Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының Жолдауы жаңа, оң өзгерістер жасауға бағыт беріп, көпшілікке үлкен үміт әкелді. Мемлекет басшысы ҚР Парламенті платформасында Қазақстан халқына үндеу жасап, жаңа кезеңге – жаңа реформалармен қадам бастық.

Жолдауда Президент реформалаудың нақты 5 бағытын анықтап берді. Олар: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп. Ұсынылған жаңа экономикалық саясаттың негізгі басым бағыттары: жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру; бәсекелестікті дамыту; ұлттық табысты әділ бөлу. Айтылған ұсыныстар мемлекетіміздің әлемдік жүйеге интеграциялануы және бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы дамытуға қажетті тетіктер.

Жолдаудағы үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция деген атау алды. Оның аясында, біріншіден, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Өйткені ел Президенті мемлекет кепілдік берген (ТМККК) және сақтандыру пакеті (медсақтандыру) деп екіге бөлінген қолданыстағы медкөмекке тиімділігі төмен жүйе деп нашар баға берді. Тіпті жаңа деген сақтандыру моделінің тұрақсыз әрі жүйесіз дамып жатқанына назар аудартты және оны – үлкен олқылық деп атады. Жаңа жүйе ескісінің кемшін тұстарынан арылғаны маңызды. 

Екіншіден, 2023 жылдан ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жоба жүзеге асады. Емдеу мекемесі жоқ 650 ауыл мен кентте 2 жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылады. Сөйтіп, мемлекет бір миллионнан астам адамның медициналық-санитарлық алғашқы көмек алуына мүмкіндік жасайды. Үшіншіден, медициналық ЖОО-лар жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. 

Төртіншіден, балаларды балабақшамен қамту мәселесі түпкілікті шешілуі шарт. Әйтпесе бүгінде 2-6 жастағы балалардың тек жартысынан астамы балабақшаға барады. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесі артып, жалақысы көбейеді. Қ.Тоқаев балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялауды ұсынды. 

Бесіншіден, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Нәтижесінде, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі. 

Алтыншыдан, жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс. Жетіншіден, жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланбақ. Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Сегізіншіден, жастардың білім алуына 2-3 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Тоғызыншыдан, мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді: ЕТЖ деңгейі қазіргі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл 1,8 миллион азаматтың табысын арттырады.

Оныншыдан, 2023 жылғы 1 қаңтардан бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби 1,5 жасқа толғанға дейін ұзартылады. Президенттің халыққа Жолдауы қоғамның барлық саласын жаңғырту бағыттарының жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін анықтап берді. Жолдауда қойылған нақты міндеттердің индикаторлары еліміздің 19 миллионнан астам халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды көздейді.

Ең маңыздысы «азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы өзара қатынасты нығайту арқылы ұлттық экономикамыздың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті қойылды. Президент мұны жүзеге асырудың келесі тетіктерін ұсынады: «азамат – бизнес – мемлекеттің» бірдей дамуына мүмкіндік беру, әділдік, көрсетілетін қызмет деңгейінің жоғары болуы, әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсету, халықты нарық тұрақсыздығынан қорғау және шағын және орта бизнесті мейлінше дамыту. 

Айнұр ӘЛИ
 

Тағы да оқыңыз: