Kyzylorda-news.kz ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен экономиканың нақты секторын қаржыландыру және Үкімет қаулыларының жобалары талқыланған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы өткізген мәжілісте күн тәртібіндегі және басқа да маңызды мәселелерге орай жауапты сала басшыларына тапсырма берілді.
«Биыл ел экономикасының 107 пайыздық өсімін қамтамасыз ету міндеті қойылды. Өңірлер межесін Ұлттық экономика министрлігі әзірлеуде. Біз қаржыландыру көздерін тиімді ұйымдастырып, экономикалық өсімге қол жеткізуіміз қажет.
Бүгінде мемлекет бизнесті қолдап, ынталандыруда. Өткен жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға барлық көзден 78 млрд. 651млн. теңге бағытталды. Мемлекет басшысының, Үкіметтің жан-жақты қолдауымен ауыл шаруашылығы саласының дамуында оң динамика қалыптасты. Жыл сайын субсидия, жеңілдетілген несие беруге қомақты қаржы бөлінеді.
Жақын күндері көктемгі дала жұмыстары басталады. Егін егу науқанына қажетті жанар-жағармай, техника, тыңайтқыштардың нақты көлемін есептеп, дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз етіңіздер. Бұл жұмыстарға қала, аудан әкімдері де жауапты. Науқан еш кедергісіз өтуі үшін барлығын жүйелі ұйымдастырыңыздар. Тұрғындарға электр энергиясын, жылуды, суды және газды үздіксіз беруде ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл халықты орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтуымыз қажет. Газдандыру деңгейін 82 пайызға жеткіземіз. Тиісті орталық атқарушы органдармен жұмыс жасап, жобаларды республикалық бюджет қаржысы есебінен барынша қаржыландыру, жетпеген бөлігіне арнайы қорларды, демеушілерді тарту керек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін жоспарланған жобаларды басты назарда ұстаңыздар. Биыл салынатын, сатып алынатын пәтерлердің сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Жоба-сметалық құжаттамаларды әзірлеудің тиімділігін қарау жөніндегі кеңес жұмысын жандандырып, алдағы уақытта ең қажетті жобаларды бірінші кезекке қойыңыздар», – деді Н.Нәлібаев.