-ды. Ауданнан келген өкіл «Жұмыс істеңдер. Берілген тапсырманы орындаңдар» десе керек, дікілдеп. Мына сөзден соң жаны бар адам айлаққа қарай бет алады. Солардың арасында әкесінің қу қайығына ие болып қалған 13 жастағы бала Шәкірат та бар еді.
Мамыр айынан бастап, тұман жапқан қарашаға дейін үйді, мектепті де көрмей аулаған балықтарын айлаққа әкеліп өткізу. Аз уақыт ішінде кір-қоңдарын жуып, ес жию. Бригадирдің еңбек ақысына берген бес-алты балығымен қоса «үрлен» деп аталатын азық-түлік алатын талонды береді, оны жағалаудағы апа, қарындастарының қолына тапсырып, тағы теңізге қарай беттейді. Бір күні колхоз бастығы жиналыс жасап, аудандағы трест директоры Мәскеу Қожекеевке хат жазып, мемлекеттік жоспарды орындау үшін, маңайына баруға рұқсат жоқ Николаев аралының маңынан балық аулауға Қорғаныс комитетінен рұқсат алады. Сөйтіп Қаратереңнен теңіз төріндегі аталмыш аралға қарай бет алады. Басшылары Бұғыбай Қожанов ақсақал өзі мінген кемеге тоғыз қайықты тіркеп, ауа райы бұзылмаса екен деп тілегін тілеумен болған екен. Құдай сақтап дауыл болмай, аман-есен Николаев аралына жеткен. Балықшылардың айтуы бойынша жағалауға жақындауға болмайды. Бұл өкіметтің құпия жеріне жататынын, су бетіндегі қалқы тізіліп тұрған ұзын белдеу-бояқтан аспау керек. Бұғыбай ақсақал «Теңіз шөбі» деп аталатын қалың шалаңның тұсына зәкір тастады. Балық керемет мол. Ауға топырлап түскен шемая деген балықты қайыққа толғанша аударып, кемеге әкеліп трюмдегі тұздаушы қыз-келіншектерге әкеліп тапсырады.
Бір күні Бұғыбай ақсақал бала Шәкіратпен бірге балық аулап жүрген Бүркітәлі деген баланы шақырып алып, «Мына жартастардағы қарабайырдың ұяларына жыпқыл-жыпқылмен өрмелеп, жұмыртқаларын жинап алып келіңдер, мына шемаяның сорпасына мезі болған ағаларыңды тосын тамақпен тойдырайық. Бірақ жартастың үстіне шығуға болмайтынын қоса ескерткен. Тапсырма бойынша екеуі етектен жоғары қарай өрмелеп, жартастың орта беліне жетпей-ақ төрт дорба жұмыртқаға толды. Жартастың басына шыққанын байқамай қалған олар, етпеттеп жатып қараса, жайылып жүрген сандарына мөр таңба басылған жылқыларды көреді. Сол кезде алыстан атылған мылтықтың дауысы «гүрс» ете қалады. Зәре-құты қалмаған екеуі буыны қатаймаған ботадай тарпақтап төмен түседі. Келгеннен соң мұны естіген Бұғыбай ақсақал қыр басына шығуға болмайтынын ескерткенін айтып ренжиді. Балықшылар кеменің трюмін және тоғыз қайықты шемаяға лық толтырып, ауылға қарай бет алғанда ғана теңіз төріндегі Николаев аралы ондағы жайылып жүрген жылқылар және жартасты жаңғырта атылған оқ бала Шәкіраттың ойынан бір кеткен жоқ еді. Құпия әрі жұмбақ бұл жайттар оған 1948 жылы белгілі болды. Бұл «Бархан» деген шартты атауға ие, әскери биохимиялық полигон орналасқан Возрождения аралы еді.
Құран Кәрімде «Жақсылық жасаңдар, шын мәнінде Аллаһ игілік жасаушыларды жақсы көреді» делінген. Сол сияқты Шәкірат аға жас болса да жетімдерді жебеп, кемтарларға қамқорлық жасауды өзіне басты парыз деп санаған екен.
Енді Шәкірат ағаның өзін сөйлетсек.
– Балық аулап тапқан ұрланымызды алып, зат алуға барғанбыз. Мен сыртта қалып қойдым да, Бүркітәлі дүкенге кіріп кетті. Асыл деген дүкенші «Мына ұрланды қайдан алдыңдар, мүмкін ұрлық шығар. Кетіңдер» деп сауда жасатпады. Осы кезде Мектеп әкеміздің әйелі келді де «Айналайын-ай отағасы қатты ауырып жатыр. Маған бір қайнатар сөк берші» деді жалынып. «Мен бере алмаймын, ұрлан керек қой. Егер бір шөкімі жауапсыз кетсе мен сотталамын ғой. Грамына дейін есептеп, қайта-қайта есеп алып отыр», - деп ол кісіге де бермеді. Осы әңгімелерін есітіп қалған соң, ішке кірдім де «Мә, апа үш келі сөкке берілген ұрлан. Осыны ала беріңіз» дедім. Тағы да сатушы апамыз ұрлық қой мынау деп сала бастады да «Теңізде балық аулап жатқан балалар сендер ме?» деді бетіме үңіле қарап.
– Ия, біз ғой
– Онда не алмақшысыңдар? Мына апаға үш келі сөк беріңіз - дедім.Ұрланды алды да әлгі кісіге бір келі сөк беріп, екі келісін шешең алады деп бермей қойды. Бір келінің өзіне шексіз алғысын жаудырып, батасын беріп әлгі шешеміз шығып кетті.
Арада жылдар өтті. Ес жиып, етек-жеңімізді жиған уақыт. Сақитжан екеуміз Тасбөгеттен келе жатқанбыз. Бір көлік келіп жанымызға тоқтай қалды. Өзінің есімін Қази екенін айтып, қоярда-қоймай көлікке мінгізіп алды. Үйіне алып келіп, төсек салдырып, сыртқа шығып кетті. Бұлар не істеп жатыр екен деп терезеден қарасам, бір жандықты іреп жатыр екен. Шай дайындалып, дастарқан жайылып, үй егелері келіп дастарқан басына жайғасқан соң, ал мынау не дедім. Сонда бағанағы жігіт:
– Мен анамның аманатын орындайын деп едім - деді сәл күрсініп.
– Ау, қандай аманат?
– Мен сізді сұрап білген соң, бір ыңғайын таба алмай жүр едім. Алла тағала бүгін соның сәті түсіп отыр. Анам айтушы еді, Дәрмағамбет деген кісінің Шәкірат деген баласы бар. Сол баяғыда әкеңнің өмірін үш айға ұзартуға себепші болған еді. Мен дүкеншіден қарызға сөк алуға барып, ала алмай тұрғанымда сол Шәкірат бір келі сөк алып беріп жіберді. Енді соның ризалығын ал, риза болғанша құрмет көрсет, сонда ғана әкең екеуміз саған риза боламыз деген еді анам.
Ой, Құдай-ай оған бола неге әуре болдың, мен ол кісінің батасын алдым ғой - деп ыңғайсызданып жатырмын. Ал әлгі жігіт көзіне жас үйіріп, бізге бәйек болды. Ас келіп біраз әңгімелестік. Қайтарымызда Сақитжан екеумізге костюм-шалбар кигізіп, үйдегілерге орамал, жаулықтар, тәтті-тәттілерін салып құрақ ұшты. Кейіннен Қазимен туған інімдей араласып тұрдық. Ең бастысы сол әулеттердің маған берер баталары мені марқайтып келеді. Осылайша бір келі сөктің қайтарымы ұрпақтарының асыл пейіліне айналды, - деп сөзін аяқтады.
Шәкеңнің екінші әңгімесіне құлақ түрсек:
– Бесінші, алтыншы сыныптағы кезіміз болу керек. Балық аулап өткізген еңбегімізге берілген ұрландарды алып, көрші ауылдағы дүкенге апам екеуміз түйеге мінгесе шықтық. Күн салқын, түйе аттай емес жай қозғалады ғой. Тоңып та барамыз. Қолымызды жеңімізге тығып, әрең жеттік. Дүкен ашық екен. Дүкенге кірсек қолында кесесі бар кісі «Шешем қал үстінде жатыр еді. Сатып алар ақшам жоқ. Егер өлтірмесеңіз маған бір кесе ұн беріңіз» - деп сұрап тұр екен. Сатушы бергісі келгенмен желкесінде төніп тұрған тексеру мен қатаң тәртіптен аса алмай шырыл қағып, болмайтынын айтып бағуда. Мән-жайды білген соң қолымдағы ұрланды бердім де, жүз келі ұн алуым керек екенін айттым және бір пұт ұнды бөлек салуын өтіндім. Айтуым бойынша ұнды екіге бөліп, қалтаға салып берді. Мен бір пұт салған ұнды әлгі жалынып тұрған кісіге ұсындым да:
– Мына ұнды алыңыз - дедім.
– Айналайын-ау, маған ба? - деді сасқалақтап, кібіртіктеп сенерін де сенбесін де білмей абыржып.
– Ия, сізге ала беріңіз, - дедім тағы.
– Өркенің өссін, дегеніңе жет - деп тағы да батасын жаудыра жөнелді. Біздер ұнымызды түйеге артып, ауылға қарай бет алдық. Бағанағыдай емес, апам үнсіз. Көңіл-күйі түсіп кеткен. Жолай көпте сөйлесе қойған жоқпыз. Ілбіп басып ауылға жетіп, үй жаққа келіп тоқтадық. Түйенің шөккені сол-ақ екен, апам үйге қарай жүгіре жөнелді. Мен де артынан жылдам басып келдім де, есікке құлағымды тостым.
– Апа, ана жетпегір бір пұт ұнды танымайтын біреуге беріп кетті, - деді апам ентігіп. Сонда ошақтың күлін шығарып отырған анам «бері келші, бері келші» деді де:
– Сол ақшаны сен таптың ба? - деп, қолындағы көсеумен осып, осып жіберді. Анамның осылай етерін де сезген едім. Сөйттім де ұнымды түсіріп, шаруаммен айналысып кете бердім. Үйге келген мұнша көп ұнға көрші көлемдер де қарық болды. Анам қолындағы барын көршілер мен ағайындарға бөліп беріп отыратын.
Жылдар өте берді. Қаратерең ауылына мектеп директоры болып келген кезім. Бір күні Бекмағамбет деген ақсақал келді де:
– Балам, ауылда қанша басшы бар?
– Бар ғой, бірақ не үшін?
– Сол басшыларды жинап біздің үйге келіңдер.
– Не үшін, - дедім түсінбей. «Сосын айтамын, жинап кел» деп кетті. Ақсақалдың айтуы бойынша басқарма басшысынан бастап атқа мінген азаматтарды үйіне ерітіп бардым. Дастарқан жайылып, жайнатып қойған. Барлығымыз мәре-сәре болып дастарқан басына жиналған соң басқарма басшысы Мақсут көпшілікті қарата:
– Ау, Бекмағамбет, інің келген соң шақырып жатыр екенсің, мұның дұрыс, - деді ризашылығын білдіріп. Сонда Бекмағамбет:
– Әй, Мақсут, сен қоя тұр. Мен бір әңгіме айтайын. Мына бала менің шешемді көмген бала, - деді мені нұсқап.
– Қойыңыз, менің қандай қолғабысым тиіп еді, - дедім сөзге араласып.
– Жоқ қалқам, сенің септігіңнің арқасында осындай жағдайда отырмын. Бұл бала, - деді де көпшілікке қарап. Бала күнінде маған бір пұт ұнды дүкенде беріп кеткен тұғын. Сонда мына отырған дүкенші маған бір кесе ұн бермеген еді. Енді болмағанда үйдегі жалғыз ешкімді сойып, соған алсам ба деп тұр едім сол кезде. Мына баланың берген ұнын үйге апарып, шешеме сорпа істеп бердім. Ал, сол ешкі артынан егізден лақтап, содан бастап қолыма мал тұрды, бақ қонды. Кейін шешем қайтқанда сол малдан емін-еркін сойып, шаруаларын атқардым. Мына сойылып жатқан мал да сол ешкіден бастау алған еді, - деді тебіреніп.
Жұрт жым-жырт болып, бір сәт үнсіздік орын алды да қалды, үйдің іші ауыр күрсінгендей болды. Дүкенші ағамыздың ұн-жырғасы түсіп, төмен қараған күйі жер шұқып отыра берді. Бұл бір заман ағымы болар, кезеңнің қыспағы болар. Бұл үшін дүкенші ағамызды кіналаған адам болған жоқ. Тіпті Бекмағамбет ақсақал да оған аса құрметпен қарап, тектілігін білдірді. Ас ішіліп, арқа-жарқа отырысқа ұласып, ел мәселесі талқыланған бас қосу болды.
Ойлап отырсам жоғарыда жасаған қайырымдылық пен мейірімділік Шәкірат ағаның балалық шағынан бастау алған десе болады. «Аштықта жеген құйқаңды, тоқтықта ұмытпа» демекші, қиын-қыстау кезеңдегі берген бір келі сөк пен бір пұт ұнның қайтарымынан алған батасы мен құрметі адамның адамгершілігін бағалау еді. Әрине, мейірімділік – адамның өзге біреуге жасаған жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдірудің көрінісі. «Мейірімділік – адамдар арасындағы сыйластық», «Мейірімділік – адамның жоғары адамгершілік белгісі», «Мейірімділік – қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығады» деген қанатты сөздер Шәкірат ағаға жарасады.
Сөмкелеріндегі «Қара қағазды», «Әкемнен хабар бар ма» - деп алдынан жүгіріп шыққан балаға қалай көрсетерін білмей дағдарған пошташы қыздың аянышты хәлі. Жесір қалған келіншектердің жоқтауы, өксікке толы өмірі. Балдәурен балалығында колхоздың көктемгі, күзгі науқандық жұмыстарында болған мектеп оқушыларының дүбара тірлігі. Атыздан сұраусыз масақ тергені үшін қатыгез бригадирдің қамшымен тілген жеткіншектердің ішкі жан дүниесінің күйзелістерін қалай айтпасқа. Тылдағы соғыс баласы Шәкірат аға да осы жігіттердей бәрін бойынан өткеріп ер жетті. Сөйтіп жүріп бір үзіп, бір оқып, алтыншы, жетінші сыныптарды бітіреді. Бұл соғыстан кейінгі ауылда мұғалім жетіспей жатқан уақыт болатын.
Шәкірат Дәрмағамбеттің бақыт жолы бастауыш сыныптарға сабақ беруден басталды. Ізденімпаздығының арқасында Қазалыдағы пед курсын оқып, орталай бергенде, қайткенде де кадр тапшылығын жоямыз деген жанталаспен Қызылорда пед. институтына түсіп, тарих-география факультетін аяқтар кезде Қазақ ҚССР оқу министрінің жолдамасымен Гурьев облысына аттанады. Бұл 1950 жыл болатын. Еңбек жолын Маңғыстау ауданында мұғалім болып бастағанда, ол кезде 1948-49 жылдарда бірінші сыныпта оқитын жеті-сегіз жасар балалармен қоса 12-13 жасар балаларды қосып оқытатын. Сол жылдары біздер тұратын Жамбыл колхозының «Сарышоқы» учаскесіндедегі жиырма шақты балықшылардың балалары бір бөлмеде Имағамбет, Меңдібай, Балтабай т.б. ағаларымызбен бірінші, төртінші сыныптарды Қараман атты ағай оқытатын-ды. Педагогтердің жоқтығынан математика пәнін арифметиканың төрт амалын білетін «Живсерье» мекемесіндегі бухгалтерлер сабақ беретін. Бастауыш біліммен жүрген кассир, зоотехник, милиционер артқы партаға келіп отырып, білімін ұштастыратын еді. Зерделі мұғалімнің тиянақты жұмысы аудан басшыларының назарына ілінеді. Ұсыныс-пікірлерін аупарткомға жеткізіп, соның нәтижесінде ауданда кешкі мектептің ашылуына Шәкірат аға мұрындық болған екен. Ал өзі мектеп директоры қызметіне көтеріліп, облыстық білім басқармасының Маңғыстау ауданы бойынша штаттан тыс инспекторы қызметін қоса атқарған. Тынымсыз еңбектің денсаулыққа тигізген әсері болуы керек, бір күні еденге ес-түссіз құлап түскен. Шақырылған дәрігерлер ауруханаға жатқызып, үш айдан соң «Жүйкесі мен жүрегіне шамадан тыс салмақ түскен. Күш-қуатына келуі үшін демалыс, күтім және тыныштық керек» деген анықтамамен еліне қайтарады. Елге келген соң Набат анасы құрт, қатық қосқан көже, жалғыз інгеннің шұбатымен аяғына тік тұрғызады. Аудандық білім бөлімі талантты жасты іздеп Шөмішкөл, Шижаға одан кейін Қаратерең мектептерінде директор болып еңбек етеді. Бұл жерлерде жүргенде де мазасыз жүрек иесі тың ой, батыл пікір, өміршең бастамаларды алға тартып, қырдағы малшы балалар оқу үшін, әркімнің үйінде жәутеңдеп жатып жүрген балаларды білген соң, Республика Министрлер Кеңесне хат жазып, Алматыдан келген өкіл өз көздерімен көріп, балалар жатып оқитын интернаттың ашылуына қол жеткізген. Кадр мәселесімен аудандық білім бөліміне барғанда қабылдау бөлмесінде отырған қызды көреді. Кезек күтіп отырған әлгі қызбен сөйлескенде Литвадан жолдамамен келгені белгілі болады. Мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Өзі жетекшілік ететін мектепте мұғалім жетіспейді. Сонымен «Бізге келсең орыс тілі мен әдебиеті сабақтарының сағаттары түгелдей өзіңе беріледі және жататын жерің тегін болады» - деп үгіттеп, Қаратереңге баруға көндіреді. Сөйтіп Литвалық бойжеткен Алла Иорданайтені бейтаныс қазақ ауылына алып келіп, аз уақыт ішінде жұрттың өз қызына айналып, үйренісіп кетті. Орыс тілінің ол кездегі дүрілдеп тұрған кезінде, орыс тілін ұялмай сөйлеуге үйретумен қатар, оның би мен іс шеберлігі де қажет болатын. Соның арқасында ауылдық клубта қыздармен вальс билеген механизаторлар, балықшылар да сонымен қоса ауыл қыздары Алла мұғалімінің арқасында қолына ине алып, тігін түрлерін, киім пішу сияқты өнерлерді үйрететін үйірмелерге қатысып, көп нәрсе үйренді. Бұл Шәкірат ағаның Аралдан ауылға алып келген Алла қарындасы Қаратереңде өркениеттің бір ұшқыны мәдениет шуағын шашқан өнегелі жан болды. Кейін уәделесіп жүрген теңізші жігіті іздеп келіп, Балтық бойына аттандырғанда екеуін ауыл болып қимай шығарып салған екен.
Шәкірат ағаның негізгі мамандығы педагогика саласы, оның ішінде дипломы бойынша тарих-география ал, журналистикаға қалай келгені де үлкен тарих болатын.
1955 жылдары тағы сырқаты сыр бере бастап, қатты ауруға ұласқан. Сол уақытта дәрі-дәрмектер де тапшы болатын. Медицина саласында ренген апараты келген уақыты. Сол ренгенге түскеннен кейін, дәрігерлер «Абыржымаңыз, бұл емдеуге келетін сырқат, жазыласыз, тек уақыт керек» - дейді. Тек 1941-1945 жылғы соғысқа қатысқан жаралы жауынгерлерге берілетін пенцилинмен емдеуге кірісті. Үш ай бойы суға салып езіп және укол етіп салудың арқасында өкпенің қабынуы тоқтайды. Ауруханадан шығар алдында дәрігерлер «Мұндай сырқатқа шалдыққандарға көп адамдық еңбек коллективтерінде жұмыс істеуге болмайды. Оны өзіңіз, басшыларыңыз жағдайға қарап шешер» - деді. Ондай мекеменің біреуінде өзі істейтін болған соң, көп ойлануға тура келетіні анық. Аудандық бөлім шақырып, «Емханадан кейін ес жиып, дем ала тұрыңыз. Біз сізге жеңілдеу жұмыс қарастырып жатырмыз. Табылған кезде өзіміз хабар айтамыз» - деген сөзін естиді. Арада аз уақыт өткен соң, жағдай күрт өзгеріп, былайша сипат алған. Енді Шәкірат ағаның өз сөзімен:
– Жоғарыда айтылған халіме аудандық білім бөлімі емес, аудандық партия комитетінің өзінің сол кездегі «Партийная жизнь Казахстана» журналында Орталық Комитеттің насихат бөлімінің методикалық нұсқауы шығады. Онда «Қазір Республикадағы аудандар ғана емес, ауылдағы әр үйге радио нүктелері орнатылып, жұмыс істей бастасын. Бұл техника жетістігін біз үгіт құралы ретінде тиімді пайдалана білуіміз керек. Ол үшін колхоз, совхоз орталығының байланыс бөлімшелеріндегі торап радиогазет ашуға қол жеткізілсін. Оның міндеті – еңбекшілерді, олардың отбасыларын жергілікті жердегі жаңалықтармен эфир арқылы аптасына бір рет хабардар етіп отыру» - делінген екен. Қаратерең ауылындағы өмірге келуге тиіс осы жұмысты саған жүктегелі отырмыз бауырым» - деді жоғарыдағы жәйтті қысқаша сөз етіп аупартком хатшысы.
– Мектептегі басшылық жұмыстарда ел алдына шығып сөйлеуге, мерекелерде баяндама жасауға төселіп қалдың ғой. Сондықтан радиогазетті, диктор боп оқу қолыңнан келуге тиіс. Ойлап көрші, тыныш та қызық жұмыс емес пе. Таза ауа. Айлақ, қырман, қызыл отау арасындағы қимыл-қозғалыс. Бұл денсаулығыңның қалпына келуіне көмек болар деп ойлаймыз - деді.
Мына сөзді естігенде өмірден шетқақпай қалып қоймағаныма қуанып «шүкір» - дедім. Сөйттім де аупартком хатшысына келісімімді бердім. Іле-шала «Басқа түссе баспақшыл»- деп мүлде білмеген жұмысқа бас-көз жоқ кірістім де кеттім. Байқаймын, қызық тірлік сияқты. Олай дейтінім, нұсқаулықтағы талап бойынша алдымен колхоздағы ресми хабарлардың ұстынын құрайтын ақпараттарды жазып шықпаймын ба? Олар: бір айлық көрсеткішін мерзімінен бұрын орындаған озат балықшы, социалистік жарыс барысында қызыл туды жеңіп алған екпінді бригада мүшелерінің жетістігі сияқты дүниелер-тін. Осыдан кейін мәдениет жаңалықтарына қатысты мысалдарды іздеп, ауыл көшелерін шарлайын. Бұған керек нәрсені жол шетіндегі төбеде жиналып отырып, өрістен қайтқан малдарын тосқан қарттардан таптым. Ондағы бір қария замандастарының алдында домбыра тартып отыр. Орындаушылық шеберлігі керемет. Ол кісінің өнер көрсетуі қошеметпен аяқталған соң, келесі бір ақсақал мына теңіз қолтығындағы ертеңгі, бүгінгісі, одан кейінгі ауа райының қалай болатынын болжауға көшті. Бұл әңгіме біте бергенде шет жақта отырған аласа бойлы арық қара кісі қорадағы жалғыз түйесінің өрістен қайтпағанына екі апта болғанын ауылдастарының есіне салып, алаңдаушылық білдірді.
«Міне, радиогазетке беретін дүниелер!» - дедім мен ішімнен сол арада бірден шешім қабылдап. Сөйтім де сәрсенбінің сәтті күні «Қаратереңнен сөйлеп тұрмыз. Кеш жарық, құрметті радио тыңдаушы жерлестер!» - деп эфирге шықтым. Қасымда үш шалым бар. Ресми хабарды оқып болғаннан кейін шағын таныстырумен домбырашы қартты микрофонға жақындатып, күй тартқыздым. Одан соң келесі ақсақал сөйледі ауа райын болжап. Ең соңында малы жоғалған қарт: «Көрсеңдер, білсеңдер, бір хабар берерсіңдер, айналайындар. Сүйіншісі дайын» - деп жар салды.
Ертесіне алғашқы ұйымдастырған радиохабарыма бүкіл ауыл қол соқты дейсіз риза болып. Келесі аптада радиотораптағы менің бөлмеме өлең жазатын оқушылар мен ән айтатын өнерлі жастар «Эфирге шығайықшы » - деп өздері келе бастады. Сондай-ақ «Үйлену тойыма шақырамын. Қой сатамын» - деген хабарландырулар да көбейді. Осылайша басында қорқасоқтап бастаған жұмысымның дүрілдеп жүріп кеп бергені. Келе келе Арал ауданындағы «Толқын» газеті радиодан оқуға дайындаған қысқа хабарларыма қызығып, оларды редакцияға өздері сұратып алатын болды. Одан Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті де қалыспады. Теңіздегі мұз үстінде қалған балықшылар, құмдағы дауылда адасып, аман қалған малшылар туралы материалдарымды кеңейтіп жазуға тапсырма беріп, өздеріне авторлыққа тарта бастады. Сонымен, бұл тақырыптағы әңгіменің тоқетері, менің журналистикадағы жолым міне, осылай басталған болатын.
Кемеңгер, дана болып ешкім тумайды. Бірақ күн сайын өзін-өзі жетілдіре отырып, өз ісінің шеберлігін арттыра отырып, адам баласы өзін ақыл-ойдың кемел биігіне көтеріледі, қадір-қасиетін толтыра береді. Кемеліне жеткен кемеңгерлікпен, даналықпен сөз толғайтын Шәкең сияқты парасатты істің иесімен кім болса да тілдесуге асығатыны рас. Шәкеңмен бірге дастарқандас болудың өзі бір ғанибет. Ол кісінің әңгімесі отбасы-ошақ қасындағы әңгіме емес, сабақты, салиқалы, салмақты тәрбиелі әңгімелері тыңдаудан жалықтырмайды. Дастарқан үстінде ас салған үлкен табақтың иесі болғандықтан, Шәкеңнің қолынан жасын, жолын берсін деген тілекпен кім болса да ет асауға ұмтылатынымыз рас. Шын ниетімен дастарқандас інілеріне ет асату, атадан келе жатқан өнегелі үрдіс екенін ойымызға салып та қоятыны бар. Ағаның тағы бір ерекшелігі, басқаның бақыты мен қуанышын өз басындағыдай сезініп, қуанатын ақ пейілді жан екендігінде. Күн адамдарды жаман, жақсы деп бөліп-жармай, бәріне бірдей жылуын себетіні сияқты Шәкірат аға да күн сияқты адамдардың барлығын бірдей көруінде де бір үлкен ғылыми даналық жатқандай көрінеді де тұрады.
Халқымыздың бір туар ұлы Әбіш Кекілбаев: «Елінің жел жағындағы панасы, ық жағындағы саясы бола білген, дауды әділетті арашалаған пірадар, әлсізге – медет, күштіге – айбар, зарыққанға – жебеу, тарыққанға – демеу, асқанға – тосқан, сасқанға – сая, ұрпаққа – ұстаз» деген екен. Осындай Әбіш ағаның кемеңгерлі қасиетті сөздері Шәкірат ағаның бойынан табылатыны сөзсіз. Оған бір мысал.
Ұмытпасам 2001 жыл болуы керек. Ол кезде аудан әкімі Айтбай Көшербай болатын. Бір күні сол кездегі облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев Арал ауданына келіп, мәжіліс залында актив өткізді. Жиналыс ашылып, аудан әкімі А.Көшербай баяндама жасап, ауданда болып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Содан соң, жарыс сөз басталды. Менің есімде қалғаны, Қаратерең ауылының мектеп директоры К.Маханов шығып, – ауыл ақсақалдарының ауыз су мәселесі деп айта бастап еді, оны тоқтатып, сен онан да мектебіңде қанша оқушы бітірді және оның қаншасы әскерге жарамды екенін неге айтпайсыз деп ары қарай сөйлеуге мұрша берген жоқ, сөйтіп мінбеден түсіп кетті. Басқа сөйлеушілер де болды. Өз кезегіммен мен де мінбеге көтерілдім. Мен, швейлер, труба, угольник тәрізді профильді материалдар, металл сынықтарымен бірге өткізілуде. Ол халық қажетіне қажет заттар дегенімше болмады, мені тоқтатып, «сіз көше комитетінің төрағасы болсаңыз, күл-қоқыстар қайда төгіліп жатыр, соны айтыңыз» дегенде мен, арнайы полигонға төгіледі дегенім сол еді, жаныма қарасам Шәкірат аға тұр. Түсі қатыңқы ренжулі. Маған түс дегендей болды. Шәкең мінбеге шықты да:
– Облыс әкімі Серікбай Өрікбайұлы, қош келдіңіз! Мен бұл жиналыста шығып сөйлеймін деп жазылған жоқпын. Бірақ мына мінбеге еріксіз шығып тұрмын. Бұл жиналысқа түсінбей де тұрмын. Мына шығып сөйлеушілер жеке басының шаруасын айтып жатқан жоқ. Әр жердегі өзекті проблемалық мәселелерді облыс әкімінің алдына қойып, соның нәтижесі болама деп айтып жатыр. Ал олар өтініштеріне толық жауап ала алмай мінбеден түсуге мәжбүр болып жатыр. Жиналыстарға қатысып жүрміз, әр жиналыстың өту жүйесі бар болады, – деп мінбеден түсті. Сол кезде жиналыстың бағыты 180 градусқа бұрылғандай сипат алды. Міне, Шәкірат ағаның қажетті жерде мысы да, сұсы да бар екенінің және қайсарлығының бір ғана көрінісі дер едім.
Шәкірат Дәрмағамбетұлы колхоз партком хатшысы, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1960 жылы Аралдық «Социалистік Арал», Қазалы ауданында «Ленин туы» газеттерінде бөлім меңгерушісі және редактордың орынбасары, 1966 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетінің Арал-Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалған. «Бейнет пен зейнет қатар келеді» демекші 1991 жылы 1 маусымда құрметті демалысқа шыққан. Мінсіз еңбегінің арқасында 1979 жылы «ҚР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген құрметті атаққа ие болды. Бірнеше Алғыс хаттар, ақшалай сыйлықтардың иегері. «Ұлы Отан соғысының 50-60-65-70 жылдарғы мерекелік медалдармен» марапатталған. «Қызылорда облысы және Арал ауданының құрметті азаматы».
«Бақытты шаңырақ дегеніміз – жарқыраған сәнді сарай емес, жан-жары, жақын-жоралары мен сүйікті балалары, немерелерінің сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы» деп бабаларымыз айтқандай, кейіпкеріміз алғашқы жұбайы Ханымша Әлмаханқызынан 7 бала, кейінгі жұбайы Маржанкүлден үш ұл-қыздарынан тараған ондаған немерелер мен шөберелердің шат күлкісіне бөленіп, мейірі қанған мерейлі, бақытты шаңырақтың сүйікті атасы.
Шәкірат аға туралы мақала жазуға талай рет талпынғаныммен, тәуекел ете алмағанмын. Бір күш итермелегендей болып, қолыма қалам алдым. Шәкірат ағаның әлемін және қазына аралын аралап, аяғым жеткен жеріне дейін бардым. Ал Шәкеңнің әлемі мен қазына аралы ұзақ жол, күрделі, қайырымды. Шәкеңнің осындай қасиетті өмір өткелдерін біздің ақындарымыз өлең жолдарына қосып жатса тәп-тәуір дастан да шығар еді деген ойға келем. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өнер туындысы болары хақ.
Адамгершілік адалдық, әдептілік, парасат, сыпайылық, кішіпейілдік, сыйластық, жомарттық, мәрттік, тазалық, ұят, ар-намыс, жігер, кісілік, қайырымдылық, қайсарлық, қамқорлық сынды қасиеттерді бойына сіңіре білген Шәкірат ағамызға зор денсаулық, отбасына амандық тілей отырып, ғасыр жастың мұзарт шыңына шыға беріңіз дейміз.