Kyzylorda-news.kz. Қазақта «Диқанның қазынасы – жер» деген даналық сөз бар. Расында бастаған кәсібіңнің нәсібін көру үлкен жеңіс, зор еңбек. Қысы-жазы тынбай еңбек етушілер де сол диқандар. Сондай, еңбекқор, өз еңбегінің жемісін адалынан көріп жүрген азаматтардың бірі – ақмаялық Исабек Уәділ.
Сонау 1976 жылы мектепті бітіре сала егін даласындағы еңбекке араласқан ол 1977-1979 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтейді. Ауылға келген соң қайтадан совхоз жұмысына араласады. Алғашқыда күрішші, одан соң механизатор болып жұмыс істейді. Ал 1982 жылдан бастап И.Ташкенбайұлы шаруашылықта көлік жүргізуші болып қызмет етеді. Жастайынан еңбекке ерте араласқан Исабек Уәділ шаруашылықта жүріп шыңдалды. Кейіннен ауылдағы май шығаратын цехта, одан соң май құю бекетінде еңбек етіп, зейнетке шықты.
Зейнетке шықты демесең, Исабек Ташкенбайұлы үшін нағыз еңбектің қызған шағы осы кезеңде басталған еді. Себебі інісі екеуі 2017 жылы «Ерназар» атты шаруашылық құрып, отбасылық кәсіпті жүргізе бастайды. Ал биыл диқанның кіші ұлының атымен «Абай» шаруа қожалығы құрылып, егіншілік еңбектің ауқымын арттырды.
«Қырық жылға жуық совхозда жұмыс істедім. Зейнетке шыққан соң жеке шаруашылықты жандандырып келеміз. Бүгінде ұлдарым «Абай» шаруа қожалығын құрып, еңбек етіп жүр. Өзіммен бірге оқыған бір құрдасым күрішке қарайды. Басы-қасында өзім де боламын. Шүкір, шаруашылықта төрт ұлымнан артылар тірлік жоқ», – дейді ардагер диқан.
Көктемнің алагеуім таңынан бастап күзгі салымға дейін дала төсіне себілген Сыр маржанын күтіп баптау күрішшінің мойнындағы міндет. Ана баласын қалай әлпештесе, күрішші де атыз, алқаптағы ақ маржанын солай аялап, өсіреді. Бала кезінен егіннің жайын жақсы білетін Исабек балаларын да кішкентайынан жанына ертіп, адал еңбекке баулыған. Бүгінде «К-700», комбайн, трактор, КамАз секілді шаруашылыққа қажетті техникалар түгелдей өздерінен табылады. Барлығын тізгіндейтін өзінің ұлдары.
Биыл олар 78 гектар аумаққа дән септі. Күздігүні өнімнің ырысты, мол болуынан үмітті. Ауыл шаруашылығы – ауыр шаруашылық. Күн астында маңдай тердің төгілуін талап ететін тірліктің машақатын Уәділовтар отбасы жақсы біледі.
Кейіпкеріміз «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген тәмсілді қаперде үнемі ұстайды. Таң бозарғаннан кетпенін иыққа артып, егістікке қарай тартып, тынымсыз еңбекке араласқан зейнеткер шаруаның бір күндік жұмысын көріп біз де марқайдық. Жас диқандарға үлгі болар арда азаматтың бойындағы қайтпас қайсарлығы мен байсалдылығы, жұмысқа деген құлшынысы оны алға жетелейді. Бастысы, жасы алпыстың асқарынан асса да бейнеттің бел ортасынан табылып жүргені қуантты. Исабек Ташкенбайұлының «Тірліктен қашпаңдар, қара жұмысқа күш-жігерлеріңді салыңдар, тынымсыз еңбек етіңдер» деп балаларын еңбекке қайрап отырғанының өзі үлкен еңбек.
Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп, берекелі шаңырақтың тұтқасын ұстап отырған отағасы түйір нанның нәпақасы маңдай термен келетінін ұлдарымен қатар немерелерінің де санасына сіңдіріп келеді. Әке арманы да осы, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу.
Нағыз диқан болу үшін тынымсыз ыждағат керек болса, ал күрішші болуда одан екі есе ынта керек, – дейді ақмаялық күрішші.
Иә, әрбір дән диқан үшін тер тамшысы болып көрінетіні рас. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен, әсіресе оны отбасылық кәсіп ретінде дөңгелеткен жандар қашанда мақтауға лайық.