Kyzylorda-news.kz. Өрт – аса қатерлі, тілсіз жау. Көктем, жаз айларында күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттің де қаупі арта түседі. Бұның артында адамның тағдыры тұр. Сондықтан тілсіз жауға бейжай қарауға болмайды. Өрттің пайда болуы көбіне найзағайдың соғуы, далада жатқан шыны, сынық әйнектердің қызуы жәнежүргізушілердің темекі тұқылдарын сөндірмей, жол бойына лақтырыпкетуінің нәтижесінде орын алады. Аптап ыстық пен қуаңшылық кезеңінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң түрде сақтаудың маңызды екенін ескерген жөн. Қазіргі уақытта айтып келмейтін апаттан сақтану да – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі.
Осы орайда Шиелі ауданында 15-16 мамыр күндері аралығында табиғи өрт туындаған кездегі іс-қимылдарға мемлекеттік басқару органдарының, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын дайындау мақсатында «Өрт –2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу барысында Шиелі ауданының аумағында туындайтын табиғи өрттерді сөндіру жөніндегі аумақты азаматтық қорғау күштері мен құралдарды басқару органдарының іс-қимылы, ақпарат алмасуы, өзара іс-қимыл жасайтын мекемемелер мен қызметтер арасында табиғи апатты жоюға қатысатын өртке қарсы құралымдардың дайындығы пысықталды. Екі күнге жоспарланған оқу-жаттығудың І кезеңінде Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Абдулхайысұлы және Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Айдарбекұлы саптық қарау жұмыстарын жүргізді.
Екінші күні Шиелі ауданы әкімі орынбасарының басшылығымен далалық жерде өрт пайда болған кезде мекеме, ұйымдардың және ерікті өрт сөндіру жасақтарының дайындығы тексерілді. Оқу-жаттығудың ІІ кезеңі Шиелі іргесіндегі Алмалы ауылдық огругі, 21-бекет тұсында Жөлек орманшылығының 9-айналымы 52-орамында жалғасын тапты. Қауіпті өрт кезеңінде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында дер кезінде тиісті шаралар қабылданып, мамандар мен арнайы техникалар жұмылдырылды.
Шара соңында тәжірибеден өткен мамандарға Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов:
– Тұтқиылдан тап беретін өртті алдын ала болжау мүмкін емес. Өрттің адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен материалдық құндылықтарға зиян келтіретіні баршаға аян. Әсіресе дала мен орман өртінің қаупі жоғары. Сондықтан өрттің алдын алу бойынша жоспар жасалып, жүзеге асыруымыз керек. Бүгінде республика көлемінде өткізіліп жатқан «Өрт – 2024» оқу-жаттығуына қатысқан барлық сала мамандарына алғыс білдіремін. Тұтанған өрттің дер кезінде орнын анықтап, өрт жайлаған аумақты жедел түрде сөндірдіңіздер, – деп оң бағасын берді.
