Kyzylorda-news.kz ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізу мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін осы және өзге де мәселелер талқыланды.
«Мемлекеттік қызметкерлердің жасанды интеллект дағдылары бойынша 100% оқудан өтуін бақылау керек. Денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қарқынын жеделдетіңіздер. Жасанды интеллект көмегімен инсульттің алдын алуда нәтиже көрсеткен «Церебра» жобасын өңірімізде енгізу үшін зерделенген нақты ұсыныс беріңіздер. Құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуда тәулік бойы жұмыс жүргізіп, рейдтік шараларды күшейту қажет. Интернет алаяқтықпен күресіп, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, тұрақты мониторинг жүргізу керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы инвестициялық жобаларды, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын, жол бойындағы нысандар мен жол белгілерінің жай-күйін бақылау, тазалықты күнделікті қадағалауды тапсырды.
Өңірде 2023 жылдан бері Қорқыт Ата университеті базасында Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп ашылған Жасанды интеллект институты жұмыс істейді. Онда 240 студент білім алады, түлектер өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларына жасанды интеллектіні енгізумен айналысады.
Қоғамдық қауіпсіздікті арттыруда 7 аудан орталығы мен Байқоңыр қаласында 616 бейнекамера, 54 жылдамдық өлшегіш орнатылған, облыс орталығында 1400 камера, 80 «зияткерлік қиылыс», 96 стационарлық құрылғы бар.
Биыл сәуір айынан бастап өңірлер арасында алғашқы болып 10 «Сұңқар» құрылғысы іске қосылды. Оның көмегімен қауіпсіздік белдігінің тағылмауы, жүргізушінің ұялы телефонмен сөйлесуі автоматты режимде анықталады. «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, қолданыстағы бейнебақылау камераларын Ұлттық бейнебақылау жүйесіне қосу жоспарлануда.
Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Цифрлық қадағалау» пилоттық жобасы елімізде бірінші болып Қызылорда облысынан бастау алды. Жедел әрекет ету орталығының «109-Бірыңғай байланыс орталығы», «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізілді.
