Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы бойынша 24 қыркүйек күні «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында жаппай санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Акцияның мақсаты – тазалықты сақтау бойынша кешенді шаралар қабылдау мен «Жасыл» экономика қағидатын қалыптастыру.
Аудан орталығын, елді мекендердің айналасын тазалау, қоқыстан арылту, шөптерді шауып, белгіленген орындарға шығару, арықтарды күл-қоқыстардан арылту, әктеу, сырлау жұмыстары жандандырылды.
Аудандағы барлық еңбек ұжымдары, мекемелер мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, қоғамның белсенді азаматтары мен жастар және тұрғын үй иелері көше тазалығын өз ауласынан бастап, туған жерінің көркеюіне өзіндік үлестерін қосуда.
Бұл бағытта аудан тұрғындарына, халық көп шоғырланатын жерлерде тазалыққа үндейтін үнпарақтар таратылып, қосымша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауданның көрікті болуын қалайтын әр адам бұл іске үлес қосуы тиіс. Қоғам тазалығын сақтау — бүгінгі күннің басты талабы және баршамызға ортақ іс.
Айта кетейік, өткен аптаның сенбісінде дүниежүзілік «WORLD СLEANUP DAY 2022» тазалық акциясы ұйымдастырылған болатын. Ауқымды шараға Сыр өңірі де атсалысты.


