Kyzylorda-news.kz Адамзат ғаламшарды өзіне тиесілі қылып алғаны ақиқат. Біз анау да, мынау да менікі деп иемденудеміз. Ғимараттарды бірінен-бірі ұзын қылып өріп жатырмыз. Табиғаттың бергеніне немқұрайды қарап, тауысып жатқанымыз рас. Бірақ мұның бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін екенін ұмытқан сыңайлымыз. Айырылған былай тұрсын, соның әсерінен өзіміз де жоқ болып кетуіміз ықтимал. Бүгінгі күні ғаламдық жылыну – өткір мәселе. Алайда халықтың оған бас қатырар ойы жоқ. Тек экологтарды ғана толғандырып отыр. Ғаламдық жылыну ғаламдық аштыққа әкелуі мүмкін. Міне, осы мәселе жайында сөз қозғап, қаншалықты салмақты тақырып екенін тарқатайық.

Климаттың өзгеруі барлық аймақта байқалуда. Бұған адамдардың тікелей қатысы бар. Жаһандық жылынудың негізгі себебі – адамдардың күнделікті тіршілік барысындағы іс-әрекеті һәм қажеттілігі. Қазірдің өзінде ғаламшардың барлығына дерлік экстремалды ауа райы оқиғаларына әкеліп соғуда. Ғалымдардың айтуынша, Жердің бүкіл климаттық жүйесі өзгеруде және бұл өзгерістер атмосфераның, мұхиттардың, мұз қабаттарының және Жердің бетіне де өз әсерін беруде. Бұл өзгерістер бұрын-соңды болмаған деп айтады. Тіпті бұны алдағы ғасырларда немесе мыңжылдықта қалпына келтіру мүмкін емес екен. Саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын Арал теңізінің тағдырына арнаған эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы да ғаламдық жылыну деген құбылыс бұрын  болмаған деген пікірін білдірді.

«Ғаламдық жылыну планетаның тарихында бұрын болмаған деп жатады. Дегенмен, бүгінгі күні қауіпті болып тұрған дүние. Жалпы, Жер шарында талай бұзылулар, апаттар болған. Оның түрліше себептері де бар. Ешқандай зауыттар салынбай тұрған кезде де жанартаулар атқыла­ған. Аномальды табиғаттың құбы­лыс­тары да болған. Соның ішінде қызық мәлімет бар. Жер бетінде 66 миллион жыл бұрын динозаврлар өмір сүрген. Ұлы сөзде ұят жоқ. Ол жануарлар қорек­теніп, іштерінен жел шыққан сәтте бүкіл ауа райын өзгертетін қабілеті болған. Олардың эффектісі Жер бетіне апат әкелген. Тіпті өздерінің апаттарынан өздері опат болған деген жорамал да бар. Әрине, фантастикалық  жорамал»  деп  тоқталды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халық ауыр өнеркәсіпке, қару­лануға бет бұрды. «Жаққаның – көмір, мінгенің – темір» болған заман келді. Осы темір тұлпарды тізгін­дейтіндер де табиғатқа кері әсерін беру­де. Климаттың өзгеруі біздің заманымыздың ең ауыр дағдарысы болып отыр. Және біз ойлағаннан да жылдам болу­да. Соған  қарамастан,  осы  жаһандық  қауіп-қатер  алдында адамзат дәрменсіз емес екен. Бұл жайында БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш «климаттың өзгеруіне байланысты төтенше жағдай – біз жеңіліп  жатқан  «соғыс», бірақ біз бұдан жеңіп шыға аламыз» деп айтты. Көмірді, мұнайды және газды өндіру нәтижесінде жыл сайын атмосфераға миллиардтаған тонна көмірқышқыл газы шығары­лады. БҰҰ мәліметінше, метеорологиялық бақылаулардың барлық кезеңінен қазір жылы болып тұр. Полярлық және таулы аймақтардағы мұздықтар мен мұз қабаттары қазірдің өзінде тез еріп, теңіз деңгейі­нің көтерілуіне себеп болды. Бес миллионнан астам халқы бар қалалардың үштен екісіне жуығы теңіз деңгейінің көтерілу қаупі бар аймақтарда орналасқан және әлем халқының 40 па­йызға жуығы жағалаудан 100 шақырымнан аз жерде тұрады. Ешқандай шара қолданылмаса, Нью-Йорк, Шанхай, Абу-Даби, Осака, Рио­-де-Жанейро және басқа да қалалар су астында қалып, миллиондаған адамның  қоныс  аударуына  әкеледі.

– Біз өте терең континенттің түкпірінде, мұхиттармен шектес­пей­тін жерде өмір сүреміз. Десе де, өзен-сулардың тартылуы, Аралдың кебуі, қуаңшылық, жерлердің қурауы деген мәселелер бар. Ал, мұхиттардың жанында орналасқан елдердің қайғысы бізден де зор. Әлемдік мұздықтар еріп жатыр. Антрактиданы айтпағанда, Гренландияның мұзы еріп, жұқарып, жағдайы мәз емес. Бұл аралдыңтұрғындары  жағдайды күнделікті көзбен көріп жүр. Аралдың жоғалып кету қаупі төнгені рас. Міне, жылыну­дың алдын аламыз деп бүкіл көмір­сутектен бас тарту, көмірмен жұмыс істейтін электр станция­ларын жабу, бензин мен газ өндірістерін тоқтатуды Батыс  Еурапа қолға алып, үлкен қозғалыс жасауда. Бірақ тағы да мынадай парадокс бар. Олар электро-мобильділікке көшкенімен, түбі электр көзін алатынжерлерге жүгінеді. Сондықтан ғаламдық жылыну – аждаһа, мылтықсыз майдан деп нық сеніммен айтааламыз. Бұл  қандай  сорақылыққа  жеткізетіні белгісіз, – деді  Сайлаубай  Жұбатыр­ұлы.

Ғаламдық жылынуды тоқтатуға бола ма? Иә, бірақ оның бағасы өте жоғары. Өйткені адамзат көп дүние­ден  бас тартуы  керек. Мәселен, қазба отындарын, жерді пайдалану, ауыл  шаруашылығы  және  қала құры­лыстарына да қатысы бар. Осының бәрі  экономикалық өзгеріске әкеліп, көп шығынды талап етеді. Бұған ешбір мемлекет дайын емес екені  сөзсіз. Дегенмен, алпауыт елдер бұл өткір мәселеге немқұрайды қара­мауда. Жыл сайын қаншама қаражат бөліп,  табиғатты «емдеуге» тырысу­да. Бірақ нәтиже  жоқ.  Сол себепті кей ғалымдар бұл  тығырықтан шығудың нақты жолы – адамдық қасиетті жоғалтпау деген тұжырымдарын айтты. Шыны керек, айналамызды сәндейміз деп шын сұлулықты құртып жатқанымыз белгілі. Ғаламдық жылынудың соңы немен аяқталатыны  жер  бетіндегі әрбір  адамға  байла­нысты…

Тағы да оқыңыз: