Kyzylorda-news.kz Бүгін Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде ерекше жандар арасындағы облыстық спартакианың жалауы желбіреді. Дәстүрге жалғасқан бұл жарыстың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға бағытталады. Осы ретте облыстық спартакиадаға 8 команда, 100-ге жуық спортшы үстел теннисі, қол күресі, дойбы спорт түрлері бойынша өзара бақ сынаспақ.

Тартысты бәсекенің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Бүгінгі облыстық спартакиаданың ерекше қажеттілігі бар жандар үшін маңызы ерекше деп білемін. Себебі бұл дода спортшыларымыздың бар мүмкіндігін көрсетіп қана қоймай, өмірге деген құлшынысын арттыруға септігін тигізеді. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда Қызылорда қаласының сол жағалауында мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін спортпен шұғылдануына арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жаңа нысан осы жылдың қыркүйек айында ел игілігіне табысталатын болады. Заман талабына сай жабдықталатын жаңа ғимаратта спортшыларымыз үлкен жетістіктерге қол жеткізеді деп сенемін. Осы ретте барша жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, жарыс екі күнге жалғасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы Алғыс хаттар мен медальдар табысталатын болады.

Тағы да оқыңыз: