Kyzylorda-news.kz «Нархоз» университетінің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының жетекшісі, социология ғылымдарының докторы Раушан Балтабайқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерімен кездесті.
Басқосу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2025–2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандағы әлеуметтік жұмыс практикасы мен білімін индигенизациялау» ғылыми жобасы шеңберіндегі бірлескен жұмыс аясында ұйымдастырылды.
Аталған жобаға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының жетекшісі Меруерт Әбдуәліқызы бірлескен зерттеуші ретінде қатысады.
Кездесу барысында Раушан Балтабайқызы білім алушыларға «Нархоз» университетіндегі әлеуметтік қызметкерлердің практикалық даярлығы тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте әлеуметтік жұмыс мамандарын даярлау ерекшеліктері, оқу мазмұны және практикалық дайындық мәселелері қамтылды.
Жоба нәтижелерін оқу процесіне енгізу бағытында Меруерт Әбдуәліқызы «Халықты еңбекпен қамтамасыз ету және оны реттеу» пәні аясында еңбекпен қамту проблемаларының әлеуметтік интерпретациясы, аутенттік тәжірибелер және білім беруді индигенизациялау мәселелері бойынша білім алушыларға түсіндірме жүргізді.
