Kyzylorda-news.kz Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. “Үкіметке және "Атамекен" палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын. Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс,”-деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл бағытта Арал ауданында жүйелі жұмыстар жасалып келеді. 

Бүгінде жеке бизнесін ашқан жастар жетіп-артылады. Әсіресе шағын және орта бизнестен бақ іздейтіндер көп. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны. Өйткені олар бизнеске үлес қосу арқылы елдің экономикасын демеп отыр. Дамыған елдерде экономиканың негізгі тірегі біздегідей шикізат емес, бизнес екенін ескерсек, жастардың бұл қадамы құптауға тұрарлық.

Арал ауданында да осы бағытта жұмыс істеп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастар жетерлік. Солардың бірі – қаламызға белгілі «Puro Gusto»тамақтану орталығыныңбасшысы, 2022 жылы «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының иесі Бекзат Жанғазиев. Бүгін сол жас та болса өзіне қажетті,қызығушылығы бар кәсібін тауып, отбасына көмек қолын созған кәсіпкер туралы әңгіме тінін тарқатпақпыз.

Жанғазиев Бекзат Мұратұлы 2001 жылы Арал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген Бекзаттың әкесі мемлекеттік қызметкер болып зейнетке шықса, анасы дәрігер болып жұмыс істейді.Қызығы Бекзат отбасында жеке кәсіппен айналысқан алғашқы жан.

– «Кәсіпкер болу керек» деп бос сөзбен айта бергеннен адам кәсіпкер болып шықпайды. Ол жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек деп ойлаймын. Уақыт өте келе бәрімізге бір саланы таңдауға тура келеді. Білімге, жаңашылдыққа ізденіс болумен қатар, өз-өзіңді дамытудан шаршамау керек. Кәсіпкер бір саланы өмір бойы алып жүрмеуі де мүмкін. Нарыққа қарай бейімделіп, жаңа жобаларға көңіл бөлетіндер жетерлік. Өзім де оқушы кезімнен кәсіп ашуды көп ойлайтынмын. Шыны керек қазір ешкімге тәуелді болмай, тұрақты табыс табу бәрінің арманы. Сол арман жетегінде ашылған кәсібім еді, – деп бастады Бекзат әңгімесін.

Өзі қаладағы Н.Крупская атындағы №14 мектеп-лицейін 2018 жылы бітіріп, Алматы Технологиялық Университетін 2022 жылы «экономист»мамандығымен тәмамдаған.

– Өз мамандығыммен жұмыс жасамаппын. Оның басты себебі студент кезімде басқа тамақтану жерлерінде жұмыс істеген болатынмын. Олардың ішкі жұмысын білгеннен кейін мектеп кезімнен бастау алған қызығушылығым артып, осы саланы тандадым. Оқу бітіріп, диплом алғаннан кейінгі басты жоспарым осы кәсіпті ашу болды. Сонымен алғашқыда ата-анамның, ағаларымның қолдауымен «Puro Gusto»-ны2022 жылы өз қаражатымызбен ашып бастағанбыз. Кейін 2023 жылы өз кәсібін ашуға ниетті немесе бұрынғы кәсібін кеңейтуге талпынысыбар жастарға арналған мемлекет тарапынан 2,5 пайыздық жеңілдікпен 5 млн. теңге көлемінде микрокредит алдым. Алынған қаражатқа тамақтану орталығын кеңейтіп, ас мәзіріне де бірнеше жаңа тағам түрлері қостық. Қазіргі таңда бірнеше жас буынды жұмыспен қамтып отырмын. Оның өзі мен үшін бір белес, – дейді жас кәсіпкер.

Тамақтану орталығының атауы қазақ тілінде «жай ғана қалау» мағынасын береді. Мұнда ең негізгі акцент қойылған өнімдердің бірі кофе және тез дайын болатын фаст-фуд өнімдері. Айтқандай-ақ, бұл жерден кез келген талғамдағы түрлі кофе түрінің дәмін татуға болады. Іші жанға жайлы, жағымды атмосфера мен жылулық беретін орталықтан тұтынушылар да арылмайды.

– «Puro Gusto»-ға ең алғаш ашылған сәтінен бастап тұрақты келемін. Кейде жұмыстан немесе оқудан шаршағанда демалып, ойыңды сергіту үшін таптырмас орын. Мұнда жағымды музыка тыңдап, кітап оқуға, тіпті кино көруге, кейде бітпей қалған қағаздарымды жазуға да болады. Бірнеше рет ата-анаммен, сіңіліммен де келгенмін. Оларға да ас мәзірі ұнады. Қазір кіммен жүрсем де, сыртқа қыдырып шыққан сайын осында келеміз. Ас мәзірінен басқа түрлі ойындар ұйымдастыратыны, қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейі ұнайды, – деп пікір білдірді студент Диана.

«Кәсібім – нәсібім» дегендей, несібесін кәсіпкерліктен тапқан жандардың бірі Бекзат алдағы уақытта үлкен жоспарлары барын айтып қалды. Осындай аудан экономикасының дамуына үлес қосып, жұмысын тұрақты табыс көзіне айналдырған кәсіпкер жастардың ісіне береке тілейміз.

Тағы да оқыңыз: