Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібінің көлемін 13,8 пайызға, өнеркәсіп өндірісін 102,4 пайызға, жеке инвестициялар 20,6 пайызға және сауда айналымы 2,6 пайызға артты.  Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева баяндады. Есепті кезеңде өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері оң өсім көрсетіп, экономиканың тұрақты дамуы жалғасып отырғаны айтылды.

«Өнеркәсіп саласында бүгінде 635 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 24-і ірі, 15-і  орта және 596-сы шағын кәсіпорындар. Биылғы жылдың алғашқы алты айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,4 пайызға ұлғайды. Алдағы үш жылда өңірде 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Басым бағыттар қатарында агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, энергетика, тау-кен металлургиясы және көлік-логистика салалары белгіленген. Биыл 21 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда жолаушылар вагондарына жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені, жылдық қуаты 3,5 мың тонналық құс фабрикасы, «Сұлтан-2» базары және жол бойындағы қызмет көрсету пункті пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың тонналық тауарлы сүт фермасы, әк өндіру, мотоцикл құрастыру және гофрленген картонға арналған қағаз өндіру зауыттары іске қосылады», - деді Мөлдір Сұлтанбекқызы.

Сонымен қатар спикердің айтуынша 14 ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталған. Оның ішінде төрт жобада құрылыс жұмыстары жүріп жатса, екі жобаның капсуласы салынды. Қалған сегіз жобаның құрылысы жыл соңына дейін басталмақ.

«Инвесторлар үшін тартымды алаңдардың бірі «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы. Мұнда жүзеге асырылуы мүмкін 18 басым қызмет түрі бекітілген. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтың инженерлік инфрақұрылымы салынуда және өндірістік жобаларды орналастыру үшін әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жалғасуда. Сондай-ақ, «Тау Групп» серіктестігі қытайлық «Тика» компаниясымен бірлесіп желдету және ауаны баптау қондырғыларын шығаратын өндірісті қолға алды. Осы жылдың тамыз айында жобаның алғашқы кезеңі іске қосылып, желдету қондырғыларын құрастыру өндірісі басталады. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан индустриялық және инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді басқарма басшысы.

Тағы да оқыңыз: