Kyzylorda-news.kz Адамзат тарихында еңбек – әрқашан ұлы құндылық. Елдің еңсесін көтерген де – еңбек адамы. Жерді жыртып, егін еккен де, темірді балқытып, техника тізгіндеген де, мұнай-газды, кен-байлықты игерген де – қарапайым жұмысшы. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы еліміздің жаңа экономикалық кезеңге қадам басуының айқын белгісі, еңбек мәдениетінің қайта түлеуі. Ал осындай кезеңде тірегі мығым, болашағы айқын, нағыз жұмысшы мамандарды даярлап келе жатқан Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің тынысы бөлек. Директоры Болат Сүлейменовтің басшылыққа келгеніне бір жылға енді жуықтаса да, атқарылған іс бір ғасырға татырдай. Өйткені колледж бүгінгі қоғам талаптарына сай жаңарып, жаңғырып, жаңа белеске қадам басып келеді. Біз Болат Сүлейменовпен жүздесіп, тарихтан тартып болашаққа дейінгі әсерлі, кең тынысты сұхбат құрдық.
– Болат Мулланазарұлы, колледжді басқарғаныңызға енді жыл толады. Бір жылда не өзгерді?
– Өмірдің өзі өзгеріссіз тұрмайды. Бұл жыл – мен үшін де, ұжым үшін де үлкен сын мен ізденістің, өзгеріс пен жаңғырудың жылы болды. Бүгінгі білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті, нақты өндірісте қажет маман дайындауға бағытталуы тиіс. Осы талапқа сай колледждің жаңа тынысын ашып келеміз. Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі – 1958 жылы Бәйгеқұм қыстағында негізі қаланған. 67 жылдан астам тарихы бар қара шаңырақ. Әр дәуірде түрлі атауға ие болса да, миссиясы өзгерген емес. Ол – елге қажет кәсіби маман дайындау. Бүгінде ауыл шаруашылығы, геология, құрылыс, энергетика, машина жасау бағыттарында сапалы кадр даярлайтын өңірдегі бірегей оқу орны. Кеңестің қарапайым аграрлық училищесінен – бүгінгі заманауи индустриялық колледжге дейінгі жол оңай болған жоқ. Бірақ ең бастысы – болашаққа деген сенім сақталды. Бүгінде колледж – 18 мамандық, 28 біліктілік бойынша кадр даярлайтын ірі орталық. 500-ге жуық студент білім алып, жалпы 116 маман қызмет етеді. 240 орындық жатақхана бар. Студенттерге қолайлы жағдай жасалған. Бір жылда біз оқу орнының рухын жаңа деңгейге көтеруге тырыстық. Өйткені, қазір бәсеке – білімде, еңбек – қолда, ал табыс – шеберлікте.
– Колледж тарихы – еліміздің еңбек шежіресімен сабақтас. Оқу ордасында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалар аз емес…
– Иә, біз мұны мақтанышпен жиі айтамыз. Бұл колледж – еңбек ерлерінің ұстаханасы. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, Социалистік Еңбек Ерлері Закира Ержанова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Жадыра Таспамбетова – бәрі де осы орданың түлегі. Одан бөлек, халық сүйген механизаторлар Рысбай Мәуленов, Сұлтан Айтасов ел сенімін арқалаған депутат Жақсылық Ахметов – бәрі осы шаңырақтан қанаттанған. Колледждің тарихына үңілсек, әр дәуірдің еңбек эпосын көреміз. Бұл – жай ғана білім орны емес, бұл – еңбек мәдениетінің академиясы.
– Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы». Осы жыл колледждің өміріне қандай серпін әкелді?
– Бұл жыл – біз үшін жаңа мүмкіндіктердің, жаңа жауапкершілік пен сенімнің жылы. Бір сөзбен айтқанда, осы жыл біздің миссиямызбен үндес. Мемлекет басшысы 2025 жылға айдар тағу арқылы: «Елдің ертеңін жұмысшы жасайды, елдің өркенін еңбек көтереді» деп қоғамға маңызды ой тастады. Біздің ең басты міндетіміз – жұмысшының қоғамдағы мәртебесін көтеру. Өйткені біз дайындайтын мамандықтың барлығы елге тікелей қажет. Электрик, дәнекерлеуші, механизатор, бұрғылаушы, автоэлектрик, кондитер, геолог, кран машинисі. Сондықтан биыл колледж үш бағытқа басымдық берді. Олар: кәсіби дағдыларды тереңдету, өндіріс орындарымен серіктестікті кеңейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту. Осы бағыттар нәтиже берді.
– Жыл ішіндегі колледж жетістіктері ерекше айтылып жүр. Сайыстардағы жеңістер туралы тоқталып кетсеңіз.
– Иә, студенттеріміздің биылғы жеңістері біз үшін үлкен мақтаныш. WorldSkills – кәсіби шеберлік чемпионаттары «Дәнекерлеу ісі» бойынша Ержан Сарыбай облыс чемпионы, республикалық кезең – медальон. Жетекшісі: Қайрат Башаров. «Кондитерлік ісі» бойынша Нұрайлым Есенбай І орын, республикаға жолдама алды. Жетекшісі: Сабира Дайрақұлова. «Сән технологиясы» бойынша Ақбота Пәрімбетова, Аружан Әбдірасілова ІІІ орын. Жетекшісі: Айдана Ақылбекова. «Электромонтаждау» бойынша Лян Аркадий ІІ орын. Жетекшісі: Мейірбек Сұлтанбек. Өзге ірі жеңістерге тоқталсам, «Жас электрик – 2025» командалық II орын, екі студент – І дәрежелі диплом. «Жастар – жаңа геологиялық ашылымдар жолында» республикалық форум – I орын. Бұл – колледж тарихындағы ерекше жеңіс. Сондай-ақ, «AgroBest – 2025» ІII орын, «Кәсіби маман – 2025» байқауында серіктес «Волковгеология» Үздік кәсіпорын атағы. Барлығы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыратын жеңістер. Бұл жеңістердің әрқайсысы – бір ғана студенттің жетістігі емес, бұл – колледждің, ұстаздың, еңбек адамының жеңісі.
– Жаңалық десе, колледжде жыл сайын тың дүниелер пайда болады. Биыл қандай өзгеріс бар?
– Ең маңызды жаңалық – ЗИФ-1200 МПК бұрғылау қондырғысының оқу процесіне берілуі. Мұндай техникамен жұмыс істеу – студентке өндірістің есігін ашқанмен тең. Еліміздің ТжКБ жүйесінде сирек кездесетін мүмкіндік. Сонымен қатар 20-дан астам ірі кәсіпорынмен жаңа келісімшарт жасалды. Бұл дегеніміз – әрбір студенттің өндірістік тәжірибесі мен жұмыспен қамтылуы нақты жолға қойылады.
– Білуімізше, колледж жаңа мамандықтар ашу жұмыстарын бастап кетіпті. Бұл қандай мамандықтар?
– Дәл солай. Жұмысшы мамандықтар жылы бізге ерекше жауапкершілік жүктеді. Сол себепті 2025 жылдан бастап 8 жаңа мамандық ашу жұмысы жүріп жатыр. Олардың қатарында: автокөлікке қызмет көрсету, автоэлектрик, автослесарь, наубайшы, сумен жабдықтау жүйесінің операторлары, кран машинистері, уран өндіру саласының аппаратшылары, операторлар. Бұл – ел экономикасына ауадай қажет мамандықтар. Біздің міндет – осы салаларға білікті кадр даярлау.
– Алдағы жоспар қандай? Сөзіңізден үлкен мақсаттар барын аңғардық…
– Әрине, жоспар аз емес. Тіпті жоспар емес, үлкен жолдың бастамасы десек дұрыс. Алдағы жылдары біз колледжді жаңа деңгейге шығару үшін бірнеше стратегиялық қадамды жүзеге асырмақпыз. Ең әуелі студенттер санын 650-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл тек сан қуалау емес, оқу орнына деген сенім мен сұраныстың өскенінің көрінісі. Шеберханалардың бәрін толық жаңғырту – басты міндеттердің бірі. Заманауи құралсыз сапалы маман даярлау мүмкін емес. Сондай-ақ, дуальді оқытуды 40-50 пайыздық деңгейге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – студенттің аудиториядан гөрі өндірісте көбірек уақыт өткізуіне жағдай жасау, яғни нағыз кәсіби ортаны сезінуіне мүмкіндік беру. Жаңа зертханалар ашу, индустриялық серіктестер санын ұлғайту, студенттерді шетелдік тағылымдамаларға жіберу – біздің келешектегі үлкен мақсаттарымыздың бір бөлігі ғана. Арманымыз – Шиелі индустриалды-аграрлық колледжін өңірдегі ғана емес, республикадағы алдыңғы қатарлы аграрлық-техникалық орталыққа айналдыру. Айта кетейін, биылғы маңызды жоспарымыздың бірі – қараша айының 27-сінде республика көлемінде ауқымды сайыс өткізу. «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» мен «Тау-кен металлургиясы» бағыттары бойынша ТжКБ ұйымдарының студенттері арасында «Тау-кен өндірісіндегі инновациялар және жас мамандардың рөлі» атты командалық кәсіби шеберлік сайысын ұйымдастырмақпыз. Бұл – біздің колледждің жаңашылдыққа, бәсекеге қабілеттілікке, ұлттық кадр даярлау ісінде көшбасшы болуға ұмтылған қадамы.
– Соңғы сұрақ, жұмысшы мамандықтарының болашағы қандай?
– Болашағы – өте үлкен. Жұмысшы мамандықтары – экономика жүрегінің соғысы. Маман жоқ жерде, өндіріс жоқ. Өндіріс жоқ жерде, даму жоқ. Сондықтан дәл бүгін – жұмысшының заманы. Менің ойымша, нағыз байлық – май ішіне сіңген қол еңбегінде. Таза еңбектің иісі – табысқа, тұрақтылыққа, кәсіби дамуға бастайтын адал соқпақ. Сол соқпаққа жастарды жетелеп, кәсіби жолына бағыттау – біздің парыз!
– Әңгімеңізге рақмет. Шиелі колледжінің көтерген жүгі – ел ертеңінің жүгі екені анық.
Сұхбаттасқан
Сұлушаш МАДИЯРОВА
Фото: автордікі
