Kyzylorda-news.kz Өмір толқынында елім деп, болашақ деп соққан жүректер өз елінен ештеңені аямайтыны рас. Сондай азаматтардың бірі-Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының белгілі азаматы – Әбілахов Қайрат Әбдіманапұлы. Қайраттың есімін ауылдастары ерекше сезіммен, мақтанышпен айтады. Ауданға, облысқа еңбегі сіңген,  спорт саласында аянбай еңбек етіп, көптеген шәкірттер тәрбиелеп, бірнеше чемпиондар шығарған , Қазақ күресінің майталманы, қазақша күрестен «Қазақстан спорт шебері», самбо, дзюдо күрестерінің білікті бапкері, ұлағатты ұстаз Әбілахов Қайрат Әбдіманапұлының еңбегін елемеу  мүмкін емес. 

Әбілахов Қайрат Әбдіманапұлы (14.05.1970—19.04.2019), бала күнінен спортқа үлкен қызығушылықпен қарады. Анасы музыка мектебіне қосымша берсе де , өз қалауымен жасырын түрде  спорт мектебіне де барып, екі саланы (өнер, спорт) қатар меңгерді. Кез келген музыкалық аспапта еркін ойнап, ән салды. Ал спортта өз жеңісін қазақша күрестен бастады. Бір жасында әкесінен айрылған Қайрат, нағыз ер азамат болып жетілуге талпынды. Әділдікті, шындықты жақтады. Мектепті жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. Досқа, ағайынға, жалпы адамзатқа адал болды. Таза, әділ күресе жүріп, «Қазақстанның спорт шебері» атанды. Болар бала өзгеше демекші, Қайрат тек күрес, өнер емес, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарына да жетік болды. Қызылорда облыстық «Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болды. Республикалық жарыстарда бас төреші дәрежесінде өз міндетін әділ атқарды. Сондай –ақ,  Қайрат Әбдіманапұлы спорт саласындағы күрмеуі қиын сұрақтардың  шешімін табуды абыроймен орындайтын. Әріптестері де, шәкірттері де ол кісіге нық сенетін.  Депудаттыққа үміткер болғанында: «Шындық бар жерде шынайы өмір қалыптасады...»-деген сөзі бар еді. Адал еңбек ете жүріп, әділдік пен шындық сырын талайға ұқтырған Қайрат Әбдіманапұлы еңбегі еленіп, жеңіс тұғырында иеленген медаль-диплом, мақтау қағаздарынан бөлек , «Спорт саласына сіңірген еңбегі үшін» және Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медальдарымен марапатталды. Суреті ауданның орталық көшесінде ілініп тұрды.

Күрес саласындағы еңбегі жайлы айтар болсақ, ауыл-ауылды аралап жүріп, түрлі той-жиындарда сырттай қарап отырып, икемі бар балаларды таңдап, ата –анасынан сұрап әкеліп, өз үйінде жатқызып, мектепке де оқытып, асырап-өсіріп, спортқа дайындап, чемпиондар шығарды. Жол қаражаты болмаған жағдайларда үйіндегі жалғыз малын сатып, оқушыларын жарысқа алып барған сәттері болды. Мұндай жанашырлықты екінің бірі жасай бермесі анық. Десе де, еңбегі, үміті ақталып,  шәкірттері Германия жеріне дейін барып, жеңіспен оралды. Адал еңбек, шынайы жүрек еленбей қалмайды екен. Қайрат Әбдіманапұлының ерен еңбегі еленіп, өзі чемпион шығарған Исмайлов Жақсылық Алишерұлы мен Пәзілбек Ерсұлтан Мұхтарұлы бастаған шәкірттері 2023 жылдан бастап, Әбілахов Қайрат Әбдіманапұлын еске алуға арналған Дзюдо күресінен 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткізуді бастады.

2023 жылы бірінші рет ұйымдастырылып, өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстаннық барлық облыстарынан дерлік 350 спортшы  қатысып, жүлделі орындарға диплом- медальдармен қатар, шәкірттерінің демеушілігімен, Қайраттың бауырларының қолдауымен 150 мың теңге көлеміне дейін ақшалай сыйлықтар, медаль ілгіштері, естелік статуеткалар сыйға берілді. Ал 2024 жылдың 29-30 сәуір күндері өткен Республикалық турнирде , су тасқыны сынды  кейбір өңірлерде болып жатқан жағдайларға байланысты біршама спортшылар келе алмай, 200-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс өте тартымды өтті. Бірінші жылғыға қарағанда балалар төселген. Өткен жылы жеңіліс тапқандар бұл жолы жақсы дайындықпен келіп, жеңіске жетті. 42, 46, 50, 55, 60, 66, 73, 81, +81 келі салмақта күресті. Спортшылардың тәртіп сақтауы  облыстық бас төреші Қайрат Төленді тарапынан қатаң бақыланды. Жарыстың әділ өткені үшін осы кісі алғыс шексіз.

Өткен жылы Маңғыстау, Атырау, Жаңақорған, тараз спортшылары көбірек жеңіске жетсе, бұл жарыста жүлделі орындарға ие болған спортшылардың басым көпшілігі Түркістан облысы, Тараз, Қызылорда қаласының спорт мектебінің, Жалағаш ауданының спортшылары болды. Дегенмен Жаңақорған ауданының спортшылары да кем түспеді. 60 кг салмақта ІІ орын алса, 73 кг салмақта І орын иеленіп чемпион атанды. Жаңақорғандық чемпион –Байзақ Қажымухан, Бапкерлері : Қайрат Әбдіманапұлының шәкірттері - Темірханұлы Дархан, Пәзілбек Ерсұлтан.

Жеңімпаздардың жүлделеріне тоқталсақ: биылғы жылы да дипломдар мен ақшалай, заттай сыйлықтарға қоса кубоктар берілді. Республика көлемінде мұндай турнир өткізу оңай іс емес. Ұйымдастыру жұмыстарында бірлік пен келісім, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білу керек. Осы істі қолға алып ұйымдастырып жүрген Жаңақорған ауданының спорт мектебі ұжымына, кезінде Қайраттың шәкірттері болған, бүгінгі күні белді бапкерлер: Жақсылық, Талғат, Ерсұлтан, Дархан сынды барлық жігіттерге алғысымыз шексіз. Ендігі тілегіміз: аудан орталығындағы спорт кешеніне Әбілахов Қайрат есімін берсе артық болмас еді. Қызылорда облысының, Жаңақорған ауданының спорт саласының қызметкерлерінің жүйелі жұмысы нәтижесінде: Әбілахов Қайрат Әбдіманапұлын еске алуға арналған ДЗЮДО күресінен Республикалық турнирді  жыл сайын өткізу дәстүрге айналады деп сенеміз.

                                                           Назерке Маратбекқызы 

Тағы да оқыңыз: