Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының құнды құжаттарын сақтап отырған архив мекемесінің басшысы Ербол Дүйсенбаевпен әңгімемізді назарларыңызға ұсынбақпыз. 

– Ерболат Әбішұлы, сіздің теміржол, білім, байланыс салаларында абыройлы еңбек еткеніңізді білеміз. Біршама уақыт ауыл әкімі лауазымында да болдыңыз. Архив саласына келуге не әсер етті? 

– Бала кезімде әкем архивке жетектеп алып баратын. Көп нәрсені түсінбесем де қызығатынмын. Сөрелерде толып тұрған қағаздар қайдан шығады деп ойлаушы едім. Уақыт өте осы саланың нанын жеу бұйырыпты. 

– Қайбір жылы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада архив жұмысына кеңірек тоқталып, «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды  ұсынған болатын. Осы бағдарлама аясында өзіңіз басқарып отырған мекемеде қандай жұмыстар өтті?

– Бұл бағдарлама тарихи сананы жаңғырту бойынша көтерілген мәселелерді жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Тәуелсіздік  жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты бабаларымыздың өмірі мен ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түспеген. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін  күтуде. Сондықтан, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық шетелдік архивтер дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізіу үшін «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау жоспарланды. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылар, деректанушылар, мәдениеттанушылардан  құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек. Біз де өз кезегінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, отандық архив қызметін жетілдіру үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.

– Ғылыми ізденіс жолында жүрген, жекелеген азаматтар өздеріне қажетті материалдарды архивтен қалай алады және тұрғындар қаншалықты жиі бас сұғады?

– Кез келген адам архив қорында сақталған өзіне қажетті құнды материалдарын мекеме басшысының атына жазбаша өтініші арқылы ала алады. Бізге көбіне мектеп мұғалімдері мен оқушылары ғылыми жұмыстарына қажетті деректерін алу үшін келеді. Оларға мүмкіндігінше керегін тауып беруге тырысамыз. 

– Архивте қандай тарихи құнды деректер сақталған?

– Соңғы он жылға жуық уақыт болып қалды, біз жеке тұлғалар жайлы деректерді жинап жүрміз. Яғни, Шиелі ауданына еңбегі сіңген, өз саласының озат еңбеккерлері мен үлгілі жандарды топ-топқа бөліп, арнайы коллекция жасадық. Мәселен, ұлттық архив қорының «Еңбек Ерлері» қор коллекциясында Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты Жадыра Таспамбетова, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, Батыр ана Ұлбала Алтайбаева, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты Зәһира Ержанова, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, Социалистік жарыстардың жеңімпазы, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, озат шопан Уайда Әлиханов жайлы мәліметтер енгізілді. 

Сонымен қатар, бізде «Отан үшін от кешкендер» қор коллекциясы бар. Ол жерде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері Бәһән Дүйсенов, Маханбет Төрешев, Ибаділда Райысов, Әшім Аманжолұлының жеке құжаттары сақтаулы. Сол сияқты «Ұлағатты ұстаздар» қор коллекциясына  Қазақ ССР Жоғарғы  Кеңесінің депутаты, ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі  Қалияш Тұрсынованың, «Еңбек ардагерлері» қор коллекциясына Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағының иегері, еңбек ардагері  Қалдыбай Сүгірбаевтың, «Мәдениет майталмандары» қор коллекциясына Қазақстан Республикасының  мәдениет қайраткері, сазгер, айтыскер  ақын, сатирик Кенжебай Жүсіптің жеке тектік құжаттары жинақтаулы.

Әзірге қол жеткізгеніміз осы ғана. Аталған тұлғалардан бөлек ауданның дамуына үлесін қосып, өз саласында абыройлы жұмыс жасаған қаншама еңбеккерлеріміз бар. Өкініштісі, көпшілік құжаттарын жоғалып кетеді деп қауіптенгеннен болу керек, архивке тапсырғысы келмейді. 

– Ғимараттың көне екені бір қарағаннан-ақ көрініп тұр. Қолдан от жағып отырсыздар. Кенттегі мекемелердің біразына газдандыру жұмыстары жүргізіліп қойды. Сіздерге әлі кезектің келмегені ме?

– Аудандық архив болғанымен, облыстық бюджетке қараймыз. Мәселенің барлығы айналып келгенде осыған тіреледі. Жалпы, бұл ғимарат 1986 жылы №219 мектептің жылыжайы ретінде салынған. Іргетасы қаланғаннан бері мүлдем күрделі жөндеуден өтпеген десе де болады. Жаңа өздеріңіз қарап шыққандарыңыздай, қоймаларда жылу жоқ. Қыстыгүні ол жақа кіріп жұмыс жасау мүмкін емес. Ал, жазда өте ыстық, қапырық болып тұрады. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, бұл алғашқыда жылыжайға арналып салынған ғимарат. Оның үстіне әр жауын жауған сайын осылай есіктің алды көлге айналады. Оны арнайы көлік шақыртып тазалатамыз.

– Қоймада қаншама құнды құжаттар сақтаулы. Қақаған аяз бен аптап ыстық қағаздарға әсер етпей қоймасы анық қой.

– Дұрыс айтасыз, қойма ішінде арнайы желдеткіш пен терезе міндетті түрде болуы керек. Өкінішке орай, бізде болмай тұр. Тек бір ғана қоймада терезе бар. Бұл құжаттардың сапасының жоғалуына әкелуде. Архивті сақтау – тарихты сақтаумен тең. Әр қағаздың сиясы ақпай, жыртылмай сақталуы маңызды. Сол себепті, өзім басшылық жасаған уақыттан бастап аудан әкімдерінің есігін қағып, ғимарат мәселесін шешіп беруін сұраудан жалыққан емеспін. Жақында Әшім Оразбекұлының да қабылдауында болдым. Аудан басшысы реті келсе алдағы уақытта орталықтан ғимарат беруге ықпал жасайтынын айтты. 

– 2018 жылы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, архив қызметін ақылы ету мәселесі көтерілген болатын. Бұл шешімнің қандай тиімді тұстары бар? Жалпы, бұл өзгеріс сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты әсер етті?

– Орынды сұрақ. Негізінде біздің мекеме 2007-2008 жылдарға дейін өзін-өзі қаржыландырып келген. Кейіннен мемлекеттің қамқорлығына өтті. Дәл қазіргі уақытта елімізде архив қызметін ақылы ету пилоттық жобада сынақтан өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта ережелер нақты бекітілген соң ақылы қызметке кезең-кезеңімен көшетін боламыз. Мұның да өзіндік тиімді тұстары бар. Мәселен, кейбір мекеменің мамандары құжаттарды архивтеуді, жинақтап реттілікпен орналастыруды білмей қиналуы мүмкін. Сондайда біз ақылы қызметімізді ұсына аламыз. Әрине, қызметтің тарифі мемлекеттен бекітіліп беріледі.

– Электронды архив жобасының артықшылығы неде? Жалпы, цифрландыру бойынша қандай жұмыстар жасалауда?

– Ақпараттандыру-коммуникациясы және байланыс агенттігінің бағдарламасы аясында  Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы №807 бұйрығына сәйкес архив деректерін тек жинақтап қана  қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет. Бүгінгі күні құжаттардың 30-40 пайызын электронды нұсқаға көшірдік. Оған арнайы штат бекітіліп, жұмысқа жаңадан маман қабылдаған болатынбыз. Жалпы, цифрландыру жұмыстары 2025 жылға дейін толықтай жүзеге асатын болады. Одан бөлек халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тұрғындарға электронды қызмет көрсетіп келеміз. Яғни, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында зейнет жасына жеткен тұрғындардың еңбек өтілімін сұранысқа қарай біз электронды үкімет порталы арқылы халыққа қызмет көрсету орталығына жолдап отырамыз. Айта кетейін, өзге аудандардағы архив мекемелері арасында электронды қызметті ең көп көрсететін біздің өңір екен. 

– Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет!

– Сіздерге де рақмет! Уақыт өтеді, ескі көнереді, бірақ рухани мұраның келешек ұрпаққа берер өз тағылымы мен тәлімі мәңгілікке жалғасады.

 

Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯЕВА

Тағы да оқыңыз: