Kyzylorda-news.kz Әне-міне дегенше берекелі, мерекелі күз мезгілінің келуіне екі ай қалды. Бұл ала жаздай арқасын күн жеп, бел жазбай бейнет қылатын диқаншы қауымның тоқшылыққа кенелер күні. Иә, дәл осындай межелі мерзімде өсірген өнімді шашпай-төкпей қамбаға құйып, оны ысырапсыз толық мақсат тұтқан диқандардың серпінді тірлігі бізге таңсық емес Д.Жұмбеков төрағалық жасайтын «Ақмая» шаруа қожалығының №3 өндірістік бригадасындағы дала еңбеккерлері өткен жылы сарғайған сары алтынның дәнін жерде қалдырмай, уақытылы қамбаға жинап алды. 

Шиелідегі Ақмая ауылы бұрыннан күрішімен танымал. Мұқым елге белгілі, тәуелсіздік жылдары осы ауылдағы шаруашылық қана талан-таражға түспей, қабырғасы сөгілмей, өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Енді міне, арада сан жылдар өтсе де, ауылдың адуынды өмірі тоқтаусыз тың серпінмен жалғасуда. Шиелі ауданының оңтүстік шығыс бетінде орналасып, ауыл мен аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруда үлкен үлес қосып келе жатқан шаруашылық қызметкерлері мен жұмысшылары ұжымдық еңбектің үлгісін көрсетіп келеді.  

Ерлан Сұлтанов – ауылдағы аталған шаруашылықта еңбек жолын 2009 жылы есепші болып бастайды. 2013 жылдан бері №3 бригаданың басшысы қызметін атқаруда. Иә, «Баптай білгенге жер жомарт» деген. 2021 жылы бұл бригада 587 гектар алқапқа негізгі дақыл күріштің тек «Лидер» сұрпын егіп,  250-300 гектар жерге ескі жоңышқа орналастырылған.  

Мәселен, «Лидер» 120-125 күннен кейін ораққа ілінсе, «Янтарды» 110 күннен кейін жинай беруге әбден болады. Ал салмақ жағына келгенде бәрібір «Лидердің» маңызы жоғары. Бұл бригаданың биыл тек күріштің осы сұрпын егуі де сондықтан. 

– Қай жұмыстың да өзіне тән қиындығы, талабы, жауапкершілігі болады. Соның ішінде мен диқан қауымының еңбегін жоғары бағалаймын. Өйткені, олар ерте көктемнен қара күзге дейін егіс басында жүреді. Жаз бойы уақытын аптап ыстықтың астында, аңызақ желдің өтінде, атыз басында өткізу оңай емес. Бірақ, оны осы жұмыстың бейнетін көріп жүрген адам болмаса, былайғы жұрт түсініп, сезіне бермейді. Диқан жердің тынысын сезіп, барлық жағдайын жасау керек. Сонда ғана жер жомарттық танытып, мол өнімге қол жеткізеді, еңбегінің жемісін жейді. Ол үшін жұмысты тиянақты үйлестіріп, оңтайлы ұйымдастыра білу керек, – дейді Ерлан Сұлтанов.

Иә, осы сөзінен-ақ Ерланның «Еңбек еткен адам ғана нан жейді, абыройға кенеледі» деген қағиданы ұстанатын азамат екенін аңғарамыз.

Қыс бойы дайындалып, әбден құнарландырылған жерге егілген өнім де мол өнім беріп, шаруалардың шаттығын еселеген. Атап айтар болсақ, әр гектардан 50-60 центнер өнім жинаған диқандар мол астықты қамбаға құйылады. Бұл – жұмысшылардың маңдай тері мен адал еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ, қазіргі заман – техника мен технологияның дәуірі. Шаруашылық жыл сайын жаңа техникалармен толығып келеді. Осы ретте, «Ақмая» шаруа қожалығының үшінші бригадасына биыл бір «МТЗ-80», бір қуатты шетелдік техника, жер жыртатын соқамен толықтырылған. Жаңаның аты жаңа, техника шаруалардың қол еңбегін азайтып, жұмысты жылдам жүргізуге ықпал еткен.

Бригадада бүгінде 13 күрішші бар. Ерлан Сұлтанов бірнеше жылдан бері аталған бригадаға басшылық етіп келеді. Бригадирдің батылдығы мен іскерлігінің арқасында ақ күріштен тау тұрғызған шаруашылық жыл сайын абырой биігінен көрініп, өнім мен табыс көлемін арттыруда. Тәжірибелі маман өз әкесінің жолын қуып, осы салаға бет бұрған.

– Бұл – ортақ абырой, ортақ еңбек. Барлық қызметкер шаруашылықты алға жылжытуға өз үлестерін қосып келеді. Шаруашылықта он күрішші бар. Олардың ішінде, Қуанышбек Асқаров, Зинабдин Есмұратов, Алтынбек Қыдырбаев, Нұрбол Байжановтардың есімін ерекше атап айтсақ болады. Қуанышбек – ең тәжірибелі күрішші. Ол жиырма бес жылдан бері күріш егіп келеді.  Мәселен, 2021 жылы 75 гектар күріш егіп, әр гектардан 60 центнер өнім алды. Зинабдин болса, ұзақ жылдан бері осы салада еңбек етіп, майын ішкен маман. Соңынан ерген жастарға да үлгі-өнеге болып жүр. Ол осыдан үш жыл 100 гектардың әр гектарынан 54 центнер өнім алып, алдыңғы қатардан көрінді. Ал, Нұрбол Байжановтың еңбек майданында жүргеніне 32 жыл. Ол да 85 гектарға күріш егіп, 55 центнерден өнім алды. Алтынбек Қыдырбаев қиындығы мен күрмеуі мол саланың нағыз маманына айналып үлгірді. Алтынбек те 72 гектарға күріш егіп, 56  центнер өнім алды, – дейді өндіріс бригадирі Е.Сұлтанов.

Күрішті егіп, одан кейін бітік шыққан егінді ору науқаны басталады. Шетелдік «MacDon» техникасымен 2021 жылы Төрехан Әлтаев 1000 гектар жерді орса, ал  Бақытжан Сандыбаев 600 гектар жердің бәрін орып шыққан.  

Бұл жерде тасымалдаушылардың еңбегі орасан зор.  Атап айтар болсақ, Талғат Төлегенов, Қыдырбай Жұмбеков, Мұхтар Жұмбековтердің арқасында қамбаға 7500 тонна астық тасыған кездері болған-ды. Науқанда еңбектің үлкен үлесін орындаған шаруашылық инженері Болат Орынбаев,  су маманы Серік Дәріпбаев, дәнекерлеуші Сейілбай Сенбеков, шаруашылық механигі Құрманай Рахимов пен Серік Кемеловтердің еңбегі ерекше.

  Еңбек майданының ортасында жүрген диқандар «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер еместігін ұғындырғандай. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Илеуіне дән тасыған құмырсқадай қыж-быж қайнаған тіршілікте даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқарып келе жатқан ұжымның ауызбіршілігі осылай ыдырамасын деп тіледік.

Тағы да оқыңыз: