Kyzylorda-news.kz Әскери қызмет – біздің егемен мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұтсап тұру – қасиетті борыш қана емес, зор құрмет. Қазақ әскерінде қызмет атқарып, ел алдындағы борышын орындауда ер жігіттерге аса жауапкершілік пен үлкен міндет жүктелетіні хақ. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыз, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыз аманаттаған Отанның тәуелсіздігін қырағы күзету – ең ұлық қызмет дер едік. Туған жерім деп аянбай тер төккен ұлы тұлғалар қазақ елінде жетерлік. Отанды қорғау абыройлы міндет деген ұстаныммен жүретін шиелілік Бексұлтан Төлепбергеновті көпке үлгі етуге болады.
Кейіпкеріміз Пензаартиллериялық-инженерлік институтын бітіріпті. Әскердегі қызметін Шығыс Қазақстан облысының әскери бөлімдерінің бірінде лейтенант болып бастаған. Қазіргі таңда ол мансап сатысы жоғарылап, Абай облысында орналасқан әскери бөлімде майор атағымен Отанға қызмет етуде. Адал еңбегі мен жауынгерлік дайындықтағы жақсы көрсеткіштері үшін ол бірнеше рет медальдармен, төсбелгілермен және алғыс хаттармен марапатталған.
– Елге адал қызмет ету – өз еліңнің патриоты болу. Мемлекетке еңбек етудің ең үлкен дәлелі – адамның өз елін сүйетін азаматы болуынан көрініс табады. Ал патриот дегеніміз кім? Өз ұлтын, тілін, тілін сүйетін, туған тарихы мен ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүрін дәріптейтін, өз ұлтының дамуына барынша үлес қосатын адамды айтамыз. Ал Отанды қорғау – біздің басты борышымыз, – деді Бексұлтан.
Шынында, әскери қызмет елдің басына күн туа қалғандайда жүгінер ең маңызды күш. Бүгінде бейбітшіліктің туы желбіреген мемлекеттердің де әскери күші жағынан бес қаруы сай, төрт құбыласы түгел. Әйткенмен, әскер соғысты күтпейді, тыныштықты күзетіп, елдің есендігін тілейді Отанды қорғау – қасиетті борыш. Шежірелі өлкенің азаматы Бексұлтан да елдің амандығын, қорғап жүрген азаматтардың бірі. Әлбетте, осындай ер азаматтар әрқашан құрметке лайықты деп білеміз.