Kyzylorda-news.kz Адамға абырой да, атақ та, даңқ та тек еңбекпен келеді. Еңбек адамына насихаттың да керегі жоқ, тек олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа үлгі тұту – бізге парыз. Қоғамның да тынысы осы еңбеккерлермен ашылады. Сондықтан өздеріне деген елдің құрметін сезіндіру үшін еңбек иелерін дәріптеудің ешқандай артығы жоқ.

Ел құрметіне бөленген сондай жандардың бірі – Ақсу ауылында тұратын Мейрамбек Сабырбаев. Жастайынан совхоздың жұмысында жүріп, шаруаға ысылған Мейрамбек  ағамыз отыз жылдан астам уақыт жүргізуші болды. Қарақұмда отырған жылқышыларға қажетті заттарын жеткізіп беріп тұру үшін Мейрамбек ағамызға жол талғамайтын көлікпен апта сайын қырдағы малшылар ауылын аралауға тура келіпті. Негізі өлке тарихын шопырлардан артық білетін ешкім жоқ. Тіпті кейбір зерттеушілердің назарына түспей, қаперінен тыс қалып қойған тарихи жерлер мен ондағы оқиғаларды сол өңірді ұзақ жылдар бойы аралаған жүргізушілерден естіп, таңғалып жатамыз. Бұл тұрғыда Мейрамбек ағамыздан да тыңдайтынымыз көп. Қырдағы Қарақұмды көп шарлаған ол кісі жол бойындағы әр ерекше белгіні есіне сақтап алады екен. Ат шалдырып, аялдаған әрбір бұлақ-скважиналардың атаулары және олардың қилы тарихы жайлы мағлұматқа сол маңайды жайлап отырған малшылардан, айналасындағы көнекөздерден қанығады. Әр адамның тарихи жады өз өлкесінің тарихын тануымен қалыптасатыны рас. Өлке тарихынан тамыр тартқан адамның туған жеріне, Отанына, мемлекетіне деген сүйіспеншілігі кеудесіндегі жұмыр етпен бірге соғып тұрады. 

– Жетпісінші жылдардың бел ортасынан бастап, тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін шаруашылықта жүргізуші болдым. Астымда жаңа "Газ-53" көлігі бар. Жас шағың – нағыз туған жеріңе қызмет қылатын кезің. Шаршау-шалдығу дегенді білмедік. Күні-түні жолда жүреміз. Бағытымыз – батыс, мақсатымыз – қырда отырған Ақсу совхозының малшыларын көктем мен күзде Сырдан Қырға, Қырдан Сырға көшіру, қажет кезінде қолғабыс беру, уақытылы азық-түлігін, күнделікті тұрмыстарына қажетті заттарын жеткізу. Міне, осы жұмыстардың барлығы жыл он екі ай толастамайтын. Бұл өңірдің бар тарихы Қарақұм мен Қызылқұмда жазылып жатыр. Оны тек оқи алатын көкіректе көзің, тоқи алатын сергек зердең болуы керек. Жолда көп жүрген жолаушы көп көреді, көп нәрсеге куә болады. Тарихты естіген бөлек те, сол тарихи оқиғалар өткен жерлерде болып, кең даланы кернеген ұлттың рухын сезінудің жөні бір басқа. Мәселен, Қарақұм – менің бабаларымның атақонысы. Ал мен сол бабаларым өмір сүрген өлкенің әр тасын, бір тал өсімдігін сүйіп, энергиясын бойыма дарыту үшін сол жердің тарихын білуге тиіспін ғой. Сондықтан мен Қарақұмдағы әр сапарымнан бойыма күш-қуат алып, ерекше бір әсермен қайтатынмын. Тарихи орындардың өзіне тән тылсым күші болады. Адамды еріксіз тартып тұрады. Мәселен, кешегі қызыл империяның солақай саясатына қарсы шыққан бабаларым Қарақұмды паналапты. Ұлтын сақтап қалу жолында орыстардың зеңбірегіне жалаң қылышпен шабуылдаған бабаларымның қаны төгілген жер де – Қарақұм. Сондықтан Қарақұмның әр шоқысы мен үшін қанмен жазылған қасиетті де, қасіретті тарих. Мен тарихшы емеспін, қарапайым еңбек адамымын. Айтайын деп отырғаным да сол, еңбек адамына рух беріп, құрметтеу арқылы оны қанаттандырып, талпындырып отыратын – халық. Өйткені біз елге, жерге және сол жердің иесі халыққа қызмет қылдық, – дейді еңбекпен шыңдалып өскен Мейрамбек ағамыз. 

Қазір де Мейрамбек Сабырбаев – "Сәрке батыр" шаруашылығында күрішші. Он жылдан астам уақыттан бері күрішті күтіп, баптаған диқан қазірде егін шаруашылығында да мол тәжірибе жинаған. Жылда озаттар қатарында келеді. 

– Күріш егу де тынымсыз еңбекті қажет етеді. Тек еңбек қана емес, бұл салада агрономиялық білімің де болуы керек. Сондықтан тәжірибемен бірге қосымша ізденіп отыруға да тура келеді. Жерге тұқым сепкеннен бастап, күрішшіге тыным жоқ. Әсіресе алқаптың алғашқы суын тартып, түптету кезеңіндегі күтім өте маңызды. Мұны "қырқынан шығару" дейді. Қырқынан шыққанша нәрестеге қандай күтім қажет болса, күрішті де осы кезеңде барынша баптап, аялау керек. Әйтпесе, ойыңдағыдай өнім алуың екіталай. Мен былтыр 56 гектар жерге күріштің "Лидер" деген сұрпын ектім. Бұл сұрыптың бір ерекшелігі – салмақты әрі климаттық жағдайларға бейімделгіш, төзімді, азықтық құнары да жоғары. Жаздай егіс басында жүрген еңбегіміздің өтемі қайтты, әр гектарына 63 центнер өнім алып, шаруашылықтың қамбасына 3 500 центнер астық құйдым. Әрине, бұл аянбай төккен тердің нәтижесі. Бізді әкеміз жас кезімізден еңбекке баулыды, еңбекпен тапқан түйір дәннің дәмі кеудеңе әл, көңіліңе хош үйіретінін және де еңбекпен келген даңқтың, еңбеккерге деген халықтың құрметінің мәңгілік болатынын құлағымызға құйып өсірді, – дейді диқан.

Расында, былтыр күзгі науқанның қорытындысында Мейрамбек ағамыз еңбек озаттарының қатарына қосылды. Бұдан жер емген диқанның өз шаруасына деген сүйіспеншілігін, жауапкершілігін аңғаруға болады. Әке ақылы құлағында қалған еңбеккер бүгінде халық алғысына бөленіп, артынан ерген жас ұрпаққа үлгі болып келе жатыр.

Тағы да оқыңыз: