Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков республикалық және облыстық пән олимпиадалары мен түрлі білім байқауларында топ жарып, аудан мерейін асқақтатқан дарынды оқушыларды, білім гранттарының иегерлерін және олардың жетекші ұстаздарын арнайы қабылдап, марапаттады.

Салтанатты жиында аудан басшысы жас жеткіншектердің білім жолындағы табандылығы мен ұстаздардың қажырлы еңбегіне жоғары баға беріп, бұл жетістіктер  ауданның білім саласындағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі екенін атап өтті.

– “Білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Сіздердің жетістіктеріңіз тек ата-ана мен ұстаздардың ғана емес, барша аудан жұртшылығының мақтанышы. Осындай биік белестерді бағындырып, ел сенімін ақтай беріңіздер,” – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында үздік оқушылар мен жас түлектер аудан әкімдігіне өз алғыстарын білдіріп, еркін форматта пікір алмасты. Сонымен қатар, аудан әкімінің қабылдауында болып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ашық әңгіме өрбітті. Жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан басшысы олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша 1118 оқушы мектеп қабырғасымен қоштасып, оның 938-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Сонымен қатар, 93 оқушы «Алтын белгіге», 108 бітіруші «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр.
Қазіргі таңда Шиелі ауданында 37 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасайды. Ауданда үш ауысымдық әрі апатты жағдайдағы білім беру ұйымдары жоқ. Бұл - білім саласына көрсетіліп отырған тұрақты қолдау мен жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Дарынды жастар қатарында аудан мақтанышына айналған №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің егіз түлектері – Алтынсары Кәусар мен Алтынсары Гауһардың жетістігі ерекше аталды. Білім мен табандылықты серік еткен қос шәкірт Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, аудан абыройын асқақтатты.

Жиын соңында аудан әкімі дарынды оқушылар мен ұстаздарға арнайы алғыс айтып, алдағы оқу мен еңбек жолдарына сәттілік тіледі..

Тағы да оқыңыз: