Kyzylorda-news.kz. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 5 шілдеден бастап Қазақстан аумағында қатаң карантин шараларын енгізу туралы қаулысы жарияланды.
Қазақстан Республикасының халқы арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында «Пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 130 бұйрығына және «Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 239 бұйрығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиарейстердің бағыттары мен жиілігін көбейтпей, өңірлер арасындағы авиақатынастарды сақтауды қамтамасыз етсін.
- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы:
1) жолаушылардың темір жол тасымалы көлемін қысқартуды қамтамасыз етсін;
2) қала маңындағы жолаушылар поездарының (электричка, жұмыс поездарын қоспағанда) қозғалысын тоқтата тұрсын;
3) жолаушылар поездарының құрамында жалпы вагондарды құруды болдырмасын. - Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, Орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар :
1) қалааралық автобус тасымалдарын тоқтата тұруды;
2) ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелер, форумдар, конференциялар, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салуды;
3) азық-түлік супермаркеттері мен олардағы дәріханаларды қоспағанда, сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің қызметіне тыйым салуды;
4) ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютер клубтары, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, аттракциондар, балалардың ойын алаңдары, батуттар және басқалары), кинотеатрлардың қызметіне тыйым салуды;
5) барлық мәдениет объектілерінің (театрлар, концерт ззалдары, мұражайлар, көрмелер және т.б.) қызметіне тыйым салуды;
6) діни объектілердін (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагога және т.б.) қызметін тоқтата тұруды;
7) балаларды сауықтыру лагерьлерінің, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, балалардың түзету кабинеттерінің, білім беру орталықтарының, балаларды дамыту орталықтарының, үйірмелердің, балалар мен ересектерге арналған курстардың қызметіне тыйым салуды;
8) фудкорттар, банкет залдарының қызметіне тыйым салуды;
9) СПА-орталықтардың, жаттығу залдарының, фитнес-орталықтардың, спорттық-сауықтыру орталықтарының, бассейндердің, қалалық, қоғамдық жағажайлардың, ашық аквапарктердің, қоғамдық моншалардың, сауналардың, сұлулық салондарының, шаштараздардың, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондардың қызметіне, маникюр мен педикюр көрсетілетін қызметтеріне тыйым салуды;
10) жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарларының қызметіне тыйым салуды;
11) 500 м2 артық азық-түлік емес дүкендердің тек жеткізу қызметін;
12) 65 жастан асқан тұрғындардың және 3 адамнан артық топтардың жүріп-тұруын шектеуді;
13) қоғамдық көліктің қозғалысын шектеуді;
14) өңірлер арасында жеке автокөліктің жүріп-тұруына рұқсат беруді;
15) әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мемлекеттік органдардың (ұйымдардың, кәсіпорындардың), квазимемлекеттік сектор органдарының, ұлттық компаниялардың, өзге де ұйымдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне рұқсат беруді қамтамасыз етсін. Бұл ретте қызметкерлердің кемінде 80%-ы қашықтықтан жұмыс нысанында қалады (штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болғанда);
16) аймаққа бөлу және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим талаптарын сақтай отырып, медициналық орталықтардың (жазылу бойынша) қызметіне рұқсат беруді;
17) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып және 50 % -нан асырмай толтыра отырып, халықтың тұруы бойынша қызмет көрсету саласындағы туризм объектілері мен ұйымдарының (қонақүйлер, отельдер, демалыс үйлері, туристік базалар және т.б.) қызметіне рұқсат беруді;
18) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің (шағын маркеттер, супермаркеттер, гипермаркеттер), азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың (ғимараттан тыс) қызметіне рұқсат беруді;
19) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ұжымдық іс-шараларды өткізбей, ашық ауадағы және үй-жайда 30-дан аспайтын отыратын орын орната отырып, қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне рұқсат беруді;
20) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, үздіксіз өндірістік циклі бар өнеркәсіптік кәсіпорындардың; ашық ауадағы құрылыс жұмыстарының, ауыл және балық шаруашылығының, мал шаруашылығының қызметіне рұқсат беруді;
21) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, уақыт бойынша шектеу арқылы халыққа байланыссыз қызмет көрсету объектілерінің (автомобиль жуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы жөндеу және басқалары) қызметіне рұқсат беруді;
22) уақыт бойынша шектеу арқылы және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бизнес-орталықтардың (адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг көрсетілетін қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары және т.б.), букмекер кеңселерінің қызметіне рұқсат беруді;
23) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, уақыт бойынша шектеу және қызметті барынша онлайн форматта көрсету арқылы ХҚКО-ның жұмысын ұйымдастыруды;
24) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, уақыт бойынша шектеу және қызметті барынша онлайн форматта көрсету арқылы «Қазпочта» АҚ-ның жұмысын ұйымдастыруды;
25) әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен ойын-сауық объектілері жоқ саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға және халықтың басқа да демалыс орындарына баруға рұқсат беруді;
26) ашық ауадағы жеке жаттығуларға рұқсат беруді;
27) қоғамдық көлікке, таксиге, өнеркәсіптік аумақтарға, әуежайларға, аулалық балалар алаңдарына, азық-түлік және азық-түлік емес базарларға және басқа да қоғамдық орындрға санитариялық және дезинфекциялық өңдеу жүргізуді;
28) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің актісіне сәйкес уақыты және саны бойынша шектей отырып, қаржы нарығы субъектілерінің қызметіне рұқсат беруді қамтамасыз етсін. - Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының полиция департаменттері қызметіне рұқсат берілген объектілерде карантиндік шаралардың, санитариялық-дезинфекциялық режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз етсін. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолдансын.
- Тиісті аумақтағы, көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы.
- Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
- Осы қаулы 2020 жылғы 5 шілдеде 00 сағат 00 минуттан бастап күшіне енеді.