2023-2024 оқу жылында Жалағаш ауданының білім саласында айтарлықтай серпін қалыптасты. Оқушылар арасында өткен облыстық түрлі танымдық байқауларға 300-ден астам оқушы қатысып, олардың 46 пайызы жүлдемен оралған. Ал республикалық деңгейде 29 оқушы жүлдегерлер қатарынан табылып отыр. Алғаш өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне 10 оқушы қатысса, олардың алтауы үздік деп танылған. Нәтижесінде республикада аудандағы әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі үздік 10 мектептің құрамына енген. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов осылай деді.

Спикер бұл жетістіктерді жоспарлы жүргізілген жұмыстармен байланыс­тырады. Сондай-ақ ол оқушыларды пәндік олипиадаларға дайындау жұ­мыс­тары да нәтижесін бергенін айтады. 

– Жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша  «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтары базасында жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары, яғни 3 кезең бойынша 96 оқу­шымыз дайындық курстарынан өтті. Пәндік олимпиадаға дайындықты кү­шейту мақсатында  аудандық «Жас дарын» олимпиадалық  резерві мектебі құрылып, 122 оқушы қамтылды. Бұдан бөлек ауданда оқушылар дебаттық қозғалысы жалпыұлттық мәдени бі­лім беру жобасы аясында жүзеге асырылуда, 20 дебат клубы белсенді жұмыс жасауда. Пікірсайыс қозғалысы осы оқу жылында мектептерде  481 оқушыны қамтыды. Ерекше білім бе­руді қажет ететін оқушыларымыз да на­зардан тыс қалмайды. Биыл ал­ғаш рет «Менің қолымнан бәрі де келеді» атты  олимпиада өтті. Олимпиаданың облыстық кезеңіне 3 оқушы қатысып,  ІІ, ІІІ орындардан көрінді, – деді Талғат Құрақбайұлы.

Сала басшысы оқушылардан бө­лек мұғалімдердің де жетістігі көп еке­нін айтады. Мәселен, ҚР Оқу-ағарту ми­нистрлігі ұйымдастырған «Үздік пе­дагог» республикалық конкурсында Сал­танат Қосжанова 3 млн теңге грант иеленген. Өткен жылдың соңында об­лыс әкімдігінің қолдауымен 1 үздік педагогке 1 млн 35 мың теңге сыйақы бе­рілді. Былтыр мектепке дейінгі білім беру, жалпы орта білім беру, әлеу­меттік-педагогикалық қызмет, қо­сым­ша білім беру, техникалық және кә­­сіптік білім беру, дене тәрбиесі және АӘД бағыттары бойынша 40-тан астам облыстық кәсіби байқау өткен. Республикалық кезеңге қатыс­қан 9 педагог 3 номинациямен мара­патталды. 

– Педагог – оқытушы ғана емес, ұлт тәрбиешісі. Педагогтердің шығарма­шы­лығын арттыру мақсатында түрлі кәсіби байқау ұйымдастырылып, жетістікке жеткен ұстаздарды қолдау, педагог мәртебесін жоғарылату бағы­тындағы жұмыстар жалғасын табады, – деді ол.

420 түлек мектеп бітіреді

Ауданның бас ұстазы биыл 420 тү­лек мектеп бітіретінін айтады. Олардың 18-і – «Ал­тын белгіге» үміткер, ал 43 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміт­кер. Сондай-ақ биыл 9 сыныпты тәмам­дайтын 666 оқу­шының 132-сі – «Үздік аттестатқа» үміткер.

Биылғы маусымның тағы бір ерек­шелігі, 27-31 мамыр аралығында 3264 оқушы бірінші рет «Қазақ тілі мен әде­биеті» пәнінен емтихан тапсырады. Емтихан қазақ сыныптарында қазақ тілінен, орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өтеді. Онда 4 дағды, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым бағаланады. Грам­ма­тикалық талдау жасалады. Ем­ти­ханның өтетін күнін мектептің педаго­гикалық кеңесі айқындайды.

Министрлік биыл елдегі ахуалға байланысты мектеп бітіру іс-шаралары болмайтынын мәлімдеген. Артынша бұл шешімін қайта жоққа шығарды. Бірақ ата-аналар тарапынан әлі де күдік басым екен. Оған кешегі бри­фингте анық көз жеткіздік. Онда осыған қатысты сауалды ата-аналар төтесінен қойды. Яғни оқушылардың мектеп бітіру кеші бола ма, болмай ма? Осы сауалға нақты жауап беруін сұраған. 

– ҚР Оқу-ағарту министрлігі тара­пы­нан білім беру ұйымдарындағы мек­теп бітіру іс-шараларын өткізудің тұжырымдамасы бекітілді. 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» 1-11 сы­нып бойынша бірыңғай тәрбие са­ға­ты 9.00-де өткізіледі. Тәрбие сағаты Әнұранмен басталады. Тәр­бие са­ға­тында балалардың жыл бойы білім же­тістіктері мен қоғам­дық белсен­ділік­теріне тоқталу маңыз­ды. Сонымен қатар Отанға деген құрметін арттыру мақсатында патриоттық тақырыпта шығармалар мен өлеңдер оқу, елі­міз­дің тарихи-мәдени ескерткіштері мен Қазақтың батырлары туралы әң­гіме, аңыздардан үзінділер кел­тіру ұсынылады. Сол күні «Мен. Мек­теп. Ұстаз» тақырыбында 9, 11 сынып тү­лектері эссе жазады. Онда өзі­нің оқып шыққан мектебіне ыстық ықыла­сын, ұстазға алғысын біл­ді­реді. Сынып са­ғат­тарында негі­зінен патриотизм, отанды сүю, достық,татулық, ел тари­хына, саяси репрессия мен аштық құрбандарының есіміне құрмет та­ныту сынды ақпараттар айтылатын бо­лады. Оқу жылының қорытынды сал­танатты іс-шарасы 11 сынып оқу­шылары үшін 25 мамырда өтеді. Салтанатты іс-шараның басталу уақы­ты – 8.00. Бірақ 45 минуттан аспауы тиіс. Мектеп ауласында ұйым­дас­ты­рылады. Қатысушылар міндетті түрде мектеп формасында болуы қажет. Барлық білім беру ұйымының бас­шыларына білім бөлімі тарапынан түлектердің ата-аналарымен сәнді киім-кешекке жұмсалатын шығын­дар­дың орынсыздығы туралы түсіндірме жұмыс­тарын жүргізуге, мерекелік дас­­тар­қандарды ұйымдастыруға, жал­ға берілетін автокөліктерді пай­да­лана отырып, қалада, қала сыртында эк­с­кур­сиялар өткізуге жол бермеу жөнінде қатаң түрде тапсырылды, – деді спикер.

Түлектердің 95,4 пайызы

ҰБТ-ға қатысады

Биыл 6-14 мамыр аралығында ҰБТ-ның үшінші кезеңіне өтініштер app.testcenter.kz сайты арқылы қабылданған. Бітірушілер осы тестілеудің қорытын­дысымен берілетін сертификат ар­қылы мемлекеттік грант конкурсына қатысады. ҰБТ 16 мамырдан 5 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеу пункттері Қызылорда қаласында орналасқан.

Талғат Садықов биыл мектеп бітіретін түлектердің 95,4 пайызы ҰБТ-ға қатысатынын айтады. Олар ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Тестілеу уақыты – 4 сағат, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут беріледі. Жоғары балл – 140. Тест тапсырмаларының саны – 120. Қатысушыларға Қазақ­стан тарихы бойынша 20, оқу сауат­тылығынан 10, математикалық сауат­тылықтан 10 және екі бейіндік пәннен 40 тапсырма беріледі.

Спикер білім ошақтарын қажетті құралдармен жарақтау, кабинеттерді арнайы техникалармен қамтамасыз ету бойынша да бірқатар жұмыс атқа­рылғанын айтады. Биыл жергілікті бюджеттен 428 млн 936 мың теңгеге 1 мектеп ғимараты күрделі жөн­деуден өтеді. Білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, ба­ла қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алу­ға биыл жергілікті бюджеттен 28 млн 800 мың теңгеге жуық қаржы бө­лін­­ген. Құрылғылар жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымдарына орна­ластырылады.

Жалпы ауданда 1-10 сынып ара­лығында 6 646 оқушы бар. Бүгінде оның 99 пайызын жазғы тынығумен және еңбекпен қамту жоспарда бар. Бұл шараларға міндетті оқу қорынан  12 млн теңге, демеушілік есебінен 7 млн теңге жұмсалады.

Ауданда жазғы демалысты ұйым­дастыруға 185 педагог, 15 белсенді студент пен еріктілер тартылады. Биыл мек­теп жанынан жұмыс жасайтын жазғы тынығу лагерінде 2 700-ден ас­там бала демалады. Одан бөлек қала сыр­тындағы «Ақтерек» лагерінде 7 ауысымда 560 бала демалса, облыстан тыс жерде орналасқан лагерьлерге 100  бала барады. 

Брифинг соңында спикер БАҚ өкіл­дерінің және ата-аналардың бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады.

Тағы да оқыңыз: