Kyzylorda-news.kz Дүбірлеген дала төсінде еңбек еткен диқан немесе сушы, яки комбайнер білетін күріш өсірудің құпиясын “қарабура ата-1” шаруа қожалығындағы бас есепші Абдолла ағамыздан сұрасаңыз, бүгінде ұмытылып қалған егіннің шығымы мен оны күтіп-баптауға қатысты ақпаратты жадында қайта жаңғыртып, кәсіби мамандай шаруашылықтан әжептәуір әңгіме тарқатады.

Әбекең деп отырған кейіпкеріміз Абдолла Шалқымаев – ауыл шаруашылығы саласында 1994 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Оған ешкімнің дауы жоқ. Салада межелі табысқа қол жеткізіп, кәсібін басқа бағытқа іскер азаматтар талай ауыстырған. Мұндайда білікті кадр үшін жұмыс табу қиын болып па? Бір маусымнан келесі маусымға дейін Абдолла Шалқымаевты жергілікті шаруашылықтардың таласа жұмысқа шақыруы ол туралы жоғарыда айта кеткен мәліметтерді қуаттай түсері анық. 

 30 жылдан аса уақытта аталған саланың түрлі бағытында табанды еңбек еткен ағамыз бүгінде  “Қарабура Ата-1” шаруа қожалығында бас есепші болып жұмыс жасайды. Алайда бас маманмын деп шіреніп, кабинетіндегі жылы креслоға жайғасып, компьютерден бас алмай отыру ол кісінің табиғатында жоқ әдет. Керісінше кешегі науқанда еңбеккерлермен етене жүріп, егіс басында жұмыс жасап жүр. “Мамандыққа – адалдық” деген осы шығар сірә. 

– Былтыр межелі өнімге қол жеткізген шаруашылықтың биыл да жұмысында тоқырау жоқ. Мұның бәрі дала еңбеккерлерінің еселі еңбегінің арқасы деп білемін. Біздің ұжым болып үлкен жетістікке қол жеткізуіміздің басты себебі, мұнда “сен механизаторсың, сен сушысың немесе сен күрішшісің” деген түсінік жоқ. Шаруаның бір жағы ақсап жатса, жұмыла сол олқылықтың алдын алуға күш саламыз. Мәселен, мен мұнда бас есепші болып жұмыс жасаймын. Алайда бұған дейін бірнеше жергілікті шаруашылықтың түрлі бағытында жиған тәжірибемді қазіргі буынмен бөліскім келеді. Мәселен, себілген дән еш кедергісіз бас алуы үшін оған қандай күтім қажет, соның бәрін жас күрішшілерге үйретемін. Мұндағы қажырлы мамандардың жиған тәжірибесін көппен бөлісуге бейім тұрғанынан болар, былтыр ғана ауылда өз жұмысын бастаған шаруашылықтың бүгінде шаруасы шарықтап отыр, – дейді Абдолла Шалқымаев.

Кейіпкеріміз “Қарабура Ата-1” ШҚ-ның биыл да оң нәтижеге қол жеткізгенін айтады. Сөйлетсең, дән сеппес бұрын жердің өзіне қандай күтім қажеттігін жетік білетінін аңғара қоясың. Мәселен, жерді күріш орылғаннан кейін бір сүдігерлеген дұрыс көрінеді. Көктемгі науқанға дейін екі рет жыртылған жерде келер жылы арам шөп аз болады. Ал мұндай алқапта жаз бойы бапталған өнімнің шығымы жоғары болатынына шүбә жоқ. 

Әбекеңнің айтуынша, аталған шаруашылық жыл сайын еңбеккерлерге айлығынан бөлек қосымша сыйақы тағайындайды екен. Шаруашылық төрағасы Дастан Ержанов 2020 жылдың қорытынды науқанында су жаңа темір тұлпарды бас есепші Абдолла Шалқымаевтың да қанжығасына байлағаны туралы сүйінші хабар құлағымызға жетті. Еңбек адамына деген құрметтің біздің қоғамда жоғары бағаланғанын көріп, сүйсінгеніміз де рас. 

Тағы да оқыңыз: