Kyzylorda-news.kz. Бүгін дүниежүзілік «WORLD СLEANUP DAY 2022» тазалық акциясы еліміз бойынша бір уақытта басталды. Ауқымды шара Сыр өңірінде де жалғасты.

Акцияның мақсаты – тазалықты сақтау бойынша кешенді шаралар қабылдау мен «Жасыл» экономика қағидатын қалыптастыру.

Осыған орай, Қызылорда облысында барлық аудандар мен қала тұрғындары сенбілікке шықты.

Арал аудан орталығында тазалық шарасы арнайы бөлініске сәйкес өткізілді. Сенбілік барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов тазалықты ретке келтіру бағытында жасақталған қала аумағын 8 сектор бойынша аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты.

Аудан басшысы жауапты сектор басшыларына әрбір тұрғын үй бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтарды тиісті мекеме арқылы арнайы полигонға төктіру бағытында жүйелі жұмысты үйлестіруді тапсырды. Сондай-ақ аудан әкімі туған қаланы таза ұстау үшін тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ ісі екендігін де жеткізді.

Қала аумағын аралау барысында аудан әкімі Серік Сағитжанұлы сенбілікке үлес қосып жүрген балғындармен тілдесті.

Қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлин есімін иемденген көшенің бүлдіршіндері бірігіп өз аулаларына әрдайым тазалық жұмыстарын жүргізетіндігін айтты. Өз кезегінде аудан басшысы өзгелерге үлгі болып, тазалық мәдениетін сақтап, тұрғын-үй аумағын қоқыстан тазартып жүрген балаларға алғысын білдірді.

Аудан орталығында өткізілген сенбілік шарасына жалпы 800-ге жуық мемлекеттік мекеме қызметкерлері атсалысып, 6 арнайы техника көмегімен жиналған лас-қоқыстар тиісті орындарға шығарылды.

Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Сондықтан, алдағы тазалық шараларына аудан тұрғындарын бірлесе атқаруға шақырамыз.

Аталған сенбілікке Қазалы ауданынының тұрғындары да атсалысты.

Тазалық акциясына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев та қатысып, қазалылықтармен бірге өз үлесін қосты.

Мұхтар Әуесұлы аудан орталығындағы Жанқожа батыр кесенесінің ауласында шабылған шөптерді жинастырып, халық көп жиналатын орынның мұнтаздай таза болуына септігін тигізді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысып жатқан ұжым мүшелеріне алғысын айтып, туған жердің көркеюіне үлес қосқандарға ризашылығын білдірді.

Аудан орталығындағы дербес бөлімдер мен мекеме-кәсіпорын ұжымдары Әйтеке би кентінің шет аймақтары – «Водокачка» елді мекеніне баратын жол, 5 кварталдағы «Қазақ» қорымы мен оңтүстік беткейдегі теміржол өткелінің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде белгіленген аумақтардағы қоқыстар алынып, арам шөптерден тазартылды.

Дәл осындай шаралар Қазалы қаласы мен ауылдық округтерде ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді.

«Birge – taza Qazaqstan» республикалық акциясы аясында аудан орталығында және елді мекендерде санитарлық тазарту және көркейту бойынша сенбілік өтті.

Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.

Тазалық акциясына жалағаштықтар да үлес қосты.

Аудан орталығындағы дербес бөлімдер мен мекеме-кәсіпорын ұжымдары Жалағаш кентінде «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде белгіленген аумақтардағы қоқыстар алынып, ағаштар түптері арамшөптерден тазартылды.

Дәл осындай шаралар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді.

Сенбілікке аудандағы меншік түріне қарамастан барлық мекеме қатысты. Тазарту шарасында әрбір мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көше бойына тазарту жұмыстарын жүргізіп, шөп-шалаңды шауып, қоқыстарды жинауда.

Сонымен қатар бүгін қала тұрғындары да бүкіл халықтық сенбілікке қатысып тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сенбілік барысында қызметкерлер көше бойын арамшөптер мен күл-қоқыстардан арылтып тазарту жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, жыл сайын 19 қыркүйек күні бүкіл әлемде «World cleanup Day» акциясы өтеді. Миллиондаған адам қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шығады.

Тағы да оқыңыз: