Kyzylorda-news.kz Бүгін, яғни 5 мамыр күні "Kyzylorda-news.kz" ақпарат агенттігінің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Интернет газеттен ақпараттық агенттікке дейінгі он бес жылдық осы жолда білім, ғылым, денсаулық, саясат, әлеумет, құқық, қоғам және басқа да маңызды салаларға қатысты тәуелсіз Қазақстанның тарихын жаңалықтар желісінде жазып келеді.

"Kyzylorda-news.kz" ақпарат агенттігі осы жылдар бедерінде қалыптасу, даму кезеңдерінен өтті.

– Әлемдік медиатрансформация мәселелерін зерттеушілер баспадан вебсайтқа көшу процесін соңғы 15 жыл деп қарастыратынын ескерсек, жалпы біздің де бұл ақпарат айдынында желкен керген жылдарымыз шамалас болады екен. Бұл ретте интернет газет идеясының авторы, негізін қалаушы аға буын Аманжол Сақыпұлы, агенттіктің алғашқы бас редакторы Елібай Жікібаев, оператор Насреддин Бахманов, одан кейінгі жылдарда шығармашылық топты шыңдаған Мұрат Жетпісбаев, Әлібек Байшүленов, Дәуіржан Елубаев, Жәнібек Исаев, сайт әкімшісі Бақытжан Салмұрза, кейінгі толқындардан Нағымжан Сауяев, Назерке Саниязова, Дәурен Омаров, Нұрсұлтан Мықтыбай, Мөлдір Снадинқызы, Әзиз Батырбеков есімдерін біз әрқашан мақтанышпен айтамыз. Әрбірінің өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақ журналистикасындағы жаңа медианың, яғни ақпарат таратудың басқа көзіне қарағанда мүмкіндігі зор медиа-технологияның алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде танылуы, тұрақты оқырман қалыптастыруы, сәт сайын мың құбылған замана көшіне бейімделуі мұның барлығы да жылдарды жылға жалғап, сабақтасып отырған отырған үлкен шығармашылық ұжымның еңбегі деп бағалаймыз, – дейді бас редактор Айжан Жұмабекқызы.

Бүгінге дейін аталған ақпарат агенттігінде Елібай Жікібаев, Мұрат Жетпісбаев, Дәуіржан Елубаев, Дәурен Омаров, Нұрсұлтан Мықтыбай, Мөлдір Қалымбет, Әзиз Батырбеков бас редактор қызметін атқарды. Олардың әрбірі сайтты заман ағымына сай өзгертіп отырды.

Жалпы интернет газетке бастапқы жылдары Жарғы бойынша екі тілде 15 ақпарат салыну қажет болса, сол 15 ақпаратты табудың өзі оңай болмаған. Себебі, ол кездері барлық ақпарат газеттердің шығу күніне ыңғайланып, асықпай, баппен жазылатын. Елібай Зұлхарнайұлының еңбегімен Ішкі істер департаменті, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметімен тығыз байланыс орнату арқылы күнделікті жаңалықтар жасау қызметі жолға қойылса, одан кейінгі жылдары күнделікті оқырман санын көбейту жұмыстары маңызды болды. 

– Ақпараттық агенттік болып тіркелген 2014 жылдары мультимедиялық элементтерді пайдалана отырып, ұзақ мәтінді лонгридтер мен фоторепортаждар ұсынудың да өз қызығы болатын. 2018 жылдары әлеуметтік желілермен жұмыс жасау қолға алынып, SMM нұсқаулықтары үйретілді. 2019 жылы жаңартылған, жетілдірілген, дизайны заманауи веб-сайт іске қосылды. Аудиоподкастар жасалды. 2024 жылы арнайы студия жабдықталды. Қазір видеоконтент, түрлі медиаблогтар медианың жаңашылдығы ретінде қабылданып отыр. Мұнымен қоса агенттіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларын үздіксіз дамыту, күнделікті қысқа рилстар арқылы оқырманды ұстап тұру басты назарда. Бұрын қысқа жазбалар басқа сайттардан көшірілетін болса, қазір камера, дрон көмегімен бейнежазбаларды өзіміз түсіріп, арнайы жабдықталған студияда монтаждап, өнім ретінде ұсыну мүмкіндігінің болуы кәсіби табысымыз деп есептейміз. Осының барлығы да агенттіктің ақпаратты жылдам әрі сапалы таратудың сан түрлі жолдарынан өтіп келе жатқанын көрсетеді, – деді "Kyzylorda-news.kz"ақпарат агенттігінің бас редакторы А.Абдуллаева.

Жаңадан ашылған интернет газеттің бас редакторлық қызметіне республикалық «Караван» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Елібай Жікібаев шақырылды. Ол интернет басылымның жүйесін бір жолға түсіру үшін аянбай еңбек етсе, Насреддин Бахманов дизайн жасау жұмысын қолға алды.

– Алғашқы кезде ақпараттарды сайтқа орналастыру жұмысын игердік. Ол кезде бүгінгідей бір батырманы баса салу жоқ, ақпарат жариялау үшін бағдарламалау тілін меңгеру талап етілетін. Интернет газетте тек Қызылорда облысына қатысты жаңалық жариялап отырдық. Күніне екі тілде 15 ақпарат жариялау тапсырылды. Алғашқы күндері осынша ақпарат табу қиын болғанымен Елібай Зұлқарнайұлының іскерлігінің арқасында облыстық мекемелердің баспасөз қызметімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ең бастысы, оқырманға жаңалықты дер кезінде жеткізіп отырдық. Уақыт өте келе сайтқа ақпарат салу жұмысын жеңілдеттік. Бұрынғыдай тек оператор ғана емес, әр тілші сайтқа өзі әзірлеген ақпаратты дер кезінде салуды үйренді. Сондай-ақ интернет газетте журналистер аптасына бір сұхбат, бір сараптамалық мақала жазуға міндетті болды. Бұл тілшілерге қиын болған жоқ. Сайтқа күніне жариялануы тиіс деген 15 ақпараттың санын 18-ге, одан кейін 20-ға жеткіздік. Осылайша, «Қызылорда облысының интернет газеті» деген атымызға сай болу үшін еңбек еттік, – дейді Насраддин Бахманов.

Бүгінде «Kyzylorda-news.kz» тек ақпарат таратушы ғана емес, өңірдің қоғамдық пікірін қалыптастыратын маңызды алаңға айналды. 15 жылдық тәжірибе мен жинақталған білім агенттіктің болашақта да медиа кеңістікте өз биігінен көрінетініне негіз бола алады.

Осы орайда аталған ақпарат агенттігінде бұрын басшылық қызмет атқарған журналистермен тілдескен едік. Ақпарат айдынындағы 15 жылдың ішінде өткерген қызықтарды бұрын редакторлық қызметте болған Дәурен Омаров сағына еске алды.

– "Kyzylorda-news.kz" ақпарат агенттігі – менің еңбек жолымдағы жарқын әрі жемісті кезеңдердің бірі. Ақпарат агенттігі «Сыр медиаға» қарасты журналистер мен газет-сайттарды жаңа форматқа, жаңа сұранысқа икемдейтін негізгі орталыққа айналды. Осы бағытта түрлі курстар, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырдық, әдістемелік нұсқаулықтар дайындадық, газет сайттарының дизайнын қайта жаңғырттық. Агенттік базасында аудандық басылымдардың тілшілерін өндірістік тәжірибеден өткіздік. Серіктестіктің сол кездегі бас директоры Аманжол Сақыпұлының тапсырмасымен атқарылған осы міндеттерді агенттіктің шығармашылық ұжымы абыроймен атқарды деп ойлаймын. Әсіресе Насраддин Бахманов, Жәнібек Исаев, Бақытжан Салмырза, Фариза Омарова, Динара Маханова, Аида Маратбекқызы, Мұқағали Қаршыға, Мұхтар Манарбек және басқа да әріптестердің еңбегі айрықша болды. Осы құраммен бір үйдің баласындай біте қайнасып, көп жетістікке жеткенімізді мақтанышпен еске аламын, – дейді ол.

Расында сол жылдары агенттіктің жаңа медиа талаптарына белсенді бейімделу кезеңі қалыптасты. Соның арқасында сайт материалдарының сапасын арттыру, қаралымын көбейту, SMM, видео контент бағыттарын дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
15 жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, ақпарат саласы үшін үлкен белес, толағай тәжірибе. Бұл мереке ақпарат агенттігінің қазіргі құрамы ғана емес, осы жылдар ішінде жұмыс істеген барлық БАҚ өкілдерінің мерекесі. Осы орайда аталған ақпарат агенттігінде өз орнын қалыптастырған, агенттіктің жас редакторы Мөлдір Қалымбет те өз ойымен бөлісті.

– «Kyzylorda news.kz» – аймақтың ақпараттық хроникасын қалыптастырған маңызды медиа кеңістік.Осы рөлдің маңызы қазіргі цифрлық дәуірде тіпті арта түсті. Себебі, интернет пен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы ақпарат тарату жылдамдығын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Дәл осы тұрғыдан алғанда ақпарат агенттігі тек дәстүрлі форматта емес, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы оқырманға өзекті жаңалықты дер кезінде ұсынып, заманауи медианың талабына  сай жұмыс істеп келеді. Жеделдік, қолжетімділік пен ашықтық – бүгінгі ақпарат алаңының басты өлшемі болса, редакция осы үдеден табылып отыр.Осы ақпараттық кеңістікте менің де кәсіби жолымның бір бөлігі өткен еді. Әріптестермен бірге өткен сол жылдар – шығармашылық ізденіс пен ортақ мақсатқа ұмтылысқа толы, жүректе сақталатын жылы естелікке айналды, – дейді ол.

Табыстың бір күнде келмейтіні анық. Редакцияның бүгінгі деңгейге жетіп, дамып, қалыптасуында әр кезеңде еңбек еткен редакторлар мен журналистердің үлесі зор екенін айту керек. Бұл тұрғыда ақпарат агенттігінде қызмет еткен Әзиз Батырбековтың да еңбегін ел біледі. Ақпарат сапасын арттырып, редакция беделін көтеруге атсалысқан әрбір маманның еңбегі құрметке лайық.

– Бұрын сайтта жұмыс істеп көрмеген адамға оның жұмысы аз секілді көрінеді. Газетте аптасына екі нөмір шығарып, мақалалар соған сай дайындалатын болса, сайтта минут сайын ақпараттар алмасып жатады. Оқып үлгеру қиын. Бас редактор болған соң шыққан әр мақалаға жауаптысың. Оның грамматикалық, стилистикалық қатесінен бөлек, саяси жағы тағы бар. Сайт қаралымын арттыруға сеп болатын жарқ еткен дүниелер өтімдірек. Тіпті әншілердің өміріне қызығатын, күнделікті бақылайтындар көп екен. Әйтсе де аудитория солай екен деп, жылтырақ дүниелерді де беруге болмайды. Бұл тұрғыда редакциядағы жігіттер мен қыздар түгел жұмылды. Бір мәселенің түйінін тарқату үшін әр пікірге мән бердік. Әлеуметтік желілердегі жұмысты күшейту жағын да кеңестік. Редакциядағы Фариза Омарова, Аида Маратбекқызы, Айжан Жарманова, Мөлдір Кенжеғұлова, Аружан Ералы сынды тілші қыздар мен Айдос Мырзалы, Қуаныш Мұстафаев, Балтабай Тұраровтай жігіттер жанымнан табылып, қиын деген мәселенің өзі оңайға айналды. Одан бөлек жаңа жобалар көрермен назарына жолданды. Оның ішінде «5 жаңалық», «Қазақтың сөзі», «Мамандықтар әлемі», «Өзіңдей бала», «Спорт-11» деп аталатын жобаларды жүргізіп, нәтижесін көрдік. «5 жаңалықты» Айдос Мырзалы мен Айжан Жарманова жүргізді. «Мамандықтар әлемі» мен «Спорт-11»-дің тізгіні Қуаныш Мұстафаевта болды. Айдос Мырзалы «Өзіңдей бала» арқылы талай жасты үлгі етті. Осының барлығын түсіру, монтаждау, көрерменге сапалы дүние ұсыну кез келген жанның қолынан келе бермейтін қиын дүние, – дейді А.Жұмаділдаұлы.

Ақпарат агенттігінің медиа саласында өзіндік орнын қалыптастыруына үлесін қосқан тілшілердің қатарында Фариза Омарова да бар. Ол сайтта қызмет еткен жылдар ерекше сәттерге, толағай табысқа толы кезең екенін айта келе, сол кездерді сағынатынын жеткізді.

– Мен бұл ұжымға 2014 жылдың қыркүйек айында келіп, 2024 жылдың қыркүйек айына дейін еңбек еттім. Осы жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Агенттіктің алғашқы редакторларымен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Әрқайсысынан үйренгенім көп, сол тәжірибе бүгінгі қызметімде әлі күнге дейін өз жемісін беріп келеді. Бұл орта мені тек журналист ретінде ғана емес, мәтін жазу, SMM, PR, ұйымдастыру ісінде әмбебап маман ретінде қалыптастырды. Басшылардың қолдауы мен бастамаларының арқасында біз заман талабына сай дамып, үздіксіз кәсіби біліктілігімізді арттырып отырдық. Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі 2011 жылдың 5 мамырында Қызылорда облыстық интернет газеті ретінде ақпарат айдынына қадам басып, бүгінде ауқымды ақпараттық порталға айналды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, спорттық және тарихи жетістіктерін екі тілде тұрақты түрде жариялап, оқырманға шынайы ақпарат ұсынуда. Өзінің бірегей стилі мен сапалы контенті арқылы елдегі алдыңғы қатарлы ақпарат құралдарының біріне айналғаны ұжым еңбегінің айқын дәлелі, – дейді Ф.Сәбитқызы.

Бүгінде «Kyzylorda-news.kz» тек ақпарат таратушы ғана емес, өңірдің қоғамдық пікірін қалыптастыратын маңызды алаңға айналды. Алдағы уақытқа да артар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. 15 жыл ішінде жинақталған тәжірибе, кәсіби ұжымның еңбегі мен жаңашылдыққа ұмтылыс агенттіктің бүгінгі табысының негізіне айналды. Бұл – тек өткен жолдың қорытындысы ғана емес, болашаққа бастар берік іргетас. Бұл – табандылық пен үздіксіз ізденістің, кәсіби шеберлік пен заманауи талаптарға бейімделудің жарқын үлгісі.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: