Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегациямен кездесті. Аймақ басшысы екі ел арасында жоғары деңгейдегі тұрақты байланыс пен ерекше достық қарым-қатынас орнағанын атап өтіп, делегацияның жұмыс сапары жемісті әрі нәтижелі болуына тілектестік білдірді.

– Біздің еліміз, оның ішінде біздің аймағымыз Францияның инвестициялық және сауда-экономикалық серіктесі болып саналады. Бүгінгі сапарыңыз ынтымақтастыққа оң серпін беретініне сенімдімін. Су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінде біздің өңір үшін ғана емес, Орта Азияның барлық мемлекеттері үшін маңызды және өзекті мәселе. Қызылорда облысының экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзенінің деңгейіне, Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты. Сырдарияға құйылатын судың 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден, яғни Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келеді. Біздің облыс өзеннің төменгі ағысында орналасқандықтан, су соңғы кезекте жетеді. Сондықтан қазір біз үшін суды үнемді, ұтымды және әділ пайдалану мәселесі аса маңызды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, делегация мүшелері сапар барысында «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінің, Арал қаласындағы «Балықшылар» музейінің және балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. «Көкарал» бөгетіне барып, Қазалы ауданындағы орман питомнигін аралады. Мұнан бөлек Таң ауылындағы күріш алқаптарын көрді. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне және «Анаға тағзым» орталығына барды.

Франция Президентінің арнаулы өкілі Б.Помпили жұмыс сапары барысында Жалағаш ауданындағы «Total Eren» күн электр станциясымен танысты. Аудан орталығының шығыс жақ бөлігінде жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында 28 МВт күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясы салынып, пайдалануға берілген.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің 2017 жылы 24 ақпандағы № 68 бұйрығымен «Жаңартылған энергия көздерін пайдалану жоспарына» енгізілген. Жобаның жалпы құны 19 млрд теңгені құрайды. Ал жобаны жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 гектар жер учаскесі табысталған. Күн электр станциясының құрылысы 70 гектар жер учаскесіне орналасқан. 

2018 жылдың маусым айында «28 МВт күн сәулесі электр станциясын салу» жобасы бойынша Европалық даму банкі атынан «ЭкоСоциоАналистс» компаниясымен тұрғындар арасында әлеуметтік және экологиялық әсерін бағалау жұмыстары жүргізілген. Жыл мезгіліне қарай күнделікті 100-280 МВТ/сағат электр энергиясын өндіруде. Сондай-ақ 2018 жылдың 10 шілдесінде жобаның қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша ашық түрде қоғамдық тыңдау өткізіліп, қолдау тапқан. Аудан үшін үлкен маңызы бар жобада қазіргі таңда 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке жылына 47 млн теңге салық түсуде. Бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізуде.

Тағы да оқыңыз: