Kyzylorda-news.kz. Кезекті оқу жылын аяқтаған балалар жазғы демалысқа шықты. Бірі ата-әжесінің ауылына барып аунап-қунап қайтуға асықса, енді бірі басқа қалаға қыдырады. Тынығу лагерьлерінің ашылуын күтетін оқушылар да жоқ емес.

Еліміз бойынша 12 мыңға жуық лагерь, оның ішінде 11 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, 236-ға жуық қала сыртындағы сауықтыру лагерін ашу жоспарланған. Онда 1 млн 600 мыңнан астам бала демалады. Ал биыл облыс бойынша 10 лагерь жұмыс жасайды. Оның ішінде 7 лагерь мемлекеттік, ал қалған 3-уі жеке.

Маусымның 2-нен бастап салтанатты түрде жұмысын бастайтын лагерьлерде 7 ауысымда 8890 бала тынықпақ. Сонымен қатар, мектептердің барлығындағы күндізгі тынығу лагеріне 98 мыңға жуық оқушы қамтылады. Бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар барады.

  Бұдан басқа 1326 бала «Қазгермұнай», «Қазатомпром», «РЗА» ЖШС, «СКЗ-U», «Гежуба цемент заводы», «Қызылкұм» ЖШС, «Таң ЛТД» ЖШС, «Тілеп» ЖШС басқа да жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстан тыс жердегі лагерьлерде демалады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілетін жетілдіру және қолдау көрсету үшін биылғы жаз мезгілінде «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасымен облысқа 600 орынға квота бөлген. Алматы қаласындағы «Спутник» балалар сауықтыру лагерінде 320, Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында 280 оқушы демалады.

Жазғы тынығу кезеңінде оқушыларға Сыр өңірінің тарихи орындарына және Астана,  Байқоңыр ғарыш айлағы, Шымкент (Ақмешіт  үңгірі, Қазығұрт, Домалақ Ана) Тараз, (Айша бибі, Қарахан кесенесі) Сауран, Сығанақ қалашығы мен Түркістан облысының киелі жерлеріне (Отырар,Арыстанбаб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи, Гаухар ана кесенесі), Қорқыт ата ескерткіш, экскурсиялар мен арнайы турлар ұйымдастырылады. Музейлерге 17 300 бала саяхаттайды.

Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі бірінші орында тұратыны белгілі. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ қала сыртындағы лагерлерге бала қабылдауға рұқсат берілмейтінін  ескертті.

 Қала сыртындағы лагерлер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын қорытынды алуға міндетті. Тамақ дайындау және тамақтану шарттары мен қауіпсіздігі, су қоймалары мен бассейндерді қоса алғанда, тұру және демалу жағдайлары, ауызсу қауіпсіздігі тексеріледі. Аумақ пен үй-жайлар кеміргіштерге, жәндіктерге, кене және қансорғыштарға қарсы тазартылуы керек. Жазғы лагерьді таңдау кезінде ата-ананың әрекеттері аса маңызды. Министрліктің, сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің және оның аумақтық департаменттерінің сайттарындағы қорытынды алған қала сыртындағы лагерлер туралы ақпаратты пайдалануды ұсынамыз. Сұрақтар туындаған жағдайда жедел желі телефонына хабарласуға болады. Қала маңындағы лагерлерде 400-ге жуық медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді, – деді министр.

Жазғы демалыста баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда тиісті мекемелер де қарап қалмайды. Түрлі танымдық және спорттық шаралардан бөлек, үйірмелер жыл бойы жұмыс істейді. Облыстық мәдениет басқармасының берген мәліметтерінше, кішкентайлардың сүйікті мерекесі қызықты кештерге толы болмақ. Айталық, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобы мен облыстық филармонияның «Әдемі» балалар музыкалық студиясы балаларға арналған спектакльдерді жас көрермендерге ұсынуды жоспарлауда. Сонымен бірге облыстық филармония маусым айында «Жарқын жұма» қайырымдылық жобасын жүзеге асырады. Әр жұма сайын балалар қала мектептерінің күндізгі лагерінде демалатын тұрмысы төмен отбасының, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қойылымдар қояды. Облыс музейлерінде маусым-тамыз айларындағы әр аптаның бейсенбісінде балаларға арналған «Ашық есік» күні жарияланып, «Туған жер – тұнған тарих» тақырыбында тегін экскурсиялар жүргізіледі.

Маусым айында аймақ басшысының қолдауымен облыс әкімінің жүлдесіне «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар айтысы өткізіледі. Жалпы облыс мәдениет үйлері мен клубтарында 583 бала мен жасөспірімдерге арналған үйірме жұмыс жасайды, оған 7093 бала қамтылған.

Ал облыс кітапханалары «Жазғы кітапхана» жобасын жүзеге асырмақ. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жанында балалар үшін жұмыс жасайтын сурет салу, «Ісмер» қолөнер, «Еркетай» балалар алаңы, «Алақай» қуыршақ театры үйірмелеріне қатысу тегін ұйымдастырылуда. Сурет салу үйірмесінде сурет салуды, әйнекке құммен сурет салуды, мүсін жасауды үйретеді. Аптасына 2 рет сурет салу мен мүсіндеуге, 2 рет қолөнер бұйымдарын жасауға арналады. «Ісмер» қолөнер үйірмесінде балаларды қағазбен, бисермен, тоқыма, фетра қағазбен жұмыс істеуге үйретеді. «Еркетай» ойын алаңында кітап оқуға келген әрбір бүлдіршінді бір мезгіл сергітіп, ойнауына жағдай жасалған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі жанында мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерге рухани тәрбие беру, өнерге баулу, шығармашылығын дамыту  мақсатында «Мирас» жас экскурсоводтар үйірмесі, «Жас өлкетанушы» үйірмесі, С. Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «ИЗО студия» сурет салу үйірмесі, Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінде «Музейдегі туған күн» жобасы, аудандық филиалдарда «Жас тарихшылар» үйірмесі жұмыс жасайды.
 

Тағы да оқыңыз: