Kyzylorda-news.kz 4-13 маусым аралығында Астана қаласында әйелдер арасында қол добынан ХХХІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. 8 команда өнер көрсеткен ойында Қызылордалық «Қайсар» командасы топ жарып, І орын алды. Аталған командада Жалағаш ауданындағы «Наркескен» спорт клубының қол добы үйірмесінің қатысушылары Қарлығаш Алтынбек пен Альсина Жұмабек өнер көрсетті. Жас спортшыларымызды жеңісімен құттықтау үшін аудандық «Наркескен» спорт клубына табан тіредік. 

Барсақ спортшы қыздарымыз жаттығу залында алдағы уақытта өтетін жарысқа дайындық үстінде екен. Олардың бір-бірімен тілсіз тілдесіп, қарсылас команданың қақпасына доп соғуына қарап, олардың осы спорт түрінің хас шебері екенін аңғардық. Ойын аяқталғанын тағатсыздана күтіп, спортшы қыздарымызбен сұхбат құруға дайын тұрмыз. 

– 2016 жылдан бастап мектепте баскетбол үйірмесіне қатысатынмын. Бірде дайындық барысында біздің мектепке жаттықтырушым Дархан ағай келді. Қолында қолдобының добы бар. Бізге қолдобы ойынының шартын түсіндіріп, ойнап көруді ұсынды. Сол сәттен бастап менің бұл ойынға деген қызығушылығым оянды. Күнде «Наркескен» спорт клубына жаттығуға барып, осы спорт түріне ден қойдым. Жаттықтырушым Дархан ағай дайындықта бар білгенін үйретіп дайындады. Әр жаттығуға асыға баратынмын. Аудан командасымен жарыстарға барып, жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрдім, – дейді Қарлығаш Алтынбек. 

Альсина да бұл спорт түріне 2016 жылдан бастап келген. Оған дейін футболға қатысқан ол, бұл спорт түріне дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Талхат ағайының айтуымен келген. 

– Бұрын-соңды атын естіп көрмеген таңсық спорт түрі болса да аудандық «Наркескен» спорт клубына келіп, жаттықтырушым Дархан ағаймен таныстым. Алғашқы күннен жылы шыраймен қарсы алған жаттықтырушым ойынның қыр-сырын түсіндіріп, жаттығудан қалмауға кеңес берді. Уақыт өте тыңғылықты үздіксіз жаттығудың арқасында ауданның гандбол құрамасына қосылдым, – дейді Альсина Жұмабек. 

Аудан командасында жүріп облыс командасына Ким Вячеслав Чан Себовичтен «Қайсар» облыстық командасына шақырту алған олар әйелдер арасындағы «Супер лига» ойындарында ойын көрсеткен. 

Айта кетейік, қазіргі таңда «Қайсар» командасы 14 дүркін Қазақстан чемпионы. Ал жазғы спартакиада ойындарынан 5 дүркін чемпион. Спортшыларымыз «Қайсар» командасында жүріп «Қазақстан Республикасының Спорт шебері» атағын алған. Мұнан бөлек 2022 жылдан бастап «ҚР Ұлттық құрамасында» ойнап, Ұлттық құрамамен бірге Словения, Македония, Корея, Гонконг елдерінде ел мерейін үстем еткен. Олар жастар арасында Азия біріншілігінде ІІ, ІІІ орын иеленіп, клубтар арасындағы Азия ойынында ІІ орын иеленген. Сондай-ақ «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанған. 

Олар «жеткен жетістігіміздің барлығы Дархан ағайымыздың арқасы, қаншама қиыншылықты сол кісімен бірге еңсердік» дейді. Спортшы қыздардың алдағы уақытқа қойған жоспарлары да жоқ емес. Олар қазір қыркүйек айында өтетін Азия чемпионатына дайындық үстінде. Олардың басты мақсаты – шет елдерге жарысқа барып, еліміздегі қолдобы спорты жоғары деңгейде екенін көрсету. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерін жаттықтырушы Дархан Кіребаевтың жүйелі жұмысымен байланыстыратын жас спортшылар болашақта жаттықтырушыларының жолын жалғап, ауданнан гандболшы қыздарды тәрбиелеп шығаруды көздейді. Бүгінде «Ұлттық құрама» командасында өнер көрсетіп жүрген олар болашақта осы құраманың жаттықтырушысы болсам дейді. 

Спортшы қыздарымыздың айтуынша олардың басқа іспен айналысатын бос уақыттары жоқ. Қазіргі таңда Альсина Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті. Ал Қарлығаш Жалаңтөс Баһадүр атындағы спорт мектебінің түлегі. Олардың айтуынша олардың 1 жылдық күнтізбесін алдын-ала дайындалып қояды екен. Сондықтан олар да жаттығу мен жарыстан өзге нәрсеге уақыт жоқ. Сондай-ақ олар сұхбат барысында осы спорттың арқасында өздеріне шетелдік жақын достар тапқанын да жасырмады. Ойын алаңында қарсылас болғанымен, ойыннан тыс бірге туған бауырдай болған жақын құрбыларды олар Корея, Иран, Кувейт елдерінен кезіктерген. 

– Қазір үйірмеде 54 қыз бар. Альсина мен Қарлығаш үйірмеге келген жылдары олармен бірге 18 қыз келді. Солардың ішінен осы екі қызымыз ойын барысында өздерінің мықтылығымен, қарым-қабілетімен ерекше көзге түсті. Нәтижесінде олар бүгінде үлкен додаларда ауданның ғана емес, еліміздің намысын қорғап жүр. Мен олардың әлі де талай белестерді бағындыратынына сенемін, – дейді жаттықтырушы Дархан Кіребаев.

Ел мерейін үстем етіп, абыройын арқалап жүрген жас спортшыларымызға бізде алдағы жарыстардан жеңіспен оралуларына тілектестік білдіріп, тартысты ойынның куәсі болып қайттық. 

Тағы да оқыңыз: