Kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған науқастардың саны күн санап өсіп барады. Олардың жағдайы ауыр. Бұл туралы елорданың штаттан тыс бас инфекционист дәрігері Сәуле Атығаева мәлім етті, деп хабарлады Sputnik.
“Былтырғы жағдай тағы да қайталана ма деп қорқамыз. Қазіргі уақытта КВИ көрсеткіші бәрімізді алаңдатып отыр. Науқастар ауыр және өте мүшкіл халде ауруханаларға түсіп жатыр. 18 наурыз күні қала бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 307 жағдай анықталды”, – дейді Атығаева.
Оның айтуынша, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған науқастардың саны күрт өсті. Жансақтау бөліміне тәулігіне бес адам жатқызылады. Әсіресе, артериялық гипертензиясы, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы бар егде жастағы адамдардың жағдайы ауыр.
“Өткен жаздағы жағдай қайталанбас үшін, сондай-ақ, өлімге әкелетін өте ауыр жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға санитарлық шаралардың бәрін сақтауды ұсынамыз. Күн сайын сіздер мен біздің амандығымыз үшін жұмыс істейміз. Бірақ жағдайды дәрігерлердің көмегімен ғана реттеу мүмкін емес. Әркімнің жауапкершілігі маңызды”, – деп атап көрсетті Атығаева.
Дәрігерлер инфекция жұқтыратындардың саны мереке күндерінен кейін күрт артады деп отыр. Себебі адам көп жиналатын жерлерде санитарлық нормалар сақталмайды. Қала тұрғындары оны байқамауы мүмкін. Бірақ дәрігерлер ауруханадағы жағдайдан бәрін анық көріп отыр.