Бүгін – Ұлттық домбыра күні – Kyzylorda News
Басты бет

Бүгін – Ұлттық домбыра күні

04.07.2021, 10:00

5288 0

Kyzylorda-news.kz.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Жыл сайын атап өтілетін бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болмақ. 

Домбыра – қазақтың киесі, қа­сиеті, қазынасы. Қазақ пен дом­быра егіз ұғым ғой! Күні кешеге дей­ін әр үйдің төрінде ілулі тұра­тын ұлттық аспабымыздың күм­бірлеген үні бүгінде алыстап бара жат­қандай еді. Телеарналардан домбыраның дауысын есту мұңға айналғаны былай тұрсын (оның орнын салмақсыз бағдар­ла­малардың жаулап алғаны шын­дық), шілдехана, бесік тойы, тұ­сау­­кесер, тілашар, беташарла­ры­мыз даңғырлаған эстарада әуеніне байланбады ма? Домбырамен әуелете шырқалып, тиесілі сыйлық иесін табатын «Той­бастар» дәстүрінің түр-си­па­ты мүлде өзгергеніне бәріміз куә­міз. Құрметті қонақ келгенде «ауыл­дың алты ауызы» айтылып, «қонақ­кәдемен» жалғаса әнмен өрілетін отырыстар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан?! Арасында үл­кендердің әдемі әңгімелері тың­далатын. Қазір ше? Ішіп-жеп болған соң, бас салып би билеу-
ге көшеді. Жас та, жасамыс та секеңдеп, ию-қию музыка, қызық деген осы деп түсінетін бол­дық. Ілгерідегі құдаларды әудем жерден арнау айтып қарсы алып, күмбір-күмбір күй тартып, шығарып салар кез қайда, шір­­кін?! Домбырада айтылатын әр әннің сөзі қандай, сазы қан­дай?! Тыңдап отырғаныңда бір күрсінтіп, бір мұңайтып, мың түр­­лі әсерге бөлейтіні бар. Оның құ­­діретті үнін естігеніңе шү­кір­лік ете­сің. Домбыраның иесі қазақ бо­лып туылғаныңа тәу­бе дейсің, бас­қа емес.

Домбыра күнінің белгіленуі жай­дан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бас­та­ма­­лар бой көтеріп, көптен бері қол­­дау таппай жүрген игі дү­ние­лер қайта жаңғыруы ғажап емес. Көп нәрседен үміттіміз. Көк сандықтан домбыра үнімен астас­тырылған салмақты дүние­лер­дің көптеп жарық көруін жанымыз қалайды. Ең дұрысы, науқаншылықтан ада, әсіреқызыл тез оңарлық тірлік емес, өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болса екен дейміз. 

«Жаздыкүн шілде болғанда…» деп Абай атамыз айтқандай, «көкорай шалғын, бәйшешек, ұзарып, өсіп, толғанда» бүкіл қазақ даласы күмбір-күмбір күй төккей, көктегі күн нұр төккей, домбырасын қолға алғай, әуелете ән салғай­… «Дариға, домбырамды бер­­ші маған, Жаныма келші жарым, келші балам…» деп Мұқа­ғали­­ша толғайық, «Нағыз қазақ қа­зақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп Қадырша қайырайық! Ұлы ұлттың баласы, ұлықта Домбыраңды!

0

Пікір қалдыру