Kyzylorda-news.kz. Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. Құрылысшы – адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық.

Құрылысшылар мерекесі қарсаңында ауданның сәулеті мен келбетіне сән беріп, үлес қосып келе жатырған алтын қолды құрылыс саласының мамандарымен ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, салтанатты шара өтті.

Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов аудан әкімі атынан шырайлы Шиелінің әсем сәулетін құруға қатысушылардың барлығын кәсіби мерекелері – құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтады.

«Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыстың дамуымен тікелей байланысты. Аудан бойынша құрылыс жұмыстары жыл сайын өркендеп, қарыштап қарқын алып келеді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, көркеюіне құрылысшылар қауымының қосқан үлесі зор» – деп атап өтті Ерсұлтан Апетов.

Бүгінде ауданымызда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Шиелі кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталып, Бала би елді мекенінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Аудан орталығындағы бірнеше оқу орындарының бу қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Шиелі кентіндегі Көкшоқы спорт клубының жабық ғимаратына 105 млн теңге қаржы бөлінді.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен Байсын елді мекеніндегі 250 орындық №207 мектептің құрылысына 762 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды.

Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында ауданымызда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.

Кеше ғана аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес және тікелей қолдауымен құрылысшылар мерекесі аясында құны 2,1 млрд.теңге қаржыны құрайтын, 15 мыңға жуық халқы бар 6 ауылдық округімізді газдандыру мақсатында басты Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталды.

Осындай ілкімді істердің арқасында ауданымыздың келбеті, ауылдарымыздың ажары айшықталуда. Ел қуанышына айналған ғажайып кешендер мен көрікті үйлердің көптеп салынуына құрылысшылардың сіңірген еңбектері ерен. Олар да білікті, іскер және қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай өз үлестерін қосуда.

Шара барысында Ерсұлтан Амантайұлы құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген білікті мамандарға, ардагерлерге облыс және аудан әкімінің марапаттарын табыстады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл, аудандық құрылысшылар ұйымының төрағасы Ғани Есімов, құрылыс саласының еңбек сіңірген ардагері Қуандық Әлтай ағаларымыз мерейлі мерекеге жылы лебіздерімен тілектерін жеткізіп, алғыстарын білдірді.

Тағы да оқыңыз: