Kyzylorda-news.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт

«Жер – ата-бабадан қалған қасиетті қоныс. Қазақтың болашағы алтын қазынасы. Тал бесік пен жер бесіктің арасындағы ғұмырыңның ұясын қорға, топырағын былғама, суын улама» деген аталарымыздан қалған насихат бар. Бабаларымыз айтқандай суы нәрлі, шөбі шүйгін, ауасы тынық, бақ-береке, ырыс пен құт қонған ата қонысын «Туған жерім – алтын бесігім» деп жүректерінің түкпіріне сақтап, ешқашан естерінен шығармаған Арал ауданына қарасты Шижаға халқының көрегенділігі, даналығы, дарқандылығы, мен кіршіксіз ақ көңілдігімен алдына жан салмайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген азаматтарын жіпке тізсек жетіп артылады. Ал осындай баға жетпес қасиеттерді бойына сіңіре білген, Шижаға ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Тұңғышбай» жеке шаруа қожалығының төрағасы, ерен еңбек иесі ретінде бірнеше марапаттар иегері, ауылының айтар сөзі бар ақсақалы Сматуллаев Бақытжан Бақыт туралы айтпақпыз.

Бақытжан Сматуллаұлы 1947 жылы 3 қаңтарда Қазалы ауданы Майдакөл (бұрынғы Ворошилов) колхозында дүниеге келген. Әкесі Әлниязов Сматулла 1912 жылы туылған. Отан қорғау жолында қан майданда тізеден қан кешіп ерлік жасап, 1944 жылы бір көзінен, бір қолынан айырылып, елге оралады. Халық шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында сол уақыттағы Ворошилов колхозынының басқармасы, ферма меңгерушісі болып қоғамға өз үлесін қосады. 1961 жылы Арал ауданына қоныс аударып, Арал совхозында агроном болып еңбек еткен. «Әке балаға тас қайрақ» демекші, өзінен өрген ұрпақтарына өмір жолдарының әрбір белестерінің шыңына шығу үшін әрдайым қайрап отырған екен. Анасы Мейіржан Бекпенбетқызы 1916 жылы дүниеге келген. Бала тәрбиесімен қатар, үй шаруасымен айналысып, аналық мол тәжірибесін, ұлттық құндылықтарды ұрпақтарына еге білген, туған-туыстарды жақындастырып, ошағы оттан түспеген, қонақжайлы өмірге бес ұл, бес қыздарын әкелген алтын құрсақты аяулы ана болған деседі.

Бақытжан Сматуллаұлы 1951 жылы Майдакөл колхозындағы №98 орта мектептің 7 сыныбын бітірген. 1962 жылы Аралсульфат училищесіне түсіп, 1963 жылы механизатор мамандығын алып шығады. Арал совхозында тракторшы, автомобиль жүргізушісі болып еңбек етті. 1966-1969 жылдар аралығында әскери борышын өтеді. 1982-86 жылдарда өндірістен қол үзбей Қызылорда политехникумына оқуға түсіп, автомеханик мамандығын игеріп шығады. 1983 жылдан бастап, жабдықтаушы, автогараж меңгерушісі болып миллионер совхоз атануына өз үлесін қосты. 1990 жылдан бастап совхоз директорының орынбасары қызметін ойдағыдай атқара білді. Тәуелсіздік жылдары 1997-2001 жылдарда автогараж меңгерушісі ретінде техникалардың жай-күйін тұрақты жарамды жағдайда болуына сүбелі үлесі қоса білген. Нарық заманының ағымына орай «Тұңғышбай» жеке шаруа қожалығын құрды. Оның бүгінгі күні шаруашылығы шалқып, мал басы көбеюде . 2002 жылы №26, 28, 29 сайлау учаскесінде «Ауыл» партиясын құрып, оның төрағасы ретінде ауылдың қажетті, мұқтаж мәселелерін тиісті орындарға жеткізіп, олардың нәтижелеріде болған. 2004-2009 жылдары уақыт талабына сай «СТК» селхоз тұтыну» кооперативінің төрағасы қызметін атқарған кезде де тұрғындардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына да септігін тигізгені бар. Зейнет пен бейнет қашанда қатар келеді демекші, 2010 жылы 41 жылдық еңбек өтілімен құрметті демалысқа шықты. Зейнеткермін деп пештің қуысында қалған жоқ, 2018 жылдан бастап Шижаға ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, ауылының құрметті ақсақалы атануда.

«Отбасы немесе шаңырақ сүйіспеншілікке толы болса – ізгіліктің көркемсарайларының бірі, ал берекесіз болса – азаптың терең шұңқырларының бірі» деп мысырлық танымал оқымысты Ата әс-Сынбати айтқандай, Бақытжан інімде жар таңдауда маңдайлы болып, 1970 жылы Айнаш Құрманбайқызымен бас қосып, шаңырақтарын сүйіспеншілікке толтырып, отауларын көркем сарайлардың біріне айналдырды. Айнаш Құрманбайқызы өмірге бес перзент әкелген ибалы ана. Әйел мен адалдық та бір-бірінен ажырағысыз бүтін бітім. Адалдық – әйел өмірінің мәні. Үйдегі ұрпағына, еріне, бүкіл адам баласына адалдық қасиет анадан сіңетіні баршаға аян. Адалдықтың бұлағын лайламаған адал – ана, адал жар екендігін Айнаш Құрманбайқызына қаратып айтса жарасар.

Негізгі дәстүрлі қазақ отбасында «Әке – бел, әке – айбын, әке – қорған болса ана – береке, ана – мейірім, ана – жылылық» дегендей,осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен, айбынды қорғанға сүйенген ұлдары мен қыздары тәуелсіз еліміздің тұғырын биік ұстайтын ұлтжанды, ата дәстүрін берік ұстаған азаматтар екенін білеміз. Ұлдары өндірістің күре тамыры болып саналатын теміржол мекемелерде теміржолшы болып еңбек етуде. «Арпа ішінде бір бидай» демекші Сәндігүл Бақытжанқызы шаңырағының отын маздатып отырған ұлағатты ана. «Жақсы ұлың болса – қазығың, жақсы келінің болса – азығың» дегендей, ұлдары бір-бір отаудың шаңырағын шайқалтпайтындай қазығы болса, ал келіндері ұлтымыздың салт-дәстүрлерін бойларына сіңіре білген, ұрпақтар әкеліп әулеттің тынысын кеңейткен отбасының таусылмастай ырзығы бола білген инабатты жандар. Енді Бақытжанға сөз берсек:

– Ауылымызда 2600-ға жуық тұрғын, 40-тай жеке шаруа қожалықтары 4 кәсіпкерлер мен қатар, 260-қа жуық ардагерлер тұрады. Арнайы жабдықталған ардагерлер бөлмесінде ардагерлер кеңесі өтіп тұрады. Онда тұрмысы төмен отбасыларға ауыл болып, ардагерлерде қаржылай көмек жасап келеміз. Әкімшілік тарапынан да атаулы көмек берумен қатар қоғамдық жұмыстарға тартылып отырады. 2019 жылы Шижаға халқы «Тағзым» алаңын орнатып, Ұлы Отан соғысына қатысып, қайтпай қалған боздақтарға мешіттен ас беріп, ат шаптырып, Құран бағыштады. Бұл шараға да ардагерлер қаржылай көмек көрсетті. 2021 жылы қуаңшылық болған кезде ауыл азаматтары болып, малымызды ауылдан алыстау жерге бағып, жем-шөп әкеліп төрт түлік малымызды ауызбіршіліктің арқасында аман алып қалдық. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында болған жарылыс кезінде қаржылай көмек көрсеттік. Бұл шарадан да ардагерлеріміз тыс қалған жоқ. 2022 жылы ауыл жастары кәсіпкерлер, қожалық иелері қаржы жинап, ауыл мешітіне жылу жүйесін жүргізіп, Алланың үйіне қызмет көрсеттік. 2023 жылы ауыл тұрғынының үйі өртеніп,ішіндегі адамдар аман қалған еді. Ауыл ақсақалдарының ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары қаржы жинап үймен қамтамасыз етіп, адамдарға киім-кешек алып берілді. Осы жылы ауыл жастары ауыл мешітіне азан шақыруға аспаптар мен қоса басқа жабдықтар алып беріп, өнегелерін көрсетті. Қазір солардың игіліктерін көруде. Биылғы жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылдық округінде болған су тасқынына байланысты қаржылай көмек көрсетілді. Ауыл жастары, шаруа қожалықтарының төрағалары, ардагерлер, ауыл әкімшілігі болып, 2 млн. теңге жинап, оның 1 млн. теңгесін қолма-қол тапсырып, 2 тонна дизель отыны, 5000 қап, қолғап, күрек сияқты қажетті құрал-саймандарды ауыл азаматтары барып, Жайсаңбай округінің әкіміне тапсырып, бауырластық ниетімізді білдіріп қайттық. Ауылымызда аға буын, ардагерлер, ауыл ақсақалдары қандай жағдайда да барлық шаруаға тікелей араласады. Бізде қайғылы жағдайда ақша таратылмайды. Дастарқанға ұннан жасалған тағамдар ғана қойылады. Көрші үйге кіргізіп ас береді. Осы жұмыстардың барлығына ауыл ардагерлері тікелей араласады. Ал мен осы ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде барлық жұмыстарға бас-көз боламын. Осы жылғы 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға "Тағзым" алаңының алдына ауыл болып жиналып, Құран бағыштап, алау отын жағып, гүл шоқтарын қойып, мектеп жастары іс-шараларын өткізді. Ауыл әкімі және мекеме басшылары болып Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, мерекелерімен құттықтап, баталарын алып қайттық. «Артық білім – кітапта» демекші, кітап оқығанды жаным сүйеді деп, –  ағынан жарыла әңгімеледі.

Айтса айтқандай, «ауылына қарай, азаматын таны» демекші, әлеуметтік жағдайлары түзеліп, қаз-қатар салынған соңғы үлгідегі үйлерді көргенде көңіліңе жақсылық ұялайды. Осындайда кез келген сауапты, игілікті істердің басында жүрген ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақытжан ініме қоғамға адал да, әділ де қызметіңнің абыройына бөлене бер дей отырып отбасына амандық, денсаулық, ұл-қыздарыңнан тараған 22 немере, 9 шөберелеріңнің  сазды әуеніне бөленіп, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпақтарға еге бер деген ізгі тілек жеткізгіміз келеді.

Тағы да оқыңыз: