Kyzylorda-news.kz Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығының егін саласындағы орны ерекше. Аталған салада мамандар даярлау біздің экономикамыз үшін де өзекті. Сондай-ақ техник мамандар бүгінгі таңда сұранысқа ие. Олай дейтініміз білікті түлектерді диплом алғанша жұмыс өзі-ақ тауып алады. Мәселен, кейіпкеріміз Ерсұлтан Кеңесбек бірінші курсында-ақ шаруашылыққа шақырту алып, егіс басындағы қызу еңбекке араласқан.
– Негізі бұл мамандыққа бұрыннан қызығатынмын. Себебі әкем Аққұм ауылындағы «ЛТД» шаруа қожалығында жұмыс жасайды. Балалық шағымда әкеммен еріп, жасалатын жұмыстармен таныс болғанмын. Сол кішкентай кезімдегі техникаға деген қызығушылығымнан болар, колледжге келіп, комбайн айдауды бір сағатта игеріп алдым. Алайда «үйрендім» деп босаңсуға болмайды, мені «Шаңдыкөл» деген алқапта егін оруға көмекке шақырған. Қайтар жолда мән бермегеннен болар, бір шұңқырға түсіп кетіп, шыға алмай қалғанмын. Қатты қорықсам да тез есімді жиып, дөңгелектің астына сабан толтырып әрең шықтым. Алқап үлкен болғасын кейде осындай қиындық болып тұратынына көзім жетті. Бірақ әрине оның бәрін игеруде тәжірибе керек, – дейді жас маман.
Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығын бітіргендерді әмбебап маман десек те болады. Себебі бітірушілер техник-механик, трактор бригадасының механигі, бригадирі, автогараж, шеберхана меңгерушісі, басқа да техникалық қызметтерді атқаруға құқылы. Қазіргі таңда колледжде теориялық білімнен бөлек мамандарды дайындауда тәжірибеге басымдық берілуде. Мәселен, білім алушылар арнайы егіс алқабына шықпай, мамандықтың қыр-сырын ғимараттың жанында-ақ іс жүзінде меңгереді.
– Біздің топта 19 студент бар. Бірақ солардың ішінде Ерсұлтан – өте алғыр бала. Себебі түсіндірген сабақты, құрылғыларды басқаруды тез-ақ үйреніп алады, топтағы көш бастап тұрған студент. Содан болар, аудандағы көптеген шаруа қожалықтан ұсыныс түсіп, бітірген бойда өздеріне жұмысқа шақырып жатыр. Мамандыққа деген қызығушылығы ерекше, жауапкершілігі жоғары. Алдағы уақытта «WorldSkills» деген облыстық байқауға дайындалып жатырмыз. Ерсұлтан – болашағынан көп үміт күттіретін жас маман, – дейді жетекшісі Нұржан Серікұлы.
9 сыныптан колледжге түскен студенттер тек 2-ші курсында іс жүзінде тәжірибе жинақтауға көшеді екен. Ал бірінші курста толығымен теория жүзінде танысады. Бүгінгі олардың басым бөлігі механика айдауды әжептеуір үйреніп алған. Біз де Ерсұлтанға қолқа салып, техника тізгіндеуге ұсыныс жасадық. Расында жетекшісі айтқандай, техниканың құлағында ойнайды екен.
Бұған дейін де шаруа қожалықтар жұмысын көзбен көргесін бе, ауыл шаруашылығы мамандарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көңіл бөлу керек деген ой түйдім. Сондай-ақ көтерме ақы беруді де қарастыру қажет. Әйтпесе ауылда қаланы да, даланы да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған кадрлардың жетіспеушілігі арта түсетін секілді. Ал бұл өз кезегінде шетелге шығатындай сапалы азық-түлік өндіруге кедергі болып қана қоймайды, өзімізді өзіміз қамтамасыз етуді де қиындата түсері сөзсіз.