Kyzylorda-news.kz Бесарық ауылының тумасы, белгілі өлкетанушы, бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жұмабай Байзақұлы ата-анасы Байзақ Әбубәкірұлы мен Айткүл Өтепқызына құран бағыштап, жиылған халыққа ас берді. Жиынның ашылуында Әбілда Абибуллаев, Әбдімәулен Тоқтыбаев және баспахана директоры Қасымхан Қыдырбаев сөз сөйледі. Ас берумен қатар қазақтың ұлы дәстүрін ұлықтау мақсатында облыстық жыраулар байқауы өткізілді.
Белгілі жырау Марат Сүгірбай тізгінін ұстаған байқауда әр ауданнан келген өнерпаздар жыр орындап, көптің ықыласына бөленді. Жыр байқауының нәтижесі бойынша қазалылық Жанболат Өмірзақов бірінші орын иемденіп, келелі кештің сәулесін жандырды. Жыр додасында өнер көрсеткен Мейірімжан Махамбетжанов пен Дәулетхан Ізбасқан екінші және үшінші орынды иемденді. Ал ынталандыру сыйлығы Ыбырайхан Бауыржан мен Сұлтанбек Нұрасылға бұйырды. Іс-шара барысында Жұмабай Байзақұлының Қоғалыкөл жайында жазылған кітабының тұсаукесері өтті.