Kyzylorda-news.kz  Жеңіс күні  мереке болғанымен, оның  өтеуі тым қымбатқа түскенін аға ұрпақ жақсы біледі. Жерін жаудан азат ету жолында майдан даласында жан алысып, жан беріскендердің бірі – Зәкір Таңбаев.

Ол алғаш  Югославия еліндегі ұрысқа қатысып, жаумен ашық шайқасқа шығады. Бірақ зеңбіректен жауған оқтың астында қалады. Қатты жарылыстың салдарынан жарақат алады. Бұл туралы өзінің естелігінде де айтылған.

 «Айнала тынышталып қалған. Мен орнымнан тұрайын десем, қозғалатын түрім жоқ. Аяғыма зеңбірек оғының жарықшағы тиген екен. Жан-жағыма қарасам, Молодовский досым жарақат алса керек, екі қолымен басын қысып «мама» деп жатыр екен. Сәлден соң дәрігерлер келіп, зембілге салып алып кетті. Жарақатымыздың ауыр екенін көріп, Ленинградтағы госпитальға жіберді. Мұнда бір күн жатып, орын болмаған соң елге, Ақтөбе қаласындағы госпитальға жөнелтті. Осы уақытта маған орыс досымның қайтыс болғаны туралы хабар келді» - дейді ол.

Майдангердің жарақатының ауыр болғаны соншалықты, емі ұзақ уақытқа созылады.  Жамбасының ұршық сүйегіне тиген оқтың орны көпке дейін оның тік тұруына кедергі болады.  Жарақаты жазылып, денсаулығы қалыпқа келген соң оған қайтадан майданға барасың деген хабар тиеді. Осылайша Зәкір Таңбаев майданға қайта аттанып, бұл жолы Берлинге дейін барды. Жолда бір стансаға тоқтағанда жеңіс туралы хабар алады. Сөйтіп 1946 жылы елге оралды.

1947 жылы теміржолға жұмысқа орналасып, осы салада 32 жыл қызмет істейді. Өз ортасында сыйлы, абыройлы болды. Әрдайым құрмет төрінен көрінді. Майдан даласындағы ерлігі де, елге оралған соң атқарған еңбегі де еш кетпеді.  «1941-1945 жылдарда Германияны жеңгені үшін», «50 лет Вооруженных сил СССР», «Жеңістің 30 жылдығы» медальдарын иеленді. Онан бөлек теміржол саласына сіңірген еңбегі үшін Орынбор теміржол басқармасының марапаттарын алды.

Майдангер жары Рахима Шайымқызы екеуі сегіз бала тәрбиеледі. Одан тараған ұрпақ бүгінде өсіп-өнген, абыройлы азаматтар. Олар да әкесі салған даңғыл жолмен жүріп, елге адал қызмет етуде.

Майдангердің 1954 жылдан бері тұрған үйі Жосалы кенті орталығындағы Қазантаев тұйығында орналасқан. Бүгінде артында қалған ұрпақтарының осы көше соғыс және еңбек ардагері Зәкір Таңбаевтың атына берілсе деген тілегі бар.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: