Kyzylorda-news.kz «Әлемнің әміршісі – еңбек», «Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Қай-қай істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, бар күш-қуатыңды соның жолына салсаң, ешқандай еңбектің еш кетпейтінін көпшілігіміз жақсы білеміз.
«Еңбектің наны тәтті» — деген мақалды есімізге түсірер болсақ еңбекпен келген табыстың үйге берекесін кіргізетініне көзіміз жетеді. Сондықтан еңбек адамы қашан да көпке үлгі. Адал асын маңдай терімен тапқан жандарды көргенде іштей қуанып қаласың. Бүгінде дайын дүниеге құмартқандар оңай олжа тапқысы келеді. Жеңіл жұмыс іздеп, қалада сабылып жүрген жастар да жетерлік. Бірақ ауылда сан кәсіптің кілті бар, мүмкіндікті пайдалана білгенге. Ала жаздай егін алқабында бел жазбай еңбек етіп, күзде несібесі артатын жандар қаншама?!
Шиелі ауданында «Ортақшыл» деген ауыл бар. Ерекшелігі тары дақылын егеді. «Тары түйген ауыл» атанған. Мұндағы шаруалардың кәсібі осы. Тары өсірумен айналысатындардың бірі – Алмасбек Құрманбекұлы. Ол жары Гауһар Оспанова екеуі бірігіп, отбасылық кәсіпті дөңгелентіп отыр.
Ерлі-зайыптылар әлеуметтік желіде де белсенді. Тарыны егіп, жинап алғаннан кейін қалай дайындалатынын желіге жүктейді. Сапалы жасалған өнімді көрген тұтынушылар жер-жерден тапсырыс береді. Жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесіне де қатысып, арзан бағада халыққа ұсынуда.
– Бала кезімнен әке-шешемнің осы кәсібін көріп, қолғабыс етіп өстік. Есейгенде мен де шаруашылықпен айналыса бастадым. Тары егіп, тәжірибе жинадым. Отбасын құрғаннан кейін жолдасым екеуміз жалғастырдық. Жыл сайын 2-3 гектар жерге тары егемін. Мамыр айында басталған қызу тіршілік 90 күннен кейін жемісін береді. Тары егу де оңай шаруа емес. Жаз бойы егін басында боламыз. Уақытылы суарып, құстан қорғап, қырманға бастырғанша қадағалаймыз. Біздің сорт – жергілікті өнім. Сондықтан өнім мол болады. Суы қанық, жері тың болғандықтан гектарына 80-90 қап аламыз. Осылайша адал еңбегімнің жемісін көріп келемін. Тары сөгі мен талқаны адамға күш-қуат береді. Денсаулыққа пайдасы зор. Қан қысымын реттеп, асқазан жұмысын жақсартады, бауырға да пайдалы, – дейді Алмасбек Құрманбекұлы.
Алмасбек тарыны қырманға жинап, кептіреді. Сабағынан бөліп, үгітеді. Қаптап, үйіне әкеледі. Одан әрі тіршілікті Гауһар екеуі жүргізеді. Қайнап тұрған суға салып, 40 минут ұстайды. Одан кейін қуырып, түйеді. Дайын өнімді саудаға шығарады. Бұдан бөлек тарыдан талқан жасайды. Қалдығынан мал азығын алады.
– Біз тарыны қолдап орамыз. Техникамен оруға болмайды. Себебі, қауызынан төгілуге дайын тұрады. Қысқасы, піскенінен бастап, дастарқанға жеткенге дейінгі жұмысты тек қол еңбегімен атқарамыз. Содан да болар дәмі ерекше. Тапсырыс көп, кейде үлгермей қаламыз. Неше жылдан бері келе жатқан тұрақты тұтынушылар да бар. Бағасы да қалтаға қонымды. Тары сөгі мен талқан 1300 теңгеден, – дейді ол.
Шағын кәсібін берекелі етіп отырған азаматтың ендігі жерде, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрсем деген ниеті бар.