Kyzylorda-news.kz Шыны керек, бүгінде жастар арасында галстук тағып, жұмсақ креслода отырып, жұмыс істегенді құп көретіндер жетерлік. Табысы мардымсыз болса да ағайынның алдында жасанды абыройға бой ұсынып, өзіне ұнамайтын іспен айналысатындар да жоқ емес. Иә, қоғамда заңгер, қаржыгер, кейін әртіс, блогерлік жастар арасында үлкен беделге ие болып, оқушылар үшін өмірлік арманға айналды.
Алайда басқа дамыған елдердің экономикасына көз жүгіртсек, мәселен, Қытай, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде жұмысшы, техникалық мамандықтар сұранысқа ие. Инженер, сәулетші, құрылысшы, механик, дәнекерлеуші мамандықтарының қоғамдағы мәртебесі мен айлығы дәрігерлермен деңгейлес. Ал бізде қалай? Осы сауалдың түйінін тарқату үшін Жалағаш ауданындағы құрылысы қарқын алған «Руханият» орталығындағы қарапайым құрылысшылармен әңгімелестік...
Қазіргі таңда дәнекерлеуші мамандарға құрылыс саласында сұраныс көп және олар кез келген өндіріс үшін ауадай қажет. Бұған ос мамандықты игерген аудан тұрғыны Әсемхан Мырзаханұлының күнделікті жұмыс барысымен танысқанда куә болдық.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда кент орталығында құрылысы жүріп жатқан «Руханият» орталығында жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, ол ғимараттың жылу, су, желдеткіш жүйелерін дәнекерлеуде. Мұнан бөлек жеке тұрғындардан да сұраныс жиі түсетін көрінеді. Яғни негізгі жұмыстан бос уақытта темір қақпа, көлік тіркемесі, шатыр және т.б. темір бұйымдарын құрастырады.
– Мектеп бітірген соң Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжіне «Дәне-керлеуші» мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол жақта 3 жыл білім алып, оқуды аяқтаған соң мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Шын мәнінде, жұмыс істеп көрмей, үш жылда адам еш нәрсеге үйренбейтінін ұқтым. Оқуды бітіріп, жұмысқа барғанымда ондағылардың «тәжірибесі жоқ, жұмысты үйрене алады ма?» деген сауал жүздерінде тұрды. Бірде қасыма тәжірибелі дәнекерлеуші келіп: – «Дәнекерлеу оңай іс емес, бұл мамандықты неге таңдадыңыз?» – деп сұрады. «Отбасым қандай жұмыс жасайсың?» деп сұрамайды. Жауапкершілікті сезінемін. Сол себепті үйренуге міндеттімін» дедім мен. Басшымыз Мейірбек Әмірұлы – бұл мамандықтың «майын ішкен» кәсіпқой дәнекерлеуші. Ол дәнекерлеу барысында мынандай қарапайым әдістерді түсініп, оларды бұлжытпай орындасаң, бұл кәсіпті көп ұзамай игеріп кететінімді айтып, бұл салада көзімді ашты, – дейді еңбек адамы.
Әсемхан – бүгінде әріптестері арасында құрметке бөленген жан. Әріптесері оның өте білікті, тәжірибелі жұмысшы екенін мойындайды. Кейбірі оның көмегін аямайытын қолы ашық азамат екенін де жасырмады. Тіпті өзінен кейінгі жастарға кеңес беріп отырады екен.
– Қарапайым жұмысшы екеніме мақтанамын. Себебі бұл мамандық елге керек. Шыны керек, мен басқа салада жұмыс жасауды елестете алмаймын. Себебі әбден үйреніп қалдым. Оны ешқандай жерге айырбастағым да келмейді. Шүкір, табысым да жеткілікті. Ұжымым жақсы. Әріптестеріммен туыстай болып кеткенбіз. Бір-бірімізге қонаққа да барып тұрамыз, – дейді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еңбек адамы қоғамда қашанда абыройлы, мәртебесі биік болу керек. Мұндай адамдар елге сыйлы азаматтарға айналуы қажет. Өйткені елдің әлеуетін көтеретін осы қарапайым жұмысшы азаматтар екені даусыз. Ал Әсемхан Мырзаханұлы – соның жарқын бейнесі.
Жандос ЖАЗКЕН
Фото: http://pt0008.kokshetau.aqmoedu.kz/