Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде доцент, филология ғылымдарының кандидаты, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісінің иегері Сара Бахтиярқызының 70 жасқа толуына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты мәжілісі өтті.
Салтанатты жиынды Ректордың міндетін атқарушы Дана Абдрашева ашып, университет ұжымы атынан мерейтой иесін құттықтап, адресат табыстады.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, мерейтой иесінің әріптестері, шәкірттері мен туыстары қатысты.
Іс-шара барысында Сара Бахтиярқызының өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметін қамтыған бейнеролик көрсетілді.
Ғылыми кеңесте филология ғылымдарының кандидаты, тілтанушы ғалым Күлдірсін Сарышова мерейтой иесінің ғылыми және педагогикалық еңбектеріне арналған баяндама жасады. Сонымен қатар, «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, университет кәсіподақ ұйымының төрағасы Айтжан Оразбақов, Ашық университеттің проректоры Бақытхан Жунайдұлы, И.Әбдікәрімов атындағы жоғары колледж директоры Абайбек Талғатұлы, Орда жоғары колледжінің директор орынбасары Алайдар Сануарұлы, шәкірті Самал Ілиясова және университеттің профессор-оқытушылары Сара Бахтиярқызына жылы лебіздерін арнады.
Жиын соңында студенттер ұстаздарына арналған өлең шумақтарын оқып, мерейтой иесі өз алғысын білдірді.
Сара Бахтиярқызы – саналы ғұмырын ұлт руханиятына, қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына арнаған көрнекті ғалым, білікті ұстаз. Ол 1978 жылы еңбек жолын мектеп мұғалімі қызметінен бастап, 1993 жылдан бастап жоғары оқу орнында оқытушы, кейін кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында доцент болып еңбек етеді.
2003 жылы «XX ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы көркемдік-стильдік ізденістер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Ғалымның «Балалар әдебиеті», «Ақпараттық оқыту технологиясы негізінде заң терминдерін оқыту жолдары» атты оқу құралдары, бір монографиясы және 70-тен астам ғылыми мақаласы жарық көрген.
Ғылыми-зерттеу бағыты Абайтану мәселелеріне арналған. Ол Абайдың дүниетанымы, ұлы ақын мен Алаш қайраткерлері шығармашылығындағы рухани үндестік, Абай мен Пушкин арасындағы әдеби байланыс, сондай-ақ халық ауыз әдебиеті мен батырлар жырындағы көркемдік тұтастық жайында құнды еңбектер жазған.
Ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін Сара Бахтиярқызы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медалімен, «Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен», Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен», сондай-ақ «Үздік түлек», «Үздік ұстаз», «Үздік оқытушы» төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар университеттің 70 және 75 жылдық мерейтойлық медальдарының иегері.
Салтанатты мәжіліс ұстаз еңбегіне көрсетілген құрметтің, ғылым мен білім саласындағы табандылық пен ізденістің айқын көрінісіне айналды.

