Kyzylorda-news.kz Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен дала өртін болдырмауға қатысты мәжіліс өтті.

Аудан басшысы өрт қауіпсіздігін сақтау керектігін ескертті.
– Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдарда республиканың кейбір өңірлерінде орман-тоғайлар өртке оранып, бұл өзекті мәселеге айналды. Сондықтан орман-тоғайда өрт қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстауымыз қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мәжілісте Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болат Бисенбаев хабарлама жасап, орман және дала өртінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды жеткізді. Мекеме директоры шаруашылық құрылымдарына, елді мекен тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жұмыстарға басымдық берілгенін атады.

Көп жағдайда дала өрті адамдардың абайсыздығынан пайда болады. Табиғат аясына шыққан азаматтардың жаққан оттарын өшірмей кеткендіктерінен немесе көлік жүргізушілерінің жол жиегіне өшірмей тастай салған темекі тұқылынан, ашық алаңқайда қоқысты немесе құрғақ шөптерді жағуы және т.б. жағдайда өрт тұтанып, өршиді. Дала аймақтардың өртке қауіпті кезеңдері жаз мезгілінің ортасы мен соңында орын алады. Әсіресе дала өрттері күн жылынғанда пайда болады. Себебі құрғақ өсімдіктер мен шөптердің өте тез жануына байланыс­ты. Сондықтан көктем шығып, күн жылынғанда дала өртіне өте сақ болуымыз қажет. Оны болдырмау үшін дала аймақта отқа арналған орынды құрғақ шөптен, қоқыстан мұқият тазалау, жаққан отты қараусыз қалдырмау, кетер алдында отты толық сөндіргенін көзбен жеткізу қажет. Сондай-ақ пайда болған өрт ошақтарын тез арада сөндіру керек.

Есте сақтаңыз! Өрт қауіпсіздік ережесін сақтау – әр азаматтың міндеті. Өртті сөндір­геннен, алдын алған оңай!

Аудан басшысы орман қорын молайту, өрттен сақтау ұдайы бақылауда болу керектігін назарға салып, тапсырмалар жүктеді.

Тағы да оқыңыз: