Kyzylorda-news.kz. Кейінгі жылдары Шиелі ауданы айтарлықтай дамып, алға басты. Бұл дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, оңтайлы өзгерістерге айтарлықтай жол ашқандықтың белгісі. Өңір аграрлық шаруашылыққа бейіл болғандықтан көптеген іс-шараларды заман талабына сай қайта құрып, аса зор жауапкершілікпен атқаруда. Осы тұста сан салаға басшылық етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, аянбай тер төгіп жүрген аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Амантайұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Ерсұлтан Амантайұлы, қыстай сайманын дайындап шыққан диқан қауымы көктемгі дала жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Ендігі шаруа қожалықтар күрішті қанша процентке толықтай суға бастырып үлгерді? Алдағы уақытта қаншалықты су тапшылығының орын алу қаупі бар ма? Әзірлік қалай?

– Иә, аудан бойынша егін егу науқаны да аяқталды. Биыл жоспарға сәйкес 30 мыңның үстінде егін орналастырылды. Атап айтсақ, күздік бидай 1 650, жаздық бидай 447, тары 240, дән жүгері 173, мақсары 1 288, соя 10, жаңа жоңышқа 3 410, ескі жоңышқа 5 578, мал жемдік асқабақ 194, жемдік жүгері 95 гектарға сондай-ақ, картоп 1 200, көкөнiс 1 805 және 2 400 гектарға бақша дақылдары егіліп, негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 189 гектарды құрады. Бүгінгі таңда толық суға бастырылды. Су тапшылығын болдырмау мақсатында, «Шиелісушар» өндірістік учаскесі теңгерімдегі, «0-2» шаруашылық аралық каналының 2 шақырымына, «Р-8» каналының 3,6 шақырымына, «Ескі сол жаға» каналының сағасына және «Жаңа Бестам» каналының 3 шақырымына және «Жаңа Сұлутөбе» каналының 5 шақырымына «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның Қызылорда филиалының тарапынан механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталған каналдардың қайыр басқан жерлері толықтай тазаланып үлгерді.

Сонымен қатар, Еңбекші ауылдық округі, Қосүйеңкі елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы 2-2-2 каналына жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мекемесі тарапынан 92 млн теңге қаржы бөлініп, 23 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге шаруашылықтар су үнемдеу мақсатында қашыртқы сулары қайта пайдаланылуда. Қазіргі таңда ауданның 3 ауылдық округтердегі су жетіспеушілігі орын алған күріш алқаптарына шаруашылық құрылымдары 4 дана су насостарын қашыртқыларға орналастырған. 

Сондай-ақ, ауданда 43 дана насос қондырғылары бар, оның 21 данасы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы, 10 данасы «Қазсушар» РМК филиалы арқылы алынса, қалған 12 данасы шаруашылақтардың өз есебіндегі насостар.

– «Газеттің өткен санында су шаруашылығына қатысты мақала жазған болатынбыз. «Шиелісушар» мекемесі қызметкерлерінің болжамы бойынша маусым айының онкүндігі мен шілде айының онкүндігі аралығында су тапшылығы орын алуы мүмкін деген болжам айтты. Осыған не дейсіз?

– Жоғарыда айтып өткендей, су тапшылығы кезеңінде шаруашылық құрылымдары ауыл әкімшілігі, су шаруашылығы мекемесі және өз тараптарынан алынған насос қондырғыларын орнатқан. Су тапшылығы сезілетін жерлердің барлығы қазіргі таңда насос қондырғылары арқылы суарылып жатыр. Сондай-ақ, шаруалар аз суды ысырапсыз пайдаланып, үнемдеу мақсатында қаршыртқы суларын қайта пайдалануда. Каналдардағы суды кезекке қоя отырып, су тапшылығынан шығамыз деп болжап отырмыз.

Сырдария өзенінің төменгі ағысынан қазірде 550 текше метр су өтуде. Су мамандарының болжамы бойынша осы онкүндікте алынатын 58,5 текше метр су толығымен алынып, шаруашылық құрылымдарына шаруашылықаралық 0-2, Р-12, Р-7 және Қамыстықақ каналдары арқылы тиісті су бөлініп берілуде.

– Биыл мемлекет тарапынан арзандатылған жағар-жанармайдың литірлік бағасы – 212 теңге болып бекітілді. Мемлекет тарапынан бөлінген жанар-жағармай егін жинап алғанша жетеді ме?

– Шиелі ауданы бойынша көктемгі егінге мемлекет тарапынан 1696,2 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген болатын. 1 литр дизель отынының бағасы 212 теңгеден босатылды. Ауданның 126 шаруа қожалығы «РК-Мұнай» ЖШС-нен өз өтініштері аясында алынған дизель отыны көктемгі егін науқанына толықтай жетіп, күзгі егін жинау жұмыстарына өздеріне қажеттісін электронды түрде «Гос агро» порталы арқылы өз өтініштерін жолдады. Бұл жұмыстар күнделікті бақылауда және дизель отыны жетіспеушілігі байқалған жағдайда алдын ала хабарланып, қосымша дизель отынымен қамтамасыз етілуі бағытында шаралар қабылданатын болады.

– Алдағы жұмысыңызға сәттіліктер тілейміз!

Тағы да оқыңыз: