Kyzylorda-news.kz Мектеп – білім тірегі болса, ал ұстаз – оның жүрегі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» болары да айдан анық. Бұл ұстаз – Шиелі өңірінің білім  сапасын дамытуға үздіксіз үлес қосып келеді. Кейіпкеріміз шежірелі өлкеде ең алғашқы болып педагог-шебер біліктілігін қорғаған шығармашыл ұстаз ретінде көпшілікке танымал әрі үлгі. Кәсіби биіктен көрініп, шәкірт алғысына бөлену әр ұстаз үшін шынайы бақыт десек, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің дәл осы бақытқа кенеліп жүргеніне тура – 33 жыл. Таныс болыңыздар, ол – Фатима Қасқабаева. Қазіргі таңда Шиелідегі №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, «Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының» мүшесі. Ұстаз үшін табысты болудың басты сыры неде? Бұл сауалымызға жауап іздеу үшін біз Фатима Серікбайқызын сүбелі сұхбатқа шақырдық. Биязы болмысқа ие ұстаз да тәжірибесі мен жетістіктерін өзгелермен біздің басылым арқылы бөлісудің құп көрді. Олай болса, назар салыңыз! 

– Фатима Серікбайқызы, алдымен сұхбат беруге ниеттенгеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Әңгімеміздің әлқиссасын өз өмірбаяныңыздан бастасақ. Ұстаз болу бала кезгі арманыңыз ба еді? 

Мен 1969 жылдың 19 шілдеде Шиелі кентінде дүниеге келдім. Ата- анам Серікбай Қасқабаев және Рсалды Байсымақова сегіз ұл-қызды еңбексүйгіштікке, адалдыққа, қарапайымдылыққа тәрбиелеген. Мен үйдің тұңғышымын. Әкем Серікбай Дүйсенбайұлы Ресейдің Воронеж қаласында орысша білім алған. Қызылордадағы, Аралдағы, содан соң Шиелідегі Астық сақтау және тарату базасы мекемесінде ұзақ жылдар бойына зейнетке шыққанға дейін абыроймен қызмет атқарған. Анам алғашында отбасында бала тәрбиесімен, кейіннен мектепте техникалық қызметкер болып зейнетке шықты. Отбасында әкелік қамқорлық пен ананың жылулығын өмір бойына сезініп өстік. Отбасын әкеміз басқарып үнемі ақылын айтып қадағалап отыратын. Менің өмірімдегі ерекше үлгі эталон ол – менің әкем. Қыз болсам да, сол әкеме ұқсауға тырысатынмын. Ол кісі бүгінгі күні өмірден өткен. Бірақ, ол кісінің «Әкелік тұлғасы» мен үшін таусылмайтын жыр-дастан. Ал бүгінгі «Ұстаздық» мамандығыма келсем, ол менің бала күнгі арманым.

– Демек, бұл ұлы мамандыққа жастайыңыздан мойын бұрдыңыз ғой? 

– Бұл ұлы мамандықты таңдауыма ең алғаш бағыттаған – әкем. Ол кісі менің жалпы болмысыма қарап осы ұстаздық жолға қарай итермеледі. Ары қарай толық таңдауыма менің ұстаздарым себепші болды. Алғашқы ұстазым Ұлбала апайым, сынып жетекшім Злиха апайым, тарих пәнінің мұғалімдері Злиха апай және Құлымбет ағайларға алғысым шексіз. Әр ұстазға қарап «Ұстаз» болуды армандадым. Өз мектебімде ұстаз болу – менің бала күнгі арманым. 1986 жылы №47 М.В.Ломоносов атындағы орта мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың «Тарих және қосымша француз тілі» мамандығы бойынша оқуға түстім. 1991 жылы осы оқу орнын «Үздік дипломға» бітіріп өз алтын ұя мектебіме жұмысқа орналастым. Міне, содан бері 33 жыл өтіпті. Егер, уақытты кейін бұрсақ та мен осы мамандықты еш ойланбастан таңдар едім. Менің еңбек кітапшамда бір ғана мектеп осы–  №47 мектеп-лицейдегі 33 жылдық ұстаздық жолым жазылған. Әлі де жазылады деп ойлаймын. 

– Өзіңіздің және шәкірттеріңіздің тың жетістіктерімен бөлісе отырсаңыз. Шоқтығы биік жеңісіңіз қандай?

Ұстаздық жолды ең алғаш аттаған сәттен бастап шәкірттерімнің жетістікке жетіп, биік мінбелерден жүлдегер атанғанын көріп қуануды армандадым. Арнайы республикалық пәндік олимпиадалардың марапатталу салтанаттарын көрдім. Ол кезде олимпиадаға және ғылыми жобаға дайындау туралы деректер жоқтың қасы. Жылдан-жылға шәкірттерді сол бағыттарда даярлап, тәжірибе жинақтап, қағазға түсіріп баспаға беріп отырдым. Міне, солай алғашқы республика деңгейінде әдістемелік құралдарым шықты. Ұстаздық жол – бұл шәкірттерге білім мен тәрбие беру. Шәкірттерімді баптай отырып пәндік олимпиадаларға бәйгеге қостым. Пәндік олимпиада – ол басты білім сайысы. Алғашқы шәкірттерім өзім армандаған «Білім додасынан» топ жара бастады. Оларды көріп қуанып, марқайдым. Менің «Білім жетістігі» қоржынымда көптеген білімді шәкірттерім бар. Атап айтсам, республика деңгейінде Сая Қызылбаева, Маржан Ережепова, Абай Тұрғанбаев, Арайлым Сағынтаева Арайлым, Аида Мұхамедалиева, Таңшолпан Сағынтаева, т.б. Ғылыми жобаға оқушыларды дайындай отырып түрлі халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі жарыстардан түрлі жүлделер алдық. Әр ғылыми жобаның мен үшін әртүрлі қызықты естеліктері бар. Баланы осы жолға бағыттап шабыттандыруды қажет ететін бағыт. Бұл бағыттағы шәкірттер – нағыз дарын иелері. 

Менің кеудеме тағылған төсбелгілер, түрлі марапаттар жайлы мен еш уақытта армандап ойланбаппын. Марапатты еш қуаламаппын. Ел баласы үшін адал еңбек етсең, марапат өзі сені іздеп табады екен. 

Ұстаздық қызметтегі концептуалдық ұстанымыңыз қандай?

Менің негізгі ұстанымым – елін, жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Бұл ел келешегінің кепілі деп ойлаймын. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «Сабақ беру – үйреншікті жәй шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер». Ұстаз – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, ұлттың да, жақсы мінездің де жанды өкілі.

– Жалпы, шәкірт тәрбиелеудегі негізгі миссияңыз қандай? Бүгінде ұстаздардың тұрмысы түзелгелі бері бұл мамандықты игеруге ниеттілер саны да күрт өскені белгілі. Осы ретте көкейге кез келген адам мықты ұстаз болуға қауқарлы ма? Пікіріңіз?

Шәкірт тәрбиелеудегі негізгі миссиям – ұлт болашағын қалыптастыруға үлес қосу. Соңғы кездері ұстаздардың жалақысы артып ұстаздық жолды таңдаған жастар көбеюде. Бұл әрине көңіл қуантады. Кез келген мұғалім мықты ұстаз бола алады. Ол үшін тынымсыз еңбек пен шыдамдылық ауадай қажет. Алайда ұстаз тұрмысы түзелді деп мен толық айта алмаймын. Қазіргі таңда ұстазға жүктелеген жүк өте ауыр. Ұстаз өз міндетінен бөлек миссиялармен айналысуға да тура келеді. Мәселені мектептен, ұстаздан іздеуден басқа мәселе қалмаған ба, деп те ойлайсың. Қанша дегенмен ұстаз – қоғамдағы зиялы қауым өкілі. Бүкіл елде болып жатқан өзгертерге түсіністікпен қарауға тырысады. Ұстаз мәртебесін нықтау үшін әлі де нақты заңдар қажет. «Ұстазын қадірлеген ел озады» деген бар. Кезінде алаш зиялылыры айтқандай «Алты Алаштың ұлы жиналған жерде төр – мұғалімдікі» болуы тиіс.

– Алға қойған жоспар, бағыт-бағдарыңызбен бөлісе кетсеңіз.

Алға қойған жоспар көп. Атқарылған іс бір тоғыз, атқарылмағаны тоқсан тоғыз. Қолымнан келгенше білім саласындағы өз ұстаз шәкірттерімді қалыптастыруға үлес қоссам деймін. Мен жеткен жетістікке олардың да жетуіне көмектессем деген арманым бар. Міне, осы сияқты тағы басқа жоспарлар бар. Әрине, ол уақыт еншісінде.

– Педагог-шебер біліктілікке жету үшін не қажет?

Маған мұғалімдерді аттестаттау нәтижесінде берілетін ең жоғарғы біліктілік санаты «педагог-шебер» 2019 жылы желтоқсан айында берілді. Ауданда «Шебер-педагог» санатына лайықтылар өте көп . Әр ұстаздың жолы – жеке ерлік жолы. Келешекте менің қатарыма өзге ұстаздар да қосылады деген сенімім мол. Түрлі аудан, облыс, республика көлемінде осы бағытта шеберлік сыныптарын беріп келемін. Бұл санатқа жету үшін – тек ел баласын адал еңбекпен өз уақытыңды аямай ізденіспен еңбек ету керек. 

– Әр ұстаз нақты білім деңгейін көтеруге өз үлесін қалай қоса алады?

Қазір білім беру жүйесі өзгерген. Заман талабына сәйкес, жаңаша білім беру керек. Қанша жылдық тәжірибем болса да, қиындықтар кездесіп тұрады. Ең бастысы теориялық өз пәніңді жетік біліп, бала жақсы көре отырып оның санасына жеткізе алатын әдіс-тәсілдерді меңгеру қажет. 

Ұстаз бақыты неде деп ойлайсыз?

Ұстаз бақыты өте көп. Сәл нәрсеге қуанамыз ғой. Мектептегі шәкіртпен болған әрбір бақытты сәт саған қуаныш сыйлайды. Алдымен таңертең мектепке барғаныңда қаншама шәкірттеріңнің «Сәлеметсіз бе, апай?» деп амандасып, кетіп бара жатқанда «Сау болыңыз, апай!» дегенді есту үлкен бақыт. Жер бетінде қандай мамандық иесі осындай құрметке лайық? Жоғарыда айтып өткенімдей, шәкірт үшін қуансаң, шәкіртіңнің сен үшін қуанғанын көргенде бақыттан басың айналады. Өмірде өз орнын тапқан түлектеріңнің қаншама жылдан соң өз алтын ұясыны сағынышпен оралып ыстық ы қылас тілектерін білдіргенді бақытқа теңемегенде не дерсің?! Осылай тізбектей берсеңіз бақыттың ұясы мектепте деп айтарсыз. 

– Шәкіртті жеңіс тұғырына шығару үшін ұстаздың еңбегі зор. Қазіргі таңда оқушының білімге деген қызығушылығын ояту үшін не істеу керек?

Оқушының білімге деген қызығушылығын арттырудың пәннің ерекшелігіне байланысты жолдары өте көп. Мәселен, мектеп-лицейімізде түрлі жобалар бойынша «Сәнге айналған кітап», «Сіnema day», Театр үйірмелері мен түрлі жоба бар. Оқушыны пәнге қызықтыра білу ол мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мұғалім сабағын қызықты өткізе білсе, бала да сол сабаққа асығады. Сондықтан да әр мұғалім ертеңгі сабақ жоспарын үлкен шығармашылықпен жоспарлауы тиіс. 

– Айтуыңыз орынды. Соңғы сауалымызды жолдасақ. Оқу жылы соңында ұстаздарға қандай жылы лебіңіз бар? 

Оқу жылы да аяталып жатыр. Жыл бойына жетістіктер қоржынын толтырып отырған барша ұстазға дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман, төгілген маңдай тердің тек жемісін көріңіздер демекпін. Қоғамдағы орындарыңыз үнемі төр болсын. Демалыстарыңыз сәтті өтсін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. 

– Тамаша! Сіздің бүгінгі әр сөзіңіз оқырманға орамды ой салды деген ниеттеміз. Әрі қарай да түрлі тың жетістіктеріңізбен ұлағатты мамандығыңыздың жүгін абыройлы арқалай беріңіз деген ізгі тілекпен, біз өз сұхбатымызды аяқтаймыз.

 

Сұхбаттасқан Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: