Kyzylorda-news.kz. «Болашақ» университеті мен Қызылорда технология және қызмет институты бірігетін болды. Бұрынғы Ақмешіт институты мен Болашақ университеті қосылып, «Қызылорда Ашық университеті» КеАҚ (НАО) атауындағы оқу орны болады. Бұл туралы «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов пен Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтайшысы Қылышбай Бисенов мәлімдеді.

«Шын мәнінде, әлеуметтік желіде, халық арасында «Болашақ» университеті жабылыпты, балалар қайда барады?» деген әңгімелер жүріп жатыр. Тіпті, мен айтты деп басқа да әңгімелер тарауда. Оның барлығы өтірік, жалған ақпарат. Мен ешкімге ондай әңгіме айтқаным жоқ. Өткен жылдың аяғында университетіміздің лицензиясы тоқтады. Біріншіден жұмыстағы кемшіліктерге байланысты, екіншіден, жеке оқу орындарын біріктіру мақсатында жүзеге асырылды. Қазіргі таңда барлық өңірде осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жағдайдан студент те, оқытушы да зардап шекпейді. «Болашақтың» студенттері өз корпусында, ал Қызылорда технология және қызмет институтының білім алушылары өз ғимараттарында оқуды жалғастыра береді», - деді Бақберген Досманбетов. 

Бақберген Сәрсенұлы өз сөзінде жеке оқу орындарын біріктіріп, шоғырландыру қажет дүние екенін айтты. Бұл жеке университеттердің ірі оқу ордаларына айналуына септігін тигізетінін айтты. 

«Қылышбай Алдабергенұлы екеуміз құрылтайшымыз. Жаңадан «Қызылорда Ашық университеті» атты оқу орнын ашып жатырмыз. Сондықтан «Болашақ» университеті жабылған жоқ», - деді Бақберген Досманбетов. 

Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтайшысы Қылышбай Бисенов ашық университет құру әлемдік тәжірибеде бар екенін атап өтті. 

«Ұстаз, ғалым ретінде біздің мақсатымыз - әрбір білім алушының мүддесіне, сол азаматтардың болашағына қызмет жасау. Өздеріңіз білесіздер білім әрбір ұлттың сапасын анықтайтын құрал. Мемлекет басшысы білім сапасына ерекше назар аударуда. Жеке оқу орындарын ірілендіру әлемдік тәжірибеде бар. Жалпы, ашық университеттің тарихы 1846 жылдан Ұлыбритания елінде басталған. Сол тәжірибені өз өңірімізде де қолданудамыз», - деді Қылышбай Бисенов.   

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Болашақ» университетінен ауысып келген студенттерге оқу ақысы І-ІІ семестрге бұрынғы бағада қалатын айтты.

«Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы университетке ауысуға өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай оқу орнында ауысу процесі жүргізіліп жатыр. Бүгінде 5 білім беру бағдарламасы бойынша 120 магистранттан өтініш келіп түсті. Одан бөлек, 32 білім беру бағдарламасы негізінде 1200 студент ауысуға өтініш берді. Өтініш берушілердің арасында барлық курс студенттері бар. Басым көпшілігі 4 курс студенттері. Бұл өтініштер білім ордасының нақты шешімі шыққанға дейін келіп түскен. Біз студенттерді қабылдауға әзірміз. І және ІІ семестр бойынша оқу ақысы «Болашақ» университетінің бағасымен қалады. Ал келесі оқу жылынан бастап студенттер Қорқыт ата атындағы университеттің бекітілген оқу ақысы бойынша төлем жасайды. Студенттердің оқу орнын ауыстыру процесі қысқы каникул кезінде жүзеге асады», - деді Бейбіткүл Кәрімова. 

Динара МАХАНОВА

WhatsApp Image 2023-01-18 at 12.08.02.jpeg

Тағы да оқыңыз: