Kyzylorda-news.kz Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келіп, Бестам және Телікөл ауылдық округтеріне газ қосу рәсіміне қатысты. Көгілдір отын пеш жағу машақатынан құтылған ауыл тұрғындарын үлкен қуанышқа бөлеп, әз-Наурыздың игіліктер бастауына айналуына сеп болды.
Бүгінде Шиелі ауданында газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда өңірдегі 40 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газдың игілігін көруде. Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестам ауылдарына газ тарату желілерін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 1 жарым млрд теңге қаржы бөлінген. Өткен жылы Еңбекші, Жиделіарық ауылдарының тұрғындары көгілдір отынға қосылған болатын. Биыл бұл елді мекендердің қатарына Бестам мен Ә.Тәжібаев ауылдары да кіріп отыр. Жақын күндері Алмалы және Досбол датқа ауылдарына көгілдір отын жүргізу жоспарлануда.
Осынау қуанышқа орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімнің алғы сөзін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев алып, ауыл тұрғындары мен қонақтарды ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің, жақсы істердің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Әз-Наурыз – ұлтымыздың ұлы мәдениеті мен бай салт-дәстүрінен бастау алған мәңгілік құндылығымыз, ежелден келе жатқан ұлық мерекеміз. Бұл айда Жер-Ана мен табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігін нығайтатын адам баласының да жан дүниесі жаңарады.
Мерейлі мереке қарсаңында 220-ға жуық отбасы баспаналы болды. Бүгін облыс орталығында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисінің іргетасын қаладық. Міне, қазір өздеріңіздің қатысуларыңызбен Шиелі ауданындағы 2 ауылды көгілдір отынға қосқалы тұрмыз. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы қуаныштарыңызбен құттықтаймын, – деді ол.
Аймақ басшысының сөзінше, Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, маңызды жобалар жүзеге асуда. Экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Қаңтар, ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында алғашқы орынға табан тіреген.
– Облыстың биылғы бюджеті 650 млрд теңгеге жетті. Жыл көлемінде жаңа жобаларды іске асыру, салық түсімін арттыру арқылы аймақ бюджетінің көлемі ұлғаятын болады. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы өзекті мәселелерді шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуда.
Сыр бойылықтардың 98.4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамтуға 5 млрд 400 млн теңге қаражат қаралды. Бұған 14 жаңа жоба жүзеге асырылады. Сол арқылы 2025 жылы облыс халқын толық орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз.
Сондай-ақ қазіргі таңда республика көлемінде облыстық бюджеттен бөлінген 27 млрд теңге қаржыға 300 шақырымға жуық жол жөндеуден өтпек. Бұл көрсеткіш жыл бойында өсетін болады. Өткен жылы 36 млрд теңгеге 674 шақырым жол жөндеуден өткен. Биыл республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген 5 млрд-қа жуық қаржыға 225 шақырым электр желілері мен 50 қосалқы станция қайта жаңғыртылатын болады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бүгінде Қызылорда қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Сыр жағасында шаһар ажарын айшықтайтын зәулім ғимараттар бой түзеуде. Мәселен, өткен жылы 1 млрд 500 млн теңгені құрайтын отбасы орталығы, 1 млрд 700 млн теңге қаржыға «Анаға тағзым» орталығы салынып, бүгінде қарқынды қызмет атқарып келеді.
Бәрімізге мәлім, жақында ғана аймақта 1000 орындық өнер орталығы салтанатты түрде ашылды. Бүгінгі таңда сол жағалауда құны 7 млрд 9 млн теңге тұратын 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүруде. Білім ордасы қыркүйек айында ел игілігіне пайдалануға беріледі. Биыл мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілсе, бұдан бөлек 11 мектептің құрылысы басталып, олар да келесі жылы жұмысын бастайтын болады. Сонымен қатар облыс орталығында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында шығармашылық академиясы, 2 ауданда, оның ішінде Шиелі ауданында оқушылар үйі мен өнер мектептері салынады. Сырдария өзенінің сол жағалауынан құны шамамен 1 млрд 600 млн теңгені құрайтын өлкетану музейі де бой көтермек.
Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 100 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Құны 2 млрд 9 млн теңгені құрайтын қан орталығы медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде өткен жылы 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталған. Жақын арада тағы да 11 жаңа амбулаторияның құрылысы басталып, халыққа берілетін болады. Соның бірнешесі Шиелі ауданында бой көтерді.
Облыс әкімі Шиелі ауданының бүгінгі бюджеті 17 млрд теңгеден асқанын айтып өтті. Қазіргі таңда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында және ұлттық қор есебінен Шиелі кентіндегі электр желілерін конструкциялау, қосалқы станцияларды қайта жаңғырту, Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту жұмыстары бастау алды. Алдағы уақытта республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 1.2 млрд теңгеге Шиелі кентінің 11 көшесі мен Ш.Қодаманов ауылындағы көпір күрделі жөндеуден өтеді.
Сөз соңында Нұрлыбек Машбекұлы көгілдір отынның игілігін көргелі отырған ауыл халқына тілегін білдірді.
– Облысты газдандыру жоспары жылдан жылға артып келеді. Бүгінде барлық аудан орталықтары, 4 қала, 27 елді мекен табиғи газдың игілігін көріп отыр. Биыл 4 млрд теңгеден астам қаржыға аймақта 12 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Осылайша, өңір тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткішін 78 пайызға жеткізбекпіз.
Ауылдарыңызға келген көгілдір отын көптің игілігіне айналып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайларыңызды жақсартуға оң әсер етеді деп есептеймін.
Ардақты ағайын! Ұлыстың ұлы күні елімізге, оның ішінде туған жеріміз Сыр еліне, әрқайсыңыздың отбасыңызға толайым табыстар алып келсін. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге ауызбіршілік пен ырыс-құт, молшылық пен тоқшылық әкелгей. Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем болғай. Халқымыздың келешегі кемел болсын. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді ол.
Ауыл тұрғындарын еңбек ардагері Дайрабай Ысқақов та құттықтап, жақсы істер жалғасын таба берсін деген ниетпен ақ батасын берді.
Жиын барысында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан құрылысшылар мен ауыл ардагерлері облыс әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
«Көгілдір отын» қосу рәсімі әрі қарай Ә.Тәжібаев елді мекенінде жыл басы – Наурыз күніне орай ұйымдастырылған «Наурыз. Қазақстан. Жаңару» атты мерекелік шараға ұласты. Қонақтар Наурыз мейрамына арналған көрмемен танысып, жергілікті өнерпаздардың ән шашуына куә болып, арнайы дайындалған наурыз көжеден ауыз тиді. Думан барысында өткізілген «Ашамайға мінгізу» салты қалың көрерменнің назарын аударды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамыту керегін айтып, ауылдық елді мекендерге жайлы жолдар, қолжетімді байланыс пен интернет, заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары қажет екеніне назар аударған болатын.
Бүгінде аймақ басшысының өнімді жұмысының нәтижесінде аудан орталығы мен Бидайкөл, Жаңатұрмыс, Нартай, Ш.Қодаманов, Алғабас, Ақмая, Еңбекші, Жиделіарық ауылының тұрғындары табиғи газға қосылса, ендігі кезекте Бестам мен Ә.Тәжібаев атындағы ауыл тұрғындары да көгілдір отынның игілігін көретін болады.