Kyzylorda-news.kz Қазақстанда 12 қаңтардан бастап біржолғы зейнетақы төлемі есебінен медициналық қызмет алу үшін өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Олардың қашан қайта қабылдануы мүмкін екенін «Отбасы банк» түсіндірді.

Kazinform агенттігіне берген жауабында банктің баспасөз қызметі зейнетақы қаржысы есебінен емделуге өтінім қабылдау 6-9 айға дейінгі мерзімге тоқтатылуы жоспарланып отырғанын айтты.

– Бұл уақытша шара екенін айрықша атап өтеміз. Қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге қайта өтінім бере аларда міндетті түрде хабарлаймыз. 2026 жылғы 12 қаңтарға дейін берілген барлық өтінімдер әдеттегі тәртіппен қаралады, – деп атап өтті банк өкілдері.

Қазіргі таңда банктің радиохирургия бағыты бойынша 7 666 өтінім қаралып жатыр. Уақытша шектеу дәл осы ем түріне өтінімдердің күрт көбеюіне байланысты енгізілген.

– Бұл рәсімдер — аясы тар әрі жоғары мамандандырылған сала болғандықтан, стандартты операция жасау мүмкін емес немесе тым қауіпті болған жағдайда ғана қолданылады. Біз өтінімдер саны аз болады деп күткен едік, бірақ қателестік. 2025 жылғы қазанда радиохирургия бойынша 45 өтінім түсті. Қарашада – 113 өтінім. Ал 1 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін – 168 өтінім түскен, – деп түсіндірді банк.

Айта кетейік, бұған дейін бір айдың ішінде қазақстандықтар радиохирургиялық ем алуға 5,6 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемін алғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ өткен жылы азаматтарға зейнетақы жинақтарын пластикалық операцияларға пайдалануға тыйым салынғаны белгілі.

БЖЗҚ зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегін 10 пайыз көтерді.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: