Екпелер құрамы: Шындық пен миф – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Екпелер құрамы: Шындық пен миф

17.10.2020, 13:00

82 0

Kyzylorda-news.kz. Әлеуметтік желілерде вакциналардың құрамы туралы ақпарат тарауда.

Автор екпенің жануар жасушалары, улы химикаттар және вирустар секілді компоненттерінің тізімін жариялаған. Бұл нақты қандай екпенің құрамы екендігі айтылмаған, қандай да болмасын дереккөздерге де сілтемелер жасалмаған. Шындығында, вакциналардың құрамы қандай, қолданар алдында препараттар қалай тексеріледі? Бұл туралы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы, ҚР ДСМ халықты иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссиясының мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Сатыбалдиева айтып берді.

Интернеттегі жарияланымның авторы өз оқырмандарына вакциналарда жануарлардың органдары жасушаларының қалдықтары (мысалы, аламан мен маймылдың бүйректері) бар екенін айтады.

«Жоқ, бұл аталған компоненттер вакциналардың құрамында жоқ деп нақты айтуға болады. Кейбір вакциналарда вирустардың биомассасын алу үшін жануар жасушаларының өсіндісі пайдаланылады. Бірақ кейіннен бастапқы материал хроматографиялық әдістерді қолдана отырып, барлық қоспалардан тазартудың өте күрделі процедурасынан өтеді. Қазіргі заманғы технологиялар кез келген бөгде материалдарды толықтай жоюға мүмкіндік береді. Өндіруші де, реттеуші сарапшы орган да мемлекеттік тіркеу барысында вакциналарда қоспалардың болмауы мен тазалығын бірнеше рет тексереді. Бұл нақты дәлелденген, – дейді сарапшы Жаннат Сатыбалдиева.

Сондай-ақ, сарапшылар қызамық, желшешек және А гепатитіне қарсы вакциналарды өсіру кезінде адамның түсік тастаған ұрық жасушалары пайдаланылады деген пікірді де түсіндіріп өтті. Ұрық жасушаларының кейбір вирустық вакциналарды шығаруда қолданылғаны рас. Бұл жасушалар өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Швеция мен Англияда екі түсік жасату кезінде алынған. Түтіктерде бірнеше рет бөлінетін дәл осындай жасушалар зертханаларда вирус өсіндісін сақтау үшін де қолданылды.

Басқаша айтқанда, олар (жасушалар) зертханаларда бұрыннан өсіріліп келеді. Қазіргі уақытта басқа жасуша көздері қажет емес.

«Вирустар тауық жұмыртқасының аллантоидты сұйықтығында да өсіріледі. Содан кейін хроматографиялық тазарту әдістерінің күрделі кезеңдерінен өткізіліп, өсінділердің нәрлі ортасында тазартылады. Дайын вакциналарда ешқандай қоспалар болмайды. Алайда, вакциналардың компоненттеріне аллергияны болдырмау үшін дәрігерлер ағзада аз мөлшерде болуының алдын алу үшін ата-аналардан сұрауы керек, – дейді профессор Жаннат Сатыбалдиева.

Вакциналардың болжамды компоненттерінің тізімінде ит, маймыл, қой, шошқа және сиырдың қан сарысуы да көрсетілген.

«Вакцина құрамында сарысулар жоқ, әсіресе шошқаның немесе тышқанның. Сарысу – бұл қанның жасушасыз, фибринсіз бөлігі. Ол вакциналар құрамына алынбайды», – деп түсіндірді сарапшы.

Бұдан әрі жарияланым авторы айтып өткен вакциналардың басқа да компоненттеріне тоқталамыз. Олардың кейбіреулері вакциналардың құрамында бар.

Амфотерицин Б, неомицин антибиотиктері

Ненің құрамында болады: қызылша, паротит, қызамық, полиомиелит, сары қызба, күйдіргі, туляремия, желшешек, бруцеллез, оба, Ку-қызба және басқа да ауруларға қарсы тірі вакциналарда болады.

Мақсаты: вакцинаның бактериялық ластануын болдырмау, бактерияларға қарсы тиімді.

Неге қауіпсіз: әдетте вакциналарда антибиотиктердің ғана іздері болады. Мысалы, ҚПҚ вакцинасының және БПВ құрамында әр дозасына 25 микрограмм неомициннен болады (0,000025 г кем).

Формальдегид

Автордың сөзінше, бұл «мәйіттерді бальзамдауға ғана жарамды нейротоксикалық және канцерогенді у».

Шын мәнінде: Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының деректері бойынша, қазіргі кезде формальдегид заманауи вакциналарды шығаруда қолданылмайды.

Бұрын формальдегид АКДС, АДС, АДС-М және тырысқақ вакциналарын өндіруде консервант ретінде пайдаланылған. Айта кетерлік жайт, оны сау адамның қанынан 2-3 мкг/мл концентрацияда, зәрде – 12-13 мкг/мл анықтауға болады.

Фенол (карбол қышқылы)

«…ауруханаларда дәретханалар мен есік тұтқаларын өңдейді», – дейді автор.

Сонымен қатар, бұл зат бұған дейін вакциналар шығаруда консервант ретінде қолданылған. Қазіргі уақытта технологиялар өзгерді.

Шын мәнінде:

«ҚР Мемлекеттік Фармакопеясына сәйкес бір дозалы вакциналарда (ҚР көп жағдайда бір дозалы вакциналар қолданылады) ешқандай консерванттар қолданылмайды», – деп толықтырды Жаннат Сатыбалдиева.

Мертиолят немесе Тиомерсал

Ненің құрамында болады: дифтерия-сіреспе, гепатит, тұмау, менингококк вакциналарында.

Мақсаты: препарат жарамды болған мерзім ешінде бактериялық және саңырауқұлақ инфекцияларының алдын алуға арналған. Осы мақсатта 70 жылдан астам уақыттан бері сәтті қолданылып келеді.

Неге қауіпсіз: Мертиолат вакциналарда аз мөлшерде болады (0,3 – 0,5 мкг). Бұл элемент неврологиялық аурулары жоқ сау адамдардың тіндерінде 2-0 нг/мл (ми) және 50 нг/мл (қалқанша без) мөлшерінде болады, сондықтан ол зиян келтіре алмайды.

«Бұл көп дозалы құтыларда жеткізілетін вакциналарға арналған қауіпсіз және кеңінен қолданылатын консервант. Вакциналарда қолданылатын тиомерсалдың аз мөлшері денсаулыққа қауіп төндіретініне ешқандай дәлел жоқ», – делінген ДДСҰ сайтында.

Сондай-ақ, ДДСҰ мәліметінше, белсенді емес вакциналардың бір дозалы құтыларында тиомерсал жоқ, өйткені мұндай құтылар қайта пайдалануға арналмаған.

Алюминий гидроксиді

Ненің құрамында болады: иммундық реакцияны күшейту мақсатында көкжөтел-дифтериялық сіреспе, тұмау, гепатит, гемофиль, пневмококк және басқа да кейбір вакциналарда болады.

Неге қауіпсіз: бұл қоспа суда ерімейді, қан тамырларына енбейді және бүкіл денеге таралмайды. Денсаулыққа өте қауіпті алюминийдің еритін қоспалары вакциналардың құрамына енгізілмейді.

Вильнюс университетінің профессоры Аурелия Жвирблененің айтуынша, бұл компонент ағзамызға тағаммен бірге көп мөлшерде енеді және шығарылады.

А. Жвирблененің айтуынша, вакцинаның бір дозасында 0,5 миллиграмм алюминий бар. Салыстырып көрейік, біз бір килограмм нан немесе басқа нан нан түрін жегенде ағзаға 12 миллиграмм металл енеді, ол соя өнімдерінде көп болады, сондай-ақ біз шаруашылықта жиі пайдаланатын фольга және антиперспиранттарда болады.

Жанама әсерлер туралы

Пост авторы вакциналардың құрамын сипаттаумен қатар, вакцинациялаудың жанама әсерлері туралы да айтады. ДЗСҰО сарапшылары вакцинаны егу ережелері немесе вакцинациялауға рұқсат беру ережелері бұзылған жағдайда екпенің салдары болуы мүмкін екенін түсіндіреді.

«Вакцинациялауға жіберу үшін білікті педиатр және терапевт болу керек. Сонымен қатар, вакцинаның жанама әсерлерінің алдын алу үшін екпе жасатқан ересек адам немесе екпе жасалатын баланың анасы екпенің қарсы көрсетілімдермен танысуы керек. Ол үшін егу кабинетінде екпенің туа біткен иммунитетке байланысты ықтимал салдары мен нақты оң жанама әсерлері туралы тиісті нұсқаулар болуы керек», – деп атап өтті Жаннат Сатыбалдиева.

Сондай-ақ, ДЗСҰО мамандары вакцинаны барлық жерде қолданбас бұрын оның бірнеше кезеңдік сараптамадан өтетінін айтты.

Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы және халықаралық стандарттар бойынша жабдықталған биологиялық сынақтар зертханасы жұмыс істейді. Онда вакцинаны тексеру кезінде клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің деректері, эпидемиологиялық тиімділігі мен иммуногендік қасиеттері зерттеледі, сонымен қатар зертханалық зерттеулер жүргізіледі.

«Сонымен қатар, вакциналардың әрбір сериясы мен партиясы Қауіпсіздік пен сапаны бағалаудан (ҚСБ) өтеді. Барлық осы шаралар нарыққа тек тиімді және қауіпсіз вакциналардың жіберілуіне мүмкіндік береді. ҚСБ процедурасынан өту кезінде вакцинаны әзірлеуші өндіруші зауыттың сапа сертификатымен бірге сол елдің уәкілетті органы аккредиттеген өндіруші елдің зертханасы берген серияның сапа сертификатының көшірмесін ұсынады. Басқаша айтқанда, өндіруші зауыт сапалы және дәлелденген вакциналарды жеткізуді қамтамасыз етеді. ҚР профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесінде қолданылатын барлық вакциналардың ДДСҰ-ның алдын ала біліктілігінен өткенін және халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін атап өткен жөн», – деп түсіндірді Жаннат Сатыбалдиева.

Айта кетейік, 2019 жылы вакцинациялаудан бас тарту Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған адамзатқа төнетін он жаһандық қатердің жыл сайынғы тізіміне енді.

«Бұл ауыр аурулардың індетімен күресте жылдар бойы қолжеткізілген жетістіктерге қауіп төндіреді», – деп ескертеді ДДСҰ.

Stopfake.kz

0

Пікір қалдыру