Kyzylorda-news.kz. Бүгінде «Күлкістан» театрының актері Дархан Пірназар өнердегі шеберлігімен халықтың ықыласына бөленіп, көрерменнің көңілінен жол таба білген жан. Өмір жолын әзіл-сықақ театрымен ұштастырып, халық алдында еңбек етіп келеді. Ол өнердегі алғашқы қадамын сатирадан емес, клубта қарапайым жұмыстардан бастаған еді. Талай образды ерекше сомдап жүрген жерлесіміз, Алмалы ауылының тумасы Дархан Пірназарды әңгімеге тартқан едік.
– Дархан мырза, жалпы, өнер саласына қалай келдіңіз?
– Негізінен мен мектеп қабырғасында жүргеннен бастап өнерге жақын болдым. Алғаш еңбек жолымды Алмалы ауылындағы клубтан бастадым. Сол клубтың меңгерушісі Ғалым Маханов ұстаздық етіп, өнер жолына түсуіме бағыт-бағдар берді. Аудандық жарыстарда бір-екілі рөлдерді сомдап, көзге түстім. Осылайша, өнер жолым аудандық мәдениет үйімен жалғасын тапты. Ол жерде Кенжебай Жүсіп ағам, үлкен сахнаға біраз тәрбиеледі. Актер болып қалыптасуыма септігін тигізгенін жасыра алмаймын.
– Қазіргі халықты күлдіру оңай ма? Жалпы, бүгінгінің әзіл-сықақ театрларына көңіліңіз тола ма?
– Мойындау керек, бүгінгі күнде біз көрермендерді ертіп жатқан жоқпыз, оларға еріп жатырмыз. Солардың ыңғайына берілудеміз. Бұл дұрыс емес. Бүгінгі күнде астарлы ой, салмағы бар әзілдер аз. Қазіргі халық астарлы емес, тікелей әзіліңді тыңдағысы келеді. Біз оған жол бермеуіміз қажет. Тіпті, өзіміз сахнада ойнап жатқан кезде, көрерменнің ықыласын сезініп тұрамыз. Сондықтан, жанымызды салып, еңбектенеміз. Ал, театрлардың жайына келсем, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деп айтып кеткендей, әрқайсысы қолдарынан келгендерін жасап жүр. Мен солардың ішінде Нұржан Төлендиевті ерекше атап өтер едім. Нұржан – жан-жақты. Өте ізденімпаз. Керек образдарды жақсы табады. Әзіл-сықақ театры саласында өсіп келе жатқан буынның одан алары көп.
– Актерлік жалақыңыз сізді қанағаттандыра ма? Әлде, қосымша табысыңыз бар ма?
– Қанағаттандырады ғой. Бірақ, ақша деген қанша көп тапсаң да жетпейді. Ең алдымен адамға қанағат керек екен. «Күлкістаннан» бөлек, «Тамаша сити» әзіл-сықақ театрында істеймін. Киноға түсіп, телеарнаға шығып жатамыз. Тойға да барамыз. Барлық ойды ақшамен байланыстырып қоюға болмайды дер едім. Бізді ерекше махаббатпен жаратқан Алланы тануды ұмытып кетпеуіміз қажет. Өзімізге ақыл жетпей жатса да, біреуге айтуға құмармыз ғой. Дегенмен, қысқа өмірде рухани дүниемізді барынша кеңейте түссек, нұр үстіне нұр болар еді.
– Отбасыңыз, өзіңіз жайлы айта отырсаңыз.
– Бір әйелім, үш қызым, бір ұлымды күтудеміз (күліп). Әрине, қыздарым мектеп оқушылары. Қыз бала табиғатынан нәзік келеді ғой, бала тәрбиесімен өзім айналысамын. Әйелім үй шаруасында. Анама қарайды, үйдің шаруасын тындырып отырады. Біз түздің адамы болған соң, мүмкіндігінше сол кісіге тапсырғанмын. Ал, енді өзіме келер болсам, 1980 жылы бұрынғы Жеміс-жидек ауылы, қазіргі Алмалыда дүниеге келгенмін. Сол жақта білім алып, №181 мектепте оқып, бітірдім. Негізінен отбасымда үш ағайындымыз. Үлкені өзім. Менен кейінгі 1982 жылғы інім, 2005 жылы қайтыс болып, қапияда айырылып қалдық. Ал, қарындасым Жаңақорған ауданына тұрмысқа шыққан. Қазіргі таңда, бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Әкем 13 жасымда, яғни, 1993 жылы қайтыс болды. Нағыз жігіттік шаққа өтпелі кезеңде, әрине, қиын болды. Әкемнен үйренерім көп еді…
– Әзілді қалай табасыздар?
– Халықтың арасынан образ жинап жүреміз. Әзіліне қарап, заманына баға беруге болады. Сондықтан, боямасыз өмірден сөйлегіміз келеді. Біз қоғамдағы қарапайым адамдардың көре алмай тұрған күлкілі жайттарды байқап қоюымыз керек. Кейін соны қиялмен суреттеп, сахнаға алып шығамыз. Яғни, біздің қаруымыз – қиял. Сондықтан, қиялымызды жоғалтып алмауға тырысамыз. Кей кездері көрші өзбек, қырғыз ағайындардан да алып жатамыз. Алайда, оны өзімізге лайықты етіп өзгертіп аламыз.
– Бауыржан Момышұлы «Өзіне өзі сынмен қарау оңай іс емес» депті. Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сынға қарсы емеспін. Егер орынды болса, қабылдаймын. Айтылған сын арқылы өзімді түзеуге, келесіде ол қателікті қайталамауға тырысамын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сол сынды кімнің айтқанына аса мән беремін. Мақтаудан көрі сынды жақын қабылдаймын.
– Өнер жүрген жерде еліктеу болмай тұрмайды. Өзіңіз өнер жолында алдыңғы толқыннан кімге еліктедіңіз?
– Негізі осы өнерге баулыған ұстаздарым Ғалым Маханов, Кенжебай Жүсіп, Мағауия Қозбағаров, Серік Төлеуов еді. Бірге жұмыс істеп, бір пұшпақты илеп жүрген уақытта, қайда барса да қасынан тастамай, жанына ілестіріп жүретін. Ағаларымыздың аузынан естіген тағылымы мол өсиет әңгімелер, алған тәлім-тәрбие өмірлік азығым болып келеді. Ал, әзіл әлеміне ынтамды оятқан, мектеп оқып жүрген кезде көп көретін, «Тамаша», «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрының актерларын ерекше атап өтер едім.
– Алда қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар? Ауылға жиі келіп тұрасыз ба?
– Менің арманым – Қызылорда қаласынан әзіл-сықақ театрын ашу. Бізде мүмкіншілік мол деп ойлаймын. Талантты жастар да жетерлік. Тек қолдау болса болғаны. Жылдың соңына қарай Қызылорда қаласында жеке кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Әрине, ауылға жиі келіп тұрамын, той-томалақ, елде қалған ағайын-туыс бар. Жылына 3-4 рет келіп тұрамын. Жоспарымды айттым ғой. Егер әзіл-сықақ театрын ашсам, отбасымызбен осында көшіп келеміз. Мұнан өзге де жоспарлап отырған дүниелер баршылық. Барлығы алдағы күндердің еншісінде.
– Әңгімеңізге рақмет!