Жалағаш ауданындағы медициналық нысандар қажетті құрал-жабдықтармен, заманауи аппараттармен жарақталған ба, тұрғындар денсаулығын жақсартуда нендей кедергілер бар, аурудың алдын алу үшін қарапайым халыққа қайтпек керек? Осы және өзге де бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтовпен сұхбаттасқан едік... 

– Еркебұлан Мақсұтұлы, ауданда жалпы қанша медициналық нысан бар және олардың заманауи аппараттармен, қажетті құрал-жабдықтармен жарақталуында, маман тапшылығына қатысты мәселелер бар ма? 

– ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жалағаш ауданының денсаулық сақтау саласында медициналық қызметті жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жұмыстар ұдайы жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан халқына аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет және  2 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Жалпы халық санының ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны – 10 757, жасөспірімдер – 1 699, ересектер саны – 20 215. Бұл емдеу мекемелерінде 89 дәрігер, 428 орта буын қызметкер, 152 кіші буын қызметкер халық денсаулығына жұмыс жасайды. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 89 жоғары білімді дәрігер жұмыс жасайды, 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамтылу деңгейі – 26,2 пайыз. Жоғары санатты 17, І санатты 18 және ІІ санатты18 дәрігеріміз бар. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 428 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасайды. Дәрігер мамандарға қажеттілікке қатысты сұраққа келсек, Есет батыр, Мақпалкөл ауылдары мен Жалағаш кентінде жалпы тәжірибелі дәрігер, оторинолоринголог, УДЗ дәрігері, травматолог дәрігер, офтальмолог, анестезиолог-реаниматолог мамандары қажет. 

– Жартыжылдық та түгесілуге таяу, осынша уақытта ел ішіндегі аурушаңдық деңгейі қалай? 

– Аудан бойынша 5 айда 88 635 дәрігерлік қабылдау жүргізілді. 1 тұрғынға шаққанда көрсеткіш – 2,7.  Оның ішінде ауруы бойынша келгендер саны – 39 982. Жалпы дәрігерлік қабылдауға келгендер саны алдыңғы жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 3 543 жағдайға жоғары. Үйде қаралу жағдайы 2023 жылдың 5 айында 6 799-ды құрады.Биыл 5 айда алғаш тіркелген аурушаңдық саны – 6 558, Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырсақ, алғаш тіркелген аурушаңдық көрсеткіші 5,9 пайызға жоғарылаған. Атап айтқанда, 2023 жылдың 5 айында алғаш рет тіркелген аурулардың ішінде жүйке жүйесінің аурулары көш бастап тұр. 5 айда аталған дерттің 859 жағдайы тіркеліп, былтырғымен салыстырғанда 6,8 пайызға өскен. Мұнан кейінгі орынға тыныс алу жүйесінің аурулары жайғасады. Бұл дерт бойынша биыл 5 айда 763 жағдай тіркеліп, былтырғымен салыстырғанда 41 пайызға өскен. Үшінші орында сүйек-бұлшық ет аурулары тұр. 5 айда 751 жағдай тіркеліп, былтырғы жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға көбейген.Аудан бойынша «Д» есепте ЭРДБ бағдарламасы бойынша барлығы 9 759 адам тұрады, оның ішінде ересектер – 8079, 17 жасқа дейінгі балалар саны – 1 680. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарды, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» 29 тамыздағы №666 бұйрығына сәйкес, аудан бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамту барысында 98 214 398,19 теңгеге 16066 рецепт жазылды. Бүгінде бөлінген дәрі-дәрмектер 57,6 пайызға игерілді. 

– Ауданда демографиялық көрсеткіш қалай? 

– Биыл 5 айда аудан бойынша 277 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 8,1 промильді құрады. Былтыр 316 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 9,4 промильді құраған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,3 промильге төмендеп отыр. 

– Скрининг бағдарламасы бойынша нендей жұмыстар жүзеге асуда?  

– «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Қанайналым жүйесі ауруларын ерте анықтау биыл 2512-ге жоспарланған, бүгінде меже 73,8 пайызға орындалып отыр. Нәтижесінде 115 жағдай анықталды, «Д» есепке алынғаны –115. Қант диабеті ауруларын ерте анықтау бойынша да межеміз бар. Бүгінде ол 53,9 пайызға орындалып отыр. Анықталғаны – 21. Барлығы да «Д» есепке алынды. Ал глаукома ауруын ерте анықтау бойынша жоспарды 52 пайызға орындасақ, бүгінде барлығы  15 жағдай белгілі болып, «Д» есепке алынды. Мұнан бөлек сүт безі қатерлі ісігі және ісік алды ауруларын ерте анықтау, жатыр мойны қатерлі ісігі және ісік алды ауруларын ерте анықтау, тік және тоқ ішек ісігі және ісік алды ауруларын ерте анықтау бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

– Суицидтің алдын алу бойынша нендей жұмыстар жүргізілуде, ауданда жалпы мұндай жағдайлар орын алып жатыр ма? 

– Бұл дерттің алдын алуға арналған арнайы жол картасы бағдарламасы бар. Соның аясында тәуекел тобы жасақталып, тексерулерден өткізілуде. Осы маңызды бағыт бойынша Жалағаш  аудандық  ауруханасында  4  психолог, 11 әлеуметтік қызметкер  жұмыс жасайды. Тәуекел топтағы пациенттерге психолог кеңесі беріліп, психокоррекциялық жұмыстар, яғни кеңес беру, түсіндірме жұмыстары, өзіндік бағалауын көтеру, өмірге деген құштарлығын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Күйзелістің алдын алу тақырыбында халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстары күшейтілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, психолог мамандар  суицидтің  алдын алуға жалпы 5 айда  халық арасында акция өткізіп, оған 62 тұрғын қамтылған, сонымен қатар 2 семинар ұйымдастырылып, 158 тұрғын қамтылған, 2 тренинг өткізіліп, 37 тұрғын қамтылған. Биыл  өзіне-өзі қол жұмсау әрекетіне барған 6 жағдай тіркелсе, оның ішінде 5 аяқталмаған суицид жағдайы орын алды. Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу бойынша 1 жағдай  тіркелді. Былтыр өзіне-өзі қол жұмсау әрекетімен 2 жағдай тіркелген. 

– Биыл 5 айда ауруханада портал арқылы қанша науқас ем алды? 

– 2023 жылдың  5 айлық есебі  бойынша ауруханаға емханадан жоспарлы түрде портал арқылы 1 331  науқас жатқызылды. Сонымен қатар шеттетілген науқастар саны – 64. Шеттетілген науқастардың себебі бойынша 33 жағдай жазбаша түрде бас тартқан,  шұғыл түрде ауруханаға жатқызылғаны – 22, госпитализацияға жоспар¬ланған ауруханаға жатқызуға қарсы көрсеткіштер – 8, 

– Ауруханада көрсетілген жалпы қызмет қалай? Оған науқастардың көңілі тола ма? 

– Стационарлық көмек 150 төсек орындық  ауруханамен   көрсетіледі, оның ішінде жаңа ауруханада 115 төсек және жұқпалы аурулар бөлімі 15 төсек орынмен жұмыс жасайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы бойынша балалар арасында маусымдық аурулардың көбеюіне және асқыну жағдайларының көбеюіне байланысты «Инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа сәйкес жұқпалы аурулар бөлімінен балаларға арналған 15 төсек орын ашылды. Короновирустық инфекцияға қарсы 5 төсек орын уақытша ашылды. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетуге медициналық көрсетілетін қызметтерді тиімді пайдалану үшін аудандық аурухананың тәуліктік және күндізгі стационар бойынша төсек орындардың 20 наурыздан бастап қайта бейіндендіру бұйрығы бойынша терапия бөлімінің күндізгі стационары 5 төсек орны тәуліктік стационардың неврологияға 2 төсек, терапия бейініне 3 төсек ауыстырылды. Қазіргі кезде аудандық аурухана бойынша тәуліктік стационар төсек орны – 161. 2021 жылдың шілдесінен бастап ауылдық ауруханалар толығымен жабылып, төсек орындары аурухананың терапия бөліміне берілді. 2022 жылдың басынан аурухананың қайта қалпына келтіру бөлімшесі 20 төсек орын, 10 төсек орын паллиативті бөлімше және терапия бөлімшесінен ревматология бөлімшесі ашылып, жұмыс жасауда.2023 жылдың 5 айында аурухананың статистикалық көрсеткіштерінің артқанын жыл басынан бері бекітілген жоспарға сәйкес, яғни «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» бағдарламасы бойынша бөлімшелерге бекітілген жоспар бойынша науқастар жатқызылып, ем жүргізілуде. Аурухананың негізгі көрсеткіші өлім-жітім жағдайларымен бағаланатыны белгілі. 2022 жылдың 5 айында барлығы  2 128  науқас емделсе, ауыр жағдайда түскен 9 науқас қайтыс болған. 2023 жылдың 5 айында  2 484 науқас емделіп, ішінде 2 науқас қайтыс болды.Жалпы, көрсетілетін қызметтер осындай, ал оған науқастардың көңілі тола ма деген сауалыңыздың жауабын халықтан сұраған дұрыс. Өз-өзімізге баға берген ыңғайсыз шығар, шамамыз келгенше еңбек етіп, елдің алғысын алып жатырмыз. 

– Алға қойған мақсат-міндеттер жайлы айтып өтсеңіз... 

– Ана мен бала және ұрпақты болу жасындағы әйелдердің денсаулығын қорғау жұмысын жандандыру, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында енгізілген «Эффективті перинаталды  технологиясы» және БШАЫЕ бағдарламаларын әрі қарай жалғастыру ұдайы жүргізіле береді. Сондай-ақ пилоттық патронаждық қызметтің жұмысын жандандыру, сәби өлімін болдырмау және алдын алуға бағытталған қысқамерзімді  жоспармен жұмыс жасау назардан түспейді. Емдеу-диагностикалық жұмыстарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында аудан бойынша медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін же-тілдіру және мастер-класс тәжірибесін тиімді пайдалану, емдеу және алдын алу ұйым¬дарының материалдық-техникалық базасын нығайту, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған меморандумға байланысты негізгі көрсеткіштер индикаторларын жоғары нәтижелерге жеткізу басты мақсатымыз болып табылады. Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, аурудың алдын алу шараларын жүргізу, ол үшін салааралық қызметтерді жандандыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» бағытында мекеме жұмысын толығымен біріктірілген ақпараттандыру жүйесіне енгізу арқылы қағазсыз мекеме принципімен жұмыс жасауды жандандыру, МӘМС  жүйесі бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу күн тәртібімізден түспейді. Тұрғындар денсаулығын күзетуде уақытпен санаспайтын әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да елдің ертеңіне ұжым болып еңбек ете береміз. Денсаулық бәрінен маңызды, осыны тұрғындар, қарапайым халық түсінсе дейміз.  

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Тағы да оқыңыз: