Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданына қарасты «Жаңажол» ЖШС директорымен сұқбаттасып, серіктестік атқарған жұмыстар легін тыңдаған едік. Шаруашылық басшысы Орынбасар Төлеповтоң айтуынша, шаруашылықта шаруа шашаусыз.

Ауылдан бірнеше метр әріде орналасқан алма бағына апаратынын айтып, жеңіл көлікті оталдырды. Жүріп келеміз. Алма баққа жетпей анадай жерде көк-көмбек көлшік күнмен шағылыса, желмен арпалыса теңселіп жатыр.

– Орынбасар аға, ана-а-а жақта не бар? – дедік бір кереметке қызыға.

– Ол жақта Жаңабай Төребековтің шағын көл мен құс кәсібі бар, – деді Орынбасар Төлепов.

– Барып көрсек бола ма?

– Әрине, қазір апарамыз…

Көлшік жаққа жақындай түстік. Қалың қамыстың айналасы айнадай жалтыраған кең жайқын. Сол жайқында қара-ала боп шақиып үйректер ақырын жүзіп көлбеңдейді. Тамаша көрініс. Күнделікті күйбең тірліктен, тоқтаусыз көз алмайтын компьютер, смартфоннан бір алшақтатып, миды тынықтырып барады. «Несие ала алмадым» деп бастады 69 жастағы ел ағасы әңгіменің тінін тарқата.

«Анаубір жылы «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлеповтен осы көлшікті сұрадым. Шабақтар салайын, айналасын көркейтейін деп. Солай серіктестік иелігіндегі жерді берді. Өз қаражатыммен кәсіпті бастап та кеттім. Бір балықпен шектеліп қалмайын деп жиекке тауықкепе салдық. Ішінде қазір 400-ге жуық тауық пен  үйректер бар. Өз үйімде қаздар бар. Соларды әкелгім келіп еді, оған көлде балық өсірген соң болмайды екен. Енді осылай бірте-бірте үйрек санын көбейту қажет. Айтпақшы, тауықтарымнан уызы сап-сары қолдың тамаша жұмыртқасы шығады. Ауылға, одан қалды ауданға жөнелтіп отырамын. Ал мынау көлге мыңдаған шабақ салып отырамын. Нәтижесі жаман емес», – деді Жаңабай Төребеков.

Алда әлі жоспары көп екенін қуана жеткізген ол кезігетін қиындықтарын да жасырмады.

– Бұл жерге күніне үш рет келіп, тексеріп, азығын беріп тұрамын. Мына үйректі алғаш суға жібергенім тіпті қызық. Басқа жаққа кетіп қалады деген қорқыныш болды. Солай не болса, ол болсын деп көлге ұшырдым. Рахаттанып жүзді де әріге кетіп бара жатыр. Апыл-ғұпыл катамаранға отырып әлгіні қудым. Ұстатпай жағаға шығып, қамыс арасынан көзден ғайып болды. Мейлі, бұйырмаған болар деп кейін қайттым. Сөйтсем арада өткен 2-3 күннен соң әлгі ала үйрегім келіп тұр, – деп күлді Жаңабай аға.

Қазір үйректер көлге барып, одан кепеге келіп үйрене бастаған. Тауықтар да бір мезгіл тысқа шығып тынысын ашып алады. Ал көлде өскен балықтар балықшының қармағы мен ауына еркін түседі. Осылай көл мен жиекте еткен тіршілік үзіліссіз қайнап жатыр. «Келесі келерде ертерек айтыңдар. Балық аулап, одан сорпа қайнатып беремін» деген Жаңабай аға бізді жадырап шығарып салды. Көлдегі кәсіпті көріп, керемет көріністің куәсі болған біз де қолымызды бұлғай кете бардық.

1632544949_kol2.jpg
 

Тағы да оқыңыз: